Қаның қалай қайнамас?!
«Қыз Жібек» фильмі еске түсе береді. Төлеген әкесінен қолдау таппай, сарбаздарын бастап жауға қарсы тұра алмай, өзі жалғыз қайтып келе жатады ғой. Жолда Бекежанмен табысады. Сөйткен кезде жоңғардың қолы жер астынан шыға келгендей болып, қырғын шайқас басталып кетеді. Есірген жау сонда туды ала қашпай ма? Төлеген тұра қумай ма? Байрақты тартып алып, мәз-мейрам болып келе жатқанында өтірік өлген жоңғар Төлегеннің атын атып құлатпай ма? Борпылдақ топыраққа ат-матымен аунап түскен Төлеген сонда туды тік көтеріп, жанарынан от шашып тұрмай ма?! Бейбіт күнде мемлекеттік рәмізді қадірлей алмай жүрген мына заманда көз алдымызға осы көрініс қайта-қайта келе береді.
Туға құр шүберек деп қарайтындардың қатары сиремей тұр. Кейінгі күндердің бедерінде қыран бүркіт бедерленген басты нышанға енжар қараудың түрлі көріністерін көзіміз көріп-ақ жүр. Талдықорғанда шыршаны безендіретін ойыншықтарды салатын қапшық қылды қайбір жылы. Жамбылда бір колледждің студенттері туыңызбен көшедегі түскен жапырақты тасыды. Сол аймақтағы кедендік бекетте байрақ төңкеріліп ілініп тұрды. Кімнің миы жеткенін қайдам, футбол добына ту салғанды да көрдік. Осы күні мұндай кері үрдіс көп байқалатын болды. Қалай тоқтау саламыз?
Сенбі күні тойға бардық. «Алтын дәстүр» деген мейрамханаға. Аты жақсы осы мейрамхананың заты дұрыс болмай шықты. Бір қауым ел сыртта тұр едік. Анадай жерде бұрқ-сарқ қайнаған қазанның қасында көгереңдеп бір нәрсе көрінді. Алғашқысында мән бермедік. Артынан не нәрсе екен деп анықтап қарағанымызда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Газ баллонның сыртын тумен орап қойыпты?! О, масқара! Төбеңде тұратын ту қазан-ошақ қасында... Жаның ауыра ма, жоқ па?
«Алтын дәстүр» деген мейрамхана ешбір дәстүріңді менсінбейтінін, туыңның өзін қадірлемейтінін анық көрсетті. Әрі-беріден соң мейрамхананың төбесінде ту ілініп тұруына рұқсат жоқ. Ол тек мемлекеттік мекемелердің маңдайында жарқырап тұруы керек. Ал олар газ баллонды орап тастаған.
Айтарға сөз жоқ. Елбасының өзі тізесін бүгіп, басын иіп сүйетін туыңыздың Сыр бойындағы сиқы осындай. Білместікпен істеді дегенге сенгің-ақ келеді. Бірақ ниеті түзу адам туды олай қорламаса керек еді. Мына көріністі көргенде: «Қазақтың қазақ қаны қайда кеткен?» деген зілдей сауал мида тұрып алды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда.