• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2010

ЕРЕКШЕ ЕЛ

4287 рет
көрсетілді

Еліміздің дәйім әлем наза­рында тұ­ратындығы көз қуантып, көңіл сүй­сін­теді. Жылдың алғаш­қы жұмыс күнінде бізге Сыртқы істер министр­лігінен жолданған мына мақала соның бір айғағы. Америка Құрама Штат­тарының Қазақстан Респуб­лика­сын­дағы Елшісі қызметін бірнеше жыл же­місті атқарған­дығымен ел халқы­ның есінде қалған қайраткер – Джон Ордвей өткен жылдың соң­ғы айында “Еуропа 2001” жур­налында жа­рия­ланған мақала­сын­да Қазақ­стан­ның өз өмірінде алар орны жө­нінде ой тол­ғайды. Жақында ойлап отырсам, газеттер Қазақ­стан туралы күн сайын дерлік жазып жатады екен. Кейде мақалалар “Астана, Қазақстанның жаңа елордасы” деген сияқты тақырыптармен шы­ғады. Кейде елдің оңтүстік астанасы Алма­ты туралы жазады. Мұнайдың мол қоры, ЕҚЫҰ-ға төрағалық, адам құқын қорғау, көпэтносты жұртшылық және діни төзімділік – бұл мемлекеттің мәселелерін қозғайтын та­қы­рыптардың толық емес тізбегі осылай болып келеді. Тақырыбы қалай қойылса да, не жайында айтылса да, Қазақстан туралы еске алған мақаланың қай қайсысы да жарқын әсер­лер мен естеліктердің тұтас бір легін туын­да­тады, оларды мен қазір де көз алдыма елестетіп отырмын. Қазақстан – ерекше ел. Бұл елдің жер аумағы Батыс Еуропа аумағына жақындап қа­ла­ды, ал халқының саны небәрі он бес мил­лион. Мұнда таулы шыңдар, ағынды өзендер, асау сарқырамалар, мұздықтар мен биік тау­да­ғы жайлаулар бар. Мұнда шет-шексіз дала, со­нау көкжиекке дейін созылып жататын қырқалар мен жасыл шабындықтар бар. Мұн­дағы жердің күн көзінен кеуіп, қурап кететіні сондай, қыста кейде суық қырық градусқа дейін жететін, ал жазда, керісінше, қырық гра­дустық аптап ыстық болатын бұл өлкеде тірі жәндік атаулының бәрі бірдей жанын сақтап қала алмайды. Бұл жерді жаратқан ие көмірсутектің бай кеніштерімен, көмірден алтынға, платинадан уранға дейін бәрін дерлік қамтитын минерал­дық ресурстармен жарылқаған, кейбіреулер оның өзіндік ауыртпалығы да бар деп санайды. Қазақстан – бидайдың ірі өндірушісі әрі сыртқа шығарушысы. Бір заманда Ұлы Жібек жолы өткен территорияда, батыс пен шы­ғыс­тың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұ­сын­да орналасқан ел Еуропаны, Азияны, Таяу Шы­ғысты әуе жолдарымен, жер үсті жолдары­мен байланыстырып жатыр. Екінші жағынан, таулар мен далалар, Қазақстанның кең байтақ кеңістігі елді басқа елдердің дамыған базарлары мен инфрақұрылымдарынан алыстатып тұрады, бұл арада теңіздер мен мұхиттарға тікелей шы­ғудың мүмкіндігі жоқ екенін айтпай-ақ қояйық. Қазақстанның ерекшелігі жер бедерінің және табиғат жағдайларының мейлінше сан-қырлылығымен ғана бітпейді. Елдің халқы да сондай санқырлы. Тарихи тағдыр солай қа­лып­тасқандықтан, қазіргі қазақтардың ата-ба­ба­лары жақсы жер, малға жайлы жайылым іздеп бүкіл даланы шарлап, көшіп-қонып жүрген. Бұрынғы көне дәстүрлердің көпшілігі бүгін­гі күнге дейін сақталғанымен, елде қазір оты­рық­шы өмір салты орныққан. Халықтың әл-ауқа­тының өсуі және бүгінгі экономикаға қа­жет­тілік елді мекендер мен қалалардың дамуын талап етті. Көптеген қазақстандықтардың табы­сы әлі де ауыл шаруашылығына тәуелді бол­ға­нымен, бүгінде олар өздерінің аталары мен бабалары туып-өскен жерден тым алысқа кетуге мәжбүр емес. Қазақстан қалалары адам айтса нанғысыз қарқынмен дамуда. Жаһандық экономикалық дағдарыс Орталық Азияға да әсер етуде, әй­теуір, бері қойғанда бүкіл өңірдің даму қарқыны бәсеңдегені анық. Мен Алматы және Астана қалаларында төрт жыл бойы  дипломатиялық қызметті ат­қа­ру бақытына ие болдым. Жұрттың көбі бі­ле­тініндей, Алматы Іле Алатауының бау­райын­да орналасқан, жасыл гүлзарлы, инфрақұры­лы­мы дамыған, саябақтары, ресторандары мен дәмханалары мол, тарихы бай қала. Бұл пікір­мен келіспеу қиын. Сонымен бірге, уақыт өте келе қала да өзгеріп барады, оны тау бөктерін өрлей салынған өркешті жекежайларға бір қарағанда-ақ байқайсыз, олар америкалықтар McMansіons дейтінге өте ұқсас. Одан сәл тө­меніректе офистер, сауда орталықтары және бүкіл Орталық Азиядағы ең зәулім үйлер ор­наласқан. Қала көшелері қай кезде де көлікке толы, ал ертелі-кештегі жұрт жұмысқа баратын, жұмыстан қайтатын кездегі кептелектер тек түнге қарай азаяды. Казинолардың қаладан шығарылғанына қа­ра­мастан, түнгі өмір әлі де бұрынғыдай толық­қанды әрі сан түрлі. Алматыда неше түр­лі күтпеген жағдайлар аяқ басқан сайын  дер­лік кездесіп тұрады. Мысалы, менің үйімнің жанындағы ұйғыр дәм­ха­налары. Казактар тұр­ғызған ескі ағаш үй­лер. Бірде-бір шегесіз орнатылған, өте әсем безендірілген пра­во­сла­виелік Святовознесенск соборы. Біздің елшілі­гі­мізден онша алыс емес жердегі мұсылман бейі­ті. Қала сыртындағы үйіміздің алдынан таң­ер­тең-кешке сиырлар табыны өтіп жататын. Тоғандар мен арықтар, гүлмен көмкерілген алаңқайлар, қалың то­ғайлар сейіл құруға, барбекю дайындауға таптырмайтын жерлер. 2006 жылы біз әйе­ліміз екеуміз заттары­мызды тиеп, итімізді са­лып алдық та екі күндік сапарға шығып кеттік. Солтүстікке қа­рай 1200 шақырым жол жүріп Астанаға жеттік, ол қала 1998 жылдан бері Қазақстанның жаңа елордасына ай­налған еді. Астананы ауыстыру қыруар қаржы мен көп уақытты қажет етті. Шет­елдік дип­ломатия­лық миссиялар Астана­ға бірте-бірте ауысты, Америка елшілігі жаңа елордаға қоныс аударғандардың ең соңғысы болған жоқ. Маған Алматыда жұмыс істеу сондай ұнай­тын, мына көшуге де сондай қуандым. Мем­лекеттік мекемелердің барлығы Астанаға қоныс тебе бастаған шақта мен Қазақстандағы жұмы­сымның алғашқы екі жылында әр апта сайын дерлік ол жаққа ұшып барып тұратынмын, сондықтан да қаланы жап-жақсы білетінмін. 19-шы ғасырда негізі қаланған бұл қала талай рет өзгертілген – елорданың архи­тек­ту­ра­сы сол дәуірлердің бәрінен де хабар береді. Ол кезеңде өмір сүрген көпестер мен сауда­гер­лердің тұрған бірнеше үйлері қазір де сақталып қалған, мысалы, Украина елшілігі – қаладағы ең ескі ғимарат. Кеңестік кезеңде шағын провинциялық қалашық бірте-бірте өсіп, өзгере бастады. Қала­ның ескі бөлігінде 1930-шы жылдарда жұмыс­шы жатақханалары үлгісімен салынған жатаған үйлер әлі де кездеседі. 1950-ші жылдарда ең елеулі өзгерістер болды, Никита Хрущев тың игеруді бастады, осы арқылы ол солтүстік Қазақстанның бұрын түрен тимеген даласын алып бидай алқабына айналдыруға бел шеше кірісті. Ақмола атауы Целиноград деп өзгер­тілді. Сол кезде тұрғын үйлер­дің, әкімшілік ғима­раттардың, темір жол­дың құрылысы қарқынды жүрді. Ол ғимараттарды бүгінгі Астананың әр жер-әр жерінен әлі де көріп қалуға болады, кейде олар кейін тұр­ғызылған сәнді үйлердің ара-ара­сы­нан қылаң береді. Қаланың тұрғын хал­қы сол кезде тез өсіп, әртүрлі бола түс­кен, өйткені, Ке­ңес өкіметінің ша­қы­руы бойынша мұнда орыстар, украиндар, немістер, басқа да этностардың өкілдері көптеп келген. Алайда, қала өміріндегі ең түбегейлі өзгерістер астананы Алматыдан Целиноградқа (1992 жылдан бері қала қайтадан Ақмола атанған) ауыстырумен, атын Астана деп өзгертумен байланысты болды. Одан бері қаланың халқы бірнеше есе өсті, үкімет мекемелерінің жаңа ғимараттарын, офистер мен тұрғын үйлерді күні-түні, шаршамай-талмай салған құрылысшылар осы жаққа ағылды. Астана Есілдің арғы жағына қарай өсіп кетті, енді өзен қаланы ескі және жаңа бөлікке бөлетін болды. Жаңа қала негізінен ұзыннан-ұзақ созылған орталық ось немесе Вашингтондағы Ұлттық Молл (орталық бөлігі) қағидатын еске салатын саяжол бойынша салынды. Саяжолдың орталығында “Бәйтерек” деген тамаша мұнара бар, ол қаланың жаңа символы әрі құс ұшатын биіктен астананың өзін де, сонау көкжиекке дейін созылып жататын даланы да тамашалауға мүмкіндік береді. Айтқандай, мен Астанада өте суық екенін әлі еске салған жоқпын ғой деймін? Шынында да, қала әлемдегі ең суық астана атағына Ұлан-Батор мен Оттавамен қатар таласа алады. Менің Астанада қаңтар айында сезінген ең суық температурам – Цельсий бойынша 43 градус аяз. Елордада қыста мұз қалашықтар тұрғызады, оның қабырғалары, әртүрлі конструкциялары мен мүсіндері мұз кесектерінен қаланған. Көшедегі мұзойнақтар, оның бірі “Бәйтеректің” жанында, мұз боп қатқан өзен үстінде сырғанау тұрғындарға сондай ұнайды. Одан кейін көктем келеді, алайда қыстың ұзаққа созылуы да мүмкін – менде бір фотография бар, онда биіктігі бір метрлік күртік қар бейнеленген, ал сурет сәуірде түсірілген еді! Әйтсе де, Астананың жазы ыстық әрі әдемі. Парктер мен саябақтар сан түрлі әсем гүлдерге оранады. Базарлардың сөрелері қызанақтардан, қиярлардан, басқа да жеміс-жидектерден, көкөністерден қайысып тұрады. Астана, Чикаго сияқты, жер өтінде тұрған қала екенін айта кету керек. Қатты желден қыста күн өте суық, аязды болатыны рас, бірақ астана тұрғындарына ғажайып таза ауаны жеткізіп тұратын да сол жел. Алматыда жел таза ауаны тауларға қарай айдайды, содан барып қаладағы ауа бұлыңғырланып кетеді. Астана да, Алматы сияқты, қаланы жылыту, электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін көмірді пайдаланғанымен, мұндағы жел ауаны айдап әкетеді де, қала тұрғындары қашанда таза ауамен дем алады. Кеңес одағы тарағалы бергі жиырма жылға жуық уақыттың ішінде Қазақстан реформала­рын жалғастырып, жаңа, осы заманғы мем­лекет құру ісіндегі жаңғыртуларын жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттің экономикалық құрылымын және халықтың менталитетін өзгерту оңай міндет емес. Тегі, бұл міндет те жүзеге асатын  сияқты. Өкінішке орай, елдің коммунистік кезеңдегі өткен белесінің қалдырған тыртықтары әлі жазылған жоқ. Оның бір дәлелі – Семей полигоны, мен сонда барып, кеңестік ядролық қарудың алғашқы жарылысы болған жерді көрдім, сол сынақтардың радиациясы қазір де жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсер етуде. Осындай проблемалардың тағы бірі Арал теңізіне қатысты, ол жерде алып ауқымды экологиялық апат орын алған, бір кезде толқыны тулаған өңірде қазір кеуіп, кеберсіген жер жатыр. Әйтсе де, бұл мәселеде де үміт жоқ емес, өйткені Қазақстан Бүкіләлемдік банкпен бірлесе отырып, тым болмаса теңіздің солтүстік жақ беткейін құтқарып, қалпына келтіру жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Арал толған сайын балық та қайтып келуде, мұндағы тұрғылықты халықтың негізгі бөлігі балық аулаумен күн көріп келген. Артық айқайсыз-ақ атқарылып жатқан ірі іс – Арал теңізінің қайта жандануының бейнелік мәні бар, бұл іс елеулі ілгерілеу мен Қазақстанның жарқын болашағына деген негізді үмітті  айқын көрсетеді. Джон ОРДВЕЙ, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі.