Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Виктор Рогалев Қызылжар өңірінде бірнеше күндік жұмыс сапарымен болып, жұртшылықпен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Аудандарды, мекеме-кәсіпорындарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулыларының кездесулері түрлі бағыттарда өрбіп, ашық пікірлесуді басты мақсат етті. Алғашқы күні депутаттарды облыс әкімі Серік Біләлов қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы кезек күттірмес міндеттер жайлы толыққанды мағлұмат берді.
«Нұр Отан» ХДП жергілікті филиалындағы жүздесуде заңдарды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді өзекті мәселелер төңірегінде байыпты әңгіме қозғалды. Ал қоғамдық қабылдауға келген зағиптар қоғамының төрағасы Минвали Ғабиденұлы көзінен, құлағынан, тілінен айрылған кемтар жандарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғанда балалары да ұмыт қалмаса деген өтініш айтса, Петерфельд ауылынан ат басын тіреген Айсұлу Есентемірова денсаулық сақтау саласында өзгерістердің жасалып жатқанына қарамастан, қажетті дәрі-дәрмектің дәріханалардан табыла бермейтінін қынжылыспен жеткізді. Ол мүгедек баласымен ауруханаға жиі түсетінін, жатын орын мен тамақтың қымбаттылығына, алдағы уақытта асырауында мүгедек балалары бар аналар мен отбасылар үшін заңға жеңілдіктер қабылдау қажеттігіне назар аудартты.
Шал ақын ауданының тұрғыны Мәлікзада Апаханов сонау алыс жерден өз мұңын айта келіпті. Осыдан бірнеше жыл бұрын иессіз тұрған үйді жөндеп, жайлы қоныс еткенімен әлі күнге дейін жарық мәселесі шешілмей келеді екен. Жергілікті шенеуніктердің есігін талай тоздырыпты. Баспананы өз атына рәсімдеу мәселесі де тығырыққа тірелген көрінеді. Мәжіліс депутаттары қолдарынан келгенше көмектесуге уәде етті. Бұл күні қоғамдық қабылдау үйінде тыным болған жоқ. Әлеуметтік көмек, жалақы, құқықтық сауаттылық, білікті мамандар даярлау секілді тақырыптар төңірегінде де келелі пікірлер алмасылды.
Облыстық экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің және прокуратураның жеке құрамымен өткен кездесулер де тиімді болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.