Жыланды тауының құт-қойнау омырауына қос-қатар орналасқан Қошқарбай мен Кеңөткелге жолы түскен кісінің табиғат сұлулығына, тұрғындарының ұйыған ынтымағы мен жарасымды тіршілігіне сүйсінбей кетуі мүмкін емес. Кешегі-бүгінгі тәлім тарихы қатар өрбіген Қошқарбайда дүйім жұртты аузына қаратқан атақты Дүйсен би Есенкелдіұлы, Кеңөткелде бал үнді Балқадиша дүниеге келген. Ауылды жағалай жүгірген қайыңдар керімсалдың үлпілдегіне орамалын желпілдетіп үн қосқанда, қалың қорған қарағайлар қабағын ашып-жауып теңселгенде құлаққа Ақан серінің назды да сазды, әсемқоңыр әні жетіп, жандүниең желпініске түседі. Қос аққудай таранған егіз ауылдардың ізгілікке із ашар ниеті мен пейілі қасиетті Түркістанда жерленген би бабаның ақ батасымен өркен ұзартса, бүгіндері 104 жасты жағалатқан Құдайберген Құсайыновтың тәбәрік тілектері әр көкіректі өрге сүйреп жатқандай толқисың. Әзиз жазушылар Жанайдар Мусин мен Мәди Хасенов көзі тірісінде осының бәрін тебіреніс тізбесіне енгізген. «Әттең» дейсің! Бүгінгінің жыры бөлек шығып тұр ғой...
Жырдың басты бұрмасы мен екпіні – еңбек. Кеңөткелдің шаруасын Дулат Тілеуов бастаған жігіттер дөңгелентіп отырса, Қошқарбайда Қайыркен Хасеновтің жаңашыл қадамдарына қол соғасың. Ел газеті «Егемен Қазақстан» барын салғанымен, жақсылықтың бәрін жариялауға орын таба алмай жататыны бар. Осыған да қуанасың. Біз де барынша ықшам жазуға талпынып, Қошқарбайдағы «Шоққарағай» шаруа қожалығының қадамдарынан үлгі тартпақпыз.
Сәрсенбінің ала таңында ауылға республикалық басылымдардың 12 журналисі сау ете қалдық. Жолбасшымыз агроөндірісті несиелендірудің республикалық «Сыбаға» бағдарламасының үйлестірушілері. Сапар мақсаты да онша жетісіп тұрған жоқ. Қожалыққа жыл басында берілген қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын байқастау. Қанша сыпайылағаныңмен, астарында тексеріс жатыр ғой. Бірақ, Қайыркен қонақтарын ашық-жарқын, жадыраңқы көңілмен қарсы алды. Оған негіз бар сияқты. Табиғатынан салмақты жігіт артық әңгімеге бармағанымен, «Шоққарағайдың» шоқтығы биіктігін сезіп тұрмыз.
Осыдан он бес жыл бұрын әжептәуір дәрежедегі шенеунік санатындағы Қайыркен Хасенов ауылға оралды. Бұл бір қиын-қыстау кезең еді. Дағдарыс қыспағындағы Қошқарбайдың қабағы түсіңкіреп, оның үстіне Жыландының етегін өрт шалып, жүдеп қалған. Түсіне жиі енетін Мәди ағасы да «мұның қалай?» дейтіндей. Жас маман жанын салды. Іштен де, сырттан да қолдаған ниеттестері көтеріп кетті. Осы 15 жылда 26 жаңа үй, заманалық мектеп, еңселі мешіт, наубайхана мен дүкен, көптеген қора-қопсы салынды. Ауылдастарға жұмыс табылып, аузы аққа жарыды.
Қайыркен 2006 жылы «Шоққарағай» атауындағы шаруа қожалығын құрған екен. Мұның себебін өзі ашып айтпағанымен, бұрынғы инвесторлар ауқаттанған ауылдың дәулетіне көз аларта бастаған әдет шығарғанын түсініп тұрмыз. Тәжірибелі басшы жұмысқа құлшына кірісіп, өз арбасын тиімді әрі еркін сүйрей білді. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруды мақсат санайтын ол 1000 гектар егістікті күтіп-баптаумен шектелмей, еттік және сүттік бағыттағы мал шаруашылығын дамытуды көздеуде. Республикалық «Ауыл шаруашылығы несие корпорациясы» АҚ бұл жобаны қолдап, 8 миллион 820 мың теңге қаражат бөлді. Несиенің шарты да қолайлы. Қожалық бұл қаржыны 6 пайыздық үстемемен жеті жылда құтылуы керек әрі алғашқы екі жылда несие жарғысынан босатылады. Қазір шоққарағайлықтар көрші Балқашын ауданындағы асыл тұқымды мал зауытынан қазақтың ақ бас 49 сиыры мен екі бұқа сатып алды. Бұдан басқа, «Сыбаға» бағдарламасымен қосымша алынған 1 миллион 300 мың теңгеге мал қоралары мен ауылшаруашылық техникалары жөндеуден өткізілді.
Шаруашылық меншігіндегі бұзаулар қарасы да көбейіп қалыпты. Сиырлар сауылмайды, енесінен жарыған торпақ тез салмақтануда. Оған да көңілі толмаған Қайыркен Хасенов алдағы күзде бұзауларды арнайы бордақылау алаңында ұстамақ. Болашақта шаруашылық «мраморлы ет» алынатын ірі қара санын 500 басқа жеткізуді жоспарлауда. Шаруа қожалығының басшысы аудан әкімі Ербол Сағдиевке де ризашылығын білдіріп жатты. Ендігі жерде «Шоққарағайдың» меншігіндегі шабындық көлемі 500 гектарға жеткізіліпті. Айтпақшы, біз шабындық басында болғанымызда механизаторлар биыл 2 жылдық жем-шөп қорын жасауға мүмкіндік барын алдымызға тартты.
«Ауыл шаруашылығы несие корпорациясы» АҚ Көкшетаудағы филиалының директоры Қайрат Шаяхметов журналистерге облыстағы жалпы жағдай туралы әңгімелеп берді. «Қазір 30 шаруашылық 2 миллиард теңгеге жуық несие қаражатына тапсырыс берді, дейді ол. Бүгін 443 миллион теңгенің 23 тапсырысы мақұлданды. Ал, 75 миллион теңге несие бөлінген төрт шаруашылық 364 бас ірі қара сатып алды. Қалғандары құжаттар дайындалысымен қаржыландырылатын болады».
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.