• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2011

Әйгілі әнді алғаш әуелеткен Қаби Лекеров Қарағандыда тұрады

422 рет
көрсетілді

Қарағандылық әдебиетші ға­лым­дар мен ұстаздар қауымына Қаби Лекеров есімі жақсы таныс. Педагогикалық институтта, одан соң осы ұжымның университетке айналған кезінде ұзақ жыл сабақ берген ол өз ортасына тамаша әншілік қырымен де та­ны­мал болған. Әттең, бұл өнері соғыс өрті киіп кетіп, үзіліп қал­мағанда өрлей түсер ме еді дерсіз. Майданнан жалғыз аяқ­пен оралып, балдаққа сүйенген бір кем дүние үлкен сахнадан оны ерік­сіз алыстатқан-ды. Бірақ жү­рек­ті аттай тулатқан, көңілді алай-түлей толқытқан мұң кей-кейде әнге делебе қоздырып қоятын. Сондайда ақын ұстазы Қабыкен Мұқышев құрбы-заман­дастары, оқытушы­ла­ры алдында оның ән шыр­қауы­на мүмкіндік туғызатын. Әдемі коңыр тенор дауысымен әй­гілі опе­ралардан ариялар мен романс­тарды шалқытқанда бір сергіп, серпіліп қалатын. Сол соғыстан кейінгі жылдар­да, мұғалімдер институтында оқып жүргенінде ұстазы дос ақы­ны Қасымның «Дариға сол қыз» әнін үйренуіне бар ықы­ласпен ынтазар­лық таныт­қан. Сөйтіп, бұл ән түрлі кештерде орындалып жүр­ді. Содан көп ұзамай оны өз құлағымен есту үшін ән иесінің арнайы келе қала­тынын кім білген. Бұл кездесу бүгінге дейін сексен­нің сең­гірін­дегі Қаби ақсақалдың есінде. Ол қалай болған еді? Бұ­рыш­­тағы пиа­ниноға, бөлме төрін­де ілулі тұрған домбыраға қарап қойып, кеудесі сыр сандық қарт төмендегі әңгі­ме­ні бастады. ... Кітапханада едім. «Сені Қабы­кен ағай акт залына шақы­рып жатыр»,– деген хабар жеткен бетте дереу соған бардым. Он­дағы үлкен қара рояль жанын­дағы екі адамның біреуі бейта­ныс болғанымен есіме түсе кетті. Бұдан оншақты жыл бұрын, Алматыдағы № 12 мектептің оқу­шысы кезімде үш-төрт жазу­шы­мен бірге кездесуге келгендердің бірі, яғни ақын Қасым Аманжолов екенін тани кеттім. – Міне, «Дариға сол қыздың» жұлдызын жарқыратушы жігітіміз осы. Сен сияқты бұл да майдангер, – деп ұстазым мені та­ныстырып өткеннен кейін: «Айтып көрсін, тыңдайық», – деді ол бірден. Мұндай оқыс кездесуден, да­йын­дықсыз ән айтудан бойым діріл­деңкіреп, рояль клавиштеріне имене қол тигіздім. Сау­сақ­тарым­ның қимылын бай­қаған ақын: – Бауырымның музыкалық сауаты бар екен ғой. Пианино ойнауға шорқақтар бір сауса­ғымен ғана тықылдатып оты­рып алады, – деді жүзі жады­рай түсіп. Осы жылы лебіз бе, әлде майдандағы бойға біткен ба­тыл­дық әсер етті ме, мен әнді толқусыз бастап кеттім. Ақын ән аяқталған сәтте көзі жасаурап, үнсіз отырып қал­ды. Со­сын орнынан тез кө­те­ріліп, иы­ғыма қолын са­лы­п, арқам­нан қақты да, әннің әр жерінен бірнеше рет қайта­лат­ты. Әсі­­ресе, жауын­гер­дің оқ тиіп, қай­­раты кеміп, жара­лы бо­лып жат­қан тұсын үн-ды­быс өр­­негімен тол­қы­та әуендетуге кө­ңіл бөл­­­­гізді. Ән­нің әлі нотаға түсе қой­мағанын, көр­кем­­дей түсетін тұс­тары бар екенін ескертіп: – Түсініп айтуың, жүрек үні­мен жеткізе білуің ұнайды. Ке­шегі соғысқа қатыс­қандардың әрқайсы­сы­ның өз Дариғасы бол­ды ғой. Сенің де Дариғаң күткен шығар. Лаулаған отта өмірге құш­тарлықты өшір­меген жарық сәулеге арналған жыр ғой бұл, – деп ақын тағы бір рет айтып шығуымды өтінді. «Сапырды дауыл, тебіренді те­ңіз, Тулады толқын, шайқалды шың-құз», – дейтін тармақтарын сәл көтере асқақ әуенмен ерекшелеп айтуымды құптап, әнді өз аузым­нан естігеніне ризалығын сез­дір­геніне еңселеніп, әскери әдет бо­йын­ша алдында балдақ­сыз тіп-тік тұра қалғанымды аң­ғармаппын. Сосын Қабыкен екеуі «Жас қазақпен» салыстыра келіп, ма­ған оның элегия, жоқтау мәнерде шырқалуының өзіндік мәнін түсіндірді. – Төлеген ерлікпен қаза тапса, мына жігіт соғыстан елге аман-есен оралып келе жа­тыр. Сүйгенін іздеп келеді. Табатынына үміті үлкен. Сондықтан өмір­шең рухтағы ән-балла­да десем, болады. Кө­ңі­лімнен шығатындай ай­ту­шылары көріне бас­таған екен. Мына солдат інім, мұңдас бауы­рым да көңілімнен шы­ғып тұр, – деп құша­ғы­на қысқаны қалай ұмытылар. Ән­ге жол ашушыдай болған ға­жа­­йып бір көңіл-күйдің бесігіне тербелгенімді білемін. Алайда мен «Дариға сол қыз­ды» сирек айтатынмын. Ол білгенге нәзік те күрделі, киелі ән ғой. Махаббат та, мейір де, ерлік те бар. Содан да толқыған әуен бояуын Қасекең алдындағыдай жеткізуге деген жауапкершілік әрдайым іркілдіретін. Осынымды білетін Жайық аға Бектұров, әріптесім Қалжан Тұңғышбаев, інім Ебіней Бөкетов сынды азаматтар шабыттың бір шуақты шақтарында қолқалағанда ғана салатынмын. Қарағандыда екінші университет ашылған салтанатта Сәбит Мұқанов жарықтық кімнен құлақтанғанын білмеймін «Дариға сол қызды» айтатын ғалым қайда?» деп жар салғанда аянбай айтқаным да бар. Сон­да­ғы: «Қайран, Қасым-ай» – деген жазушы тебіренісі күні кешегідей құлағымда. Қаби аға әңгімесін аяқтағанда ол кісінің сөзін естісін деп ерте барған немереміз екеуіміз тым-тырыс қалдық. Сезімтал адам емес пе, таяғына сүйеніп, пиани­ноға қарай қозғалды. Баяғыда бір әйел Роза Бағлановадан аяқ ас­тынан ән салып беруін сұраған екен. Әйел­дің бұл өтініші әуелде ұнаңқы­ра­май, сосын екіқабат еке­нін байқап қалған әнші: «Әйт­се де бұл өзі бір кісінің емес, екі адамның өтініші екен ғой», дейтініндей іштегі тілеуді ұққан болар, «Дариғаны» айт­ты. Ғажап, әлгіндегі қалжыраңқы жан әп-сәтте жасарып кеткендей жайнап сала берді. Бүгінде облыста Қасым Аман­жоловтың 100 жылдық ме­рей­то­йы­на қызу әзірлік жүргі­зіліп жа­тыр. Жан-жақтан шақы­ры­лушы­лар көп. Неге екені белгісіз, сол көп­тің ішінде Қаби Лекеров ақса­қал жоқ. Қарап отыр­сақ, ақынның көзін көрген­дер қатарында Қара­ған­дыда осы кісі ғана қалған екен. «Да­риғасын» алғаш әуелеткен адам да осы Қабекең. Соны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Расын айт­қанда, білмейді. Мүмкін енді білер. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.