• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2011

Бішкек Манас атана ма?

370 рет
көрсетілді

Германия Еуропаны сүйреп шыға ала ма? Шамамен 260 миллиард еуродай қаржы жұмсалған Грекия экономикасын құтқару жөніндегі опера­ция­ның бар болғаны Еуропада жалғасып жатқан дағ­дарыс­тың жекелеген көрінісі ғана болуы мүмкін. Келесі кезекте Ирландия немесе Португалия сияқты ша­ғын елдер ғана емес, сонымен бірге Испания, Италия бәлкім, тіпті Франция сияқты Еуроодақтың ірі экономика­лары­ның да тұруы мүмкін. РИА-Новости агенттігі ұйымдас­тырған Мәскеу – Берлин телекөпірінде сарапшылар пробле­ма­ны шешудің әмбебап тәсілдерінің жоқ екенін мойындады. ЕО елдері, бірінші кезекте Германия Грекия экономикасына үсті-үстіне ақша жұмсауда. Сонымен бірге Германияның бүкіл Еуропаны сүйреп шыға алмайтыны да белгілі болып отыр. Армия Каирдің бас алаңын тазартуда Елдің экс-президенті Хосни Муба­рак­қа сот процесі басталар алдында армия мен полиция қаланың орталық алаңын ереуілшілерден тазартты, деп жазады La Stampa газеті. Бронды әскери автомобильдер мен по­лиция бөлімдері күш көрсету акция­сын өткізу барысында Тахрир алаңын ереуілшілерден босатты. Өкіметтің күтпеген іс-әрекеті жүздеген белсенділер тарапынан қатаң наразылық туғызып, олар тәртіп сақшыларына тас атқылады, деп жазады жоғарыда аталған басылым. Операция барысында әскерилер аспанға оқ атып, полиция болса, қарсылық білдіргендерге резеңке дүре қолданып, құрылған шатырларды құлатып тастаған. Атом электр стансалары жабылмақшы Германия президенті Кристиан Вульф елде 2022 жылға қарай барлық АЭС-тердің жұмыс істеуін тоқтататындығы туралы заңды бекітті. Мемлекет басшысы әкімшілігінің хабарлауынша, президент заң жобасымен мұқият танысып, оның елдің конституциясына қайшы келмейтініне көз жеткізген. Заң таяу күндері күшіне енуге тиіс. Ол 1980 жылға дейін салынған 8 АЭС-ті шұғыл түрде жабуды қарастырады. Қалған 9 реактор 2015 жылдан бастап 2022 жылға дейін біртіндеп жабылатын болады. Маусым-шілде айларында заң жобасын ГФР парламентінің екі палатасы да бекіткен болатын. Босқындар бүліншілік ұйымдастырды Африкадан шыққан босқындар осы елде тұруға қажетті құжаттардың тым баяу берілетініне наразылық ретінде Италияда көтеріліс ұйымдастырды. Бари қаласында бұрқ ете қалған тәртіпсіздіктерге бос­қын­дарға арналған орталықта елде тұру үшін құжат алу кезегін күтіп жатқан иммигранттар түгелге дерлік қатысқан көрінеді. Жүздеген адам қала сыртындағы айналма жолға шы­ғып, автокөліктер қозғалысын толықтай жауып таста­ған. Мигранттар автомобиль доңғалақтарын, қоқыс сала­тын жәшік­терді өртеген. Көтерілісшілер қалаға алғаш келген полиция отрядына тас лақтырып, одан кейін келгендерді шабуылмен басып алып, екі әйелді кепілдікке алған көрінеді. Франция ливиялық оппозицияны қаржыландыруда Париж Муамар Каддафи мен оның айналасындағылардың тыйым са­лын­ған есеп-шотындағы 259 миллион дол­ларды Ливия оппозициясына берген. Франция СІМ өкілдері ақша гумани­тарлық мұқтаждарға жұмсалады дегенді айтуда. Дегенмен батыстық сарапшылар қаржының бір бөлігінің қару-жараққа жұмсалатынын да жоққа шығармай отыр. Өкінішке қарай, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айының басында да Таяу Шығыста тыныштық орнай қойған жоқ. Жақында Каддафиге жақтас әскери бөлімдер Джош елді мекенін оппозиционерлерден кері қайтарып алған. Бішкек Манас  атана ма? Қырғызстанда елдің астанасы Бішкекті Манас деп атауға қолдау көрсету жөнінен қол жинау науқаны басталды. «Живи Кыргызстан» партиясының жетекшісі Токтоим Уметалиевтің хабарлауынша, 1 қыркүйекке дейін 10 мың қол жинау жоспарланып отыр. Қала 1991 жылдан бері Бішкек деген атауға ие. Дегенмен, әуе диспетчерлері әуежай­дың ресми атауының Манас екеніне қарамастан, әлі күнге дейін тиісінше FRU кодын пайдаланып келеді. Сол сияқты Қырғызстандағы америкалық әскери база да Манас деп аталады. Келімсектер орыс тілін білуі тиіс Ресейге келетін шетелдік жұмысшылар орыс тілін білетіндігін дәлелдейтін емтихан тапсыруы тиіс. Федералдық миграциялық қызмет басшысы Константин Ромодановский осындай бастама көтерді. Ол мұндай қадамның қажеттілігін бірнеше себептермен түсіндіреді. Біріншіден, ол гастарбайтерлердің өздерін алданып қалудан қорғау үшін қажет. Екіншіден, әлеуметтік тұрақтылық жайын да ойлаған жөн. Өйткені, «өз» жұмыс орындарында орысша білмейтін бөгде адамдарды көру жергілікті жұмыссыздарға өте жағымсыз әсер етпек. Телефондарды тыңдауға рұқсат етіледі Чехияда жергілікті БАҚ-тарға сая­сат­керлердің телефондарын жасы­рын тың­дау арқылы алынған ақпа­рат­ты жария­лау­­ға рұқсат беретін цензура туралы заң­ға енгізілген жаңа тү­зетулер күшіне енді. Бірақ, заңгерлердің атап көрсетуінше, тек «қоғам мүддесіне қызмет ететін» мә­ліметтерді ғана жариялауға болады. Мәсе­лен, кез келген жолмен алынған сыбайлас жемқорлық және басқа да қыл­мыстар туралы ақпаратты жариялауға рұқсат етіледі. Тек осындай жағдайда ғана журналистердің «құпия ақпа­рат­ты таратты» деген жазалаулардан қауіптенбеуіне болады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.