• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2011

Жансеріктің күміс медалі жастар арасындағы әлем чемпионатының жалғыз жүлдесі болды

417 рет
көрсетілді

Жақында Румыния астанасы – Бухарест қаласында грек-рим кү­ресі­нен жастар арасындағы әлем чемпионаты болып өтті. Оған 47 елден 370 жас балуан қатысты. Осынау дүбірлі додаға біздің елімізден жастар командасының бас бапкері Н. Дүйсенов бастаған 50; 55; 60; 66; 74; 84 және 120 кг салмақ дәрежесіндегі жеті сайып­қыран ат­тан­ған болатын. Өкініш­ке қарай, жеті батырдың біреуі ғана финал­дық бәсекеге жолдама алып, күміс ме­даль иегерінің тұғы­рына көтерілді. Келешегінен көп үміт күттіріп жүрген жас балуан Жансерік Сәр­сен­биев боз кілем үстінде бел­дес­келі бері жақсы нәтиже­лер­ге қол жеткізіп келеді. Соңғы жетістігін ғана айтсақ, өткен жы­лы ­ол жастар арасындағы Қазақ­стан жә­не Азия чемпионат­тары­ның жеңім­пазы атан­­ды. Қазақ­стан чемпио­натының 50 кг сал­мақ дәре­же­сін­дегі биылғы жеңім­пазы да өзі бол­ды. Енді, міне, ол ел жанкүйер­лері­нен жырақ Еуропада өт­кен әлем чем­пиона­ты­нан кү­міс жүл­де­мен ора­лып отыр. Елі­міз­дегі грек-рим кү­ресі ше­берлері­нің соң­ғы жыл­­­дары беделді бә­­се­ке­лер­­ден ол­жасыз ора­лып жү­р­генін ескерсек, бағалай білетін спорт бас­шы­лары үшін оның бұл жетістігі аз сыбаға емес. Тараз топырағына табаны тие са­лы­сымен Жансерікті күміс медалімен құттықтап, Бухаресте өткен бәсеке ба­рысының жай-жапсарын сұрағанбыз. – Алғашқы белдесуде түрік ба­л­уа­н­ын жеңдім. Одан кейін Израиль елі­нің балуанын қапы қалдырдым. Үшін­ші қарсыласым қырғыз екен, оның да жауырыны жер иіскеді. Фи­налдық белдесуде тап келген әзер­байжан елінің балуаны жеңі­луге таян­­ғанын сезді ме, күресудің ор­ны­на мені басымен соғып жіберді. Әри­не, жауап ретінде оған менің де қо­лым «тиіп» кетті. Осы кезде оның ме­ні баспен ұрғанын «бай­қамай» қал­ған төреші, мұрнын басып, ойбайлап отыра кеткен әзер­бай­жан­дық балуанға жеңісті беріп жіберді, – деді Жансерік ағынан жарылып. Жансеріктің жеке бапкері Нұр­­лан Үдербаев та шәкірті тара­пынан сабырлылық жетіспегеніне налы­ғандай болды. – Жансерік – талантты балуан. Егер ол Бухарест боз кілеміндегі финалдық белдесуде қыз­балыққа салынбай, сабыр еткенде жастар арасындағы әлем чем­пионатының алтын медалі қо­лын­да тұр еді. «Ештен, кеш жақсы» демей ме, бұл кемшілігін ол енді ересектер ко­ман­дасында қайталамайтын бола­ды деп сенемін, – деді ол. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.