Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болу мәселелері бойынша азаматтарды Бірыңғай қабылдау күні кең ауқымды акциясы партияның барлық филиалдарында өткізілді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин өз қабылдауын өткізген партия Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесіне бизнес өкілдері өздерін толғандырған әртүрлі мәселелерге жауап алу үшін келді. Ол – жаңа жабдықтарды сатып алу, өндірісті кеңейту үшін қосымша мемлекеттік қолдауға ие болу, заманауи бизнес-технологиялар бойынша білім алу, субсидиялау және несиелеуге қатысты мәселелер. Мысалы, «№4 Автобус паркі» ЖШС директоры Нәсіпбай Смағұлов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша лизингтік келісім-шарттар негізінде пайыздық мөлшерлерді субсидиялау мүмкін бе деген сұрақпен келген екен. Ол алған жауабына толық қанағаттанды.
– «Нұр Отан» партиясы президенттік бағдарламалар бойынша өте жақсы жұмыс істеп жатқанын білемін. Бірыңғай қабылдау күні өткізілетінін білген соң, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келдім. Бүгін менің сұрағыма жай ғана мазмұнды жауап бермей, сонымен бірге, Экономика министрлігімен бірлесіп, мәселемді шешудің нақты жолдарын анықтап берді, – деді Н.Смағұлов. Ал Артем Щеглов қағаз қалдықтарын қайта өңдеу және жұмыртқа қаптамасын жасап шығарумен айналысатын кәсіпорында жұмыс істейді. Ол өз өндірісін кеңейтпек ниетте. Ол үшін оның ойынша, тиісті білім алу қажет. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша осындай жағдайда көмек қарастырылған ба?
– «Бизнестің жол картасы-2020» президенттік бағдарламасы өте дұрыс және біз үшін аса қажет. Және де бүгін қабылдауға келіп, мен осы бағдарлама шеңберінде «Іскер байланыстар» жобасы бар екенін білдім. Осы жоба кәсіпкерлердің бизнес-тренингтерден өтіп, бизнес жүргізудің заманауи әдіс-тәсілдерін оқып-білуіне мүмкіндік береді. Мен міндетті түрде осы мүмкіндікті пайдаланамын, – деп ағынан жарылды ол.
Осы күні партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің қабылдауына, сондай-ақ «Фолиант» баспасының, «Елжас АЖ» балабақшасының өкілдері де келді. Олардың барлығы өз сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Республикалық акцияның қорытындыларын шығара келіп, Нұрлан Нығматулин: «Бүгін еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан «Бірыңғай қабылдау күн» акциясы, ол ең алдымен, Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қабылданған аса маңызды бағдарламалар бойынша халықтың толық ақпарат алуына мүмкіндік берді. Және де бүгін еліміздің жүздеген кәсіпкерлері өз сұрақтарына да нақты жауаптар алды», – деді.
«Нұротандықтардың» айтуынша, «Бірыңғай қабылдау күні» бір реттік акция емес. Халықтың мұндай іс-шараларға деген қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан партия алдағы уақытта да осындай акцияларды өткізбекші. Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 34 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл – халықтың Президенттің партиясына деген зор сенімінің дәлелі.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.