ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ БАЙЫРҒЫ БАСЫЛЫМЫ: Дүбірлі дәуіріміздің ірілі-ұсақты оқиғалары зымыран Уақыт таразысына тартылып, елеп-екшеле келе, тарих тәбәрігіне айналады емес пе. Егемен еліміздің байырғы басылымдарының бірі –“Казахстанская правданың” бастауында тұрған “Известия Киргизского края” газетінің сарғайған нөмірлерін қолыма алғанда ерекше бір күйге бөленемін. Аумалы-төкпелі төңкерістен кейін іле-шала азамат соғысына ұласқан сұрапыл жылдарда жалын жұтып, от шайнаған жаңа заман жаршылары – газет кейіпкерлерімен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбат құрғандай боламын. Қорғасын әріптермен өрілген көмескі жолдарда Замана шежіресі хатқа түсірілген. Бұл шежіреге де, міне, тоқсан жыл толып отыр.
Тоқсан жыл. Бұл – адамзат тарихы үшін қасым-қағым сәт болғанымен, ел шежіресінде, қоғамдық сана жадында қатпар-қатпар кезеңдердің тоғысы саналатын тұтас бір дәуір. Ал әрбір парағы Тарих мөрімен куәландырылатын басылым үшін бұл мерзім толысу, марқаю белесі, жаңғыру, жаңару баспалдағы іспетті. Дала қостары мен зауыт цехтарында қойын дәптеріне сараң цифрларды түсіру үшін мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, замандас бейнесін сомдаған газет публицистерінің шығармашылық ізденістері журналистердің бүгінгі буыны үшін де үлгі-өнеге болып табылады.
Жалпыұлттық басылым – “Казахстанская правда” газеті әрдайым халықтың сөзін сөйлеп, елдің пікірін білдіріп келеді. Газет пен оның қызметкерлері, көсемсөзші-журналистер от-жалынды азамат соғысының қиын-қыстау жылдарында да, ел басына күн туып, ер-азамат толарсақтан саз кешкен Ұлы Отан соғысы тұсында да, тусыраған тың және тыңайған жерлер игеріліп, ел игілігіне айналғанда да, Қазақстан Магниткасында балқытылған болат пен шойын қазіргі заманғы индустрия қабырғасын қалағанда да өз оқырмандарымен бірге болып, қуанышы мен қайғысын бөлісе білді, сенімді серігіне айналды. Міне, сондықтан да отандық журналистиканың өткені мен бүгінін зерделеп жүрген тарихшы-ғалым ретінде мен “Казахстанская правданың” қаз тұрып, қалыптасуын, кемелденуін еліміздің тарихымен тікелей, тығыз байланыста қараймын.
“Казахстанская правда” – “ұлттар достығы лабораториясына” айналған еліміздің көптілді журналистикасының көшбасшысы, орыс тіліндегі баспасөздің қара шаңырағы болып табылады. Газет “шинелінен” Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл ТМД кеңістігінде де аса танымал қаламгерлер шоғыры тәрбиеленіп шықты. Газет елмен бірге есейді. Егіздің сыңары іспетті “Егемен Қазақстанмен” бірге береке-бірліктің, достық пен ынтымақтың бастауы болды. Шығармашылық үрдісі, талант табиғаты бір арнадан бастау алатын осынау екі басылым да ел тарихындағы елеулі кезеңдерде Қазақстанның бас қалалары – Орынборда, Қызылордада, Алматыда шығып келді. Енді, міне, жұбы жазылмай Астанада жарық көруде.
Басылымдардың тасқа басылған газет жолдары арқылы жазылған ғасырға жуық тарихы зейінді зерттеушілердің талай буынын қызықтырары сөзсіз. Басылым “Казахстанская правда” аталғанға дейін тарихи кезеңдердің табы басылған бірнеше аталымды иеленді. Еліміздің алғашқы астанасы – Орынборда “Известия Киргизского края” деген атпен шыға бастаған өлкелік газет 1921 жылы “Степная правда” болып өзгерді. 1923 жылғы 20 қарашадан газет “Советская степь”, ал 1932 жылғы ақпаннан бері “Казахстанская правда” деп аталып келеді. Осы орайда мынадай бір шегініс жасау керек сияқты. 1918 жылы Қазақстан аймақтарында қазақ және орыс тілдерінде оннан астам газет шығып, олар бүгінгі бірқатар облыстық газеттердің негізін қалады. Алайда, Орынборда Кирревком құрылғаннан кейін ғана республикамыздың басты басылымдарын құруға қол жетті. ...
Газет тігінділерін ақтарып отырған зерделі зерттеуші бір сәт тарих тылсымдарына бойлап, замана дем алысын сезінгендей болады. “Советская степьтің” уақыт табы сіңген сарғайған беттерінен сіз Мате Залканың (Бела Франкль, генерал Пауль Лукач – бәрі де осы кісі), Ұлы Отан соғысы жылдарында қоршаудағы Ленинградтың символына айналған Ольга Берггольцтің, ұлы Жамбыл жырларын орыс тіліне аударған майталман тәржімашы, “Правданың” арнаулы тілшісі, Панфилов дивизиясының “За Родину” газетінің редакторы Павел Кузнецовтың, белгілі кеңес публицистері Павел Рогозинский мен Сергей Крушинскийдің қолтаңбаларын көре аласыз. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Самуил Маршак, Михаил Зощенко, Кукрыниксы, Сергеев-Ценский, Ольга Форш, Константин Симонов, Алексей Толстой және басқа атақты кеңес ақын-жазушылары мен суретшілері газетпен тығыз байланыс жасап тұрды.
Сондай-ақ, қазақстандық қаламгерлер де басылыммен тығыз қарым-қатынаста болды. Әбу Сәрсенбаевтың, Құрманбек Сағындықовтың, Бауыржан Момышұлының, Дмитрий Снегиннің, Мәлік Ғабдулиннің, Сырбай Мәуленовтің, Тәшібай Әлмағамбетовтің, Ғазез Әбішевтің, Жұмағали Сайынның, Сағынғали Сейітовтің, Жұбан Молдағалиевтің әскери әңгімелері, очерктері, өлең-жырлары газет төрінен орын алды. Басылым отаншылдық рухты, патриотизмді тәрбиелеуге зор маңыз берді. Жамбыл Жабаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтпаевтың, Сергей Михалковтың, Константин Паустовскийдің, Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Қайнекей Жармағанбетовтің жалынды көсемсөздері майдан мен тыл қаһармандарына жігер беріп, ерлікке үндеді. Бейбіт кезеңде еңбек көрігін қыздырған “казправдалықтар” жасампаз еңбектің алдыңғы сапынан көріне білді. Белгілі қаламгерлер Ф.Боярский, Ф.Михайлов, П.Косенко, Н.Анов, О.Мацкевич, Ф.Игнатов, Н.Шевцов, И.Держиев, К.Ким, М.Полторанин, Ю.Кукушкин, М.Барманқұлов, Б.Ғабдуллин, С.Ягмурова және есімдері осы тізімге енбей қалған өзге де талантты қаламгерлер шығармашылық ізденіс көкжиегін кеңейтіп, дәуірдің публицистік бетбейнесін қалыптастырды.
Басылымның 80 жылдық мерейтойына орай 1999 жылы “Это нашей истории строки” атты кітап өмірге келді. Оның алғысөзінде “еліміздегі бірден-бір жалпыұлттық басылымның толық шежіресі әлі күнге дейін жасалған жоқ, тіпті жұқа кітапша да жазылмады” делінген болатын. Расында да, “Казахстанская правда” жөнінде көп айтылып, жазылып жүрсе де, басылым тарихы зерделенетін толыққанды еңбектің әлі де өмірге келмегені шындық. Дегенмен... Өткен жылғы қарашада Қазақстан Журналистика академиясы “Алтын Самұрық” атты жалпыұлттық журналистика сыйлығын “казправдалықтардың” қанжығасына бүтіндей байлады (бұдан сәл ертерек ол газеттің бұрынғы бас редакторы Федор Прокопьевич Михайловқа бұйырған еді).
Жүздеген басылымнан тұратын еліміздің бұқаралық ақпарат нарығында бағыт-бағдарын нақты айқындап, оқырман ықыласына бөлену оңай шаруа емес екені өзінен-өзі түсінікті. Ал республика билік органдарының үні болу газетке ерекше жауапкершілік жүктейді. Ақиқаттың ақ жолынан табыла отырып, кері тартқанды бері тартуға тура келетіні де жасырын емес. Басылымның басты бағдары жасампаздық өркендеу, татулық пен достық, ынтымақтастық бағыты болып табылады. Тоқсан жылдық шығармашылық мұратына берік “Казахстанская правда”, міне, сондықтан да Отанымыз бен шетелдердегі миллиондаған оқырмандардың сүйікті газетіне айналып отыр. Мерейлі мерекелеріне зор шығармашылық табыстармен, таралғылы тартулармен келген әріптестерімізге “жазар көбейсін!” дегіміз келеді.
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы.