Елбасының жыл сайынғы жолдауларын тоғыз жолдың торабына орналасқан қараойлықтар ерекше ынтамен қабылдайды. Биылғы құнды құжатта елді мекендерді әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне назар аударылғаны белгілі. Осы орайда олар жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, халықты сапалы ауыз сумен қамту жайы нақтыланғанын білгенде шын қуанған екен. Бұл тегін болмапты. Жағымды жаңалық қатарында Іле ауданы Қараой ауылында 50 жылдан бері жөндеу көрмеген су жүйелері жаңартылып, ауыз су мәселесі толық шешімін табатындығы да бар.
– Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялауда кең көлемді жұмыстар басталғаны белгілі. Бағдарлама өңірде де қолға алынды. Бұған дейін ауыл тұрғындары инвестиция күтпей-ақ арнайы жоспар жасап, жұмыс жүргізген болатын. Қараойлықтар өз күштерімен ауылдың тұрғын үй-коммуналдық саласын жетілдіру мақсатында жаңа жобаны іске асыруды бастап кетті, – дейді ауылдық округ әкімі Виктор Поротиков.
Әрі-бері өткен сайын осы ауылдағы жұмыстың жүйелілігі назарға бірден ілінеді. Орталықтандырылған газ жүйесі тартылып, жарықтандырылған. Асфальт төселген. Жасыл желекпен көмкерілген көшелері ауылдың көркін аша түсуде. Халықтың тірлігі де түзелген. Осы мекендегі коммуналдық мәселелерді шешумен құрылғанына 15 жыл болған «Қараой су» өндірістік кооперативі айналысуда. Осылайша кооператив осындағы стратегиялық маңызды нысан – сумен қамтуды толықтай назарға алған. Бүгінде елді мекен тұрғындарын сумен қамтамасыз етуде 4 ұңғыма жұмыс істесе, жақын арада тағы біреуін іске қосу үшін жұмыс қарбалас жүргізілуде.
Ауыл кеңейіп, жаңа үйлер салынып, жаңа көшелер бой көтеріп жатыр. Халық санының үздіксіз өсуіне орай мемлекеттен 380 млн. теңге қаржы бөлініп, екі жылдан бері жаңа скважиналар іске қосылып, бағдарлама байыпты жүзеге асуда. Енді аз күнде су құбыры іске қосылады, дейді кооперативтің бас инженері Ерназар Жәлімбеков.
Жақсы өмір, жайлы мекенді қалаған халыққа билік те осылайша жанашырлық көрсетуде. Ауыл әкімі, белсенділер бірлесіп, аймақтық модернизациялау жобасын жүзеге асыруға осылай кірісіп, атқарылатын жұмыс жоспары да құрылған. Бүгінгі күні Қараой ауылдық округінде жаңарту жұмыстары жедел жүргізіліп, жыл сайын 600 метр су жүйесін ауыстыру көзделсе, бөлінген қаржы тиімді пайдаланылуда.
Тозығы жеткен, жаңартуды қажет ететін 27 шақырым су жолы бар. Міне, биылғы жылы су жүйелерін қалпына келтіру басталса, 12 шақырымға жуық су құбырлары ауыстырылады.
Ауыз сумен қатар шаруалардың егістік алқаптарына су жеткізуге де назар аударылған. Суармалы егістіктерді үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін биыл арық қазылды. Күздік және жаздық дақылдар жайқалып тұр. Бұған шаруалар да риза. Жаңа каналдың құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.