Кеше Мемлекет басшысының Павлодар облысындағы жұмыс сапары аяқталды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін «Каустик» АҚ базасында құрылып жатқан еркін экономикалық аймақтың жұмысымен танысудан бастады. Өндірісі өрге басқан, қойнауы қазынаға толы, таңғажайып табиғаты бар ежелгі Кереку еліміздің өнеркәсібі өркен жайған табысты өңірлерінің бірінен саналады. Міне, экономикалық қуаты өркендеген осы өңірдегі Павлодар химия зауытының базасында 2002 жылы «Каустик» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Ал 2010 жылғы 21 желтоқсанда Елбасы дәстүрлі телекөпір арқылы болған бейнеконференцияда осы зауыттағы «Мембранды әдіспен каустикалық сода және хлор шығаратын өндірістің құрылысын салу жөніндегі» жобаның тұсаукесерін өткізген болатын. Бұл жобаның жалпы құны 16,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Ал жаңа өндіріске қажетті шикізатты облыс аумағындағы тұзды көлдерден керегінше алуға болады. Сөйтіп, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде іс жүзіне асырыла бастаған химия кластері аясында Павлодарда тағы бір химиялық кешеннің өмірі басталған. Бұл кәсіпорында мембранды технология әдісі бойынша әлемдік озық жетістіктер негізінде каустикалық сода және хлор шығаратын заманауи өндіріс жұмыс істей бастады. Мұнда бүгінгі заманның озық қондырғылары орнатылды. Химиялық жаңа өндіріс орнының экологиялық тазалығы жағынан, өндірістік қуаты жағынан елімізде баламасы жоқ. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағанда еліміздің химиялық шикізат – каустикке деген сұранысының 80 пайызы, хлор, тұзды қышқыл және гипохлоритке деген ішкі рынок сұранысының 100 пайызы қамтамасыз етіледі. Жалпы, зауыттың өндірістік қуаты жылына 26 457 тонна хлор, 6600 тонна гипохлорит натрий, 45000 тонна тұзды қышқыл, 30000 тонна каустикалық сода шығаруға негізделген. Бұл меже 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығында алынады деп күтілуде. Ағымдағы жылдың алты айы ішінде «Каустик» АҚ жалпы құны 134,8 млн. тенге болатын 386 тонна өнім өндірген. Қазір зауытта 452 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда жұмыс істейтіндердің орташа жалақысы бүгінде 58 585 теңгеден айналатын көрінеді. Зауытты аралау барысында Мемлекет басшысы осы өндіріс орталығы негізінде құрылғалы отырған химия кластеріне арналған еркін экономикалық аймақтың (ЕЭА) техникалық-экономикалық жағдайымен танысты. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы жабдықталған көрнекі стенділер негізінде Елбасына «Химпарк – Павлодар» еркін экономикалық аймағының жай-жапсарын баяндады. ЕЭА Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Қазіргі таңда ЕЭА-ның жалпы аумағы 1200 гектар жер көлемін алмақ. ЕЭА құрамында қазірдің өзінде екі ең ірі инвесторлар жұмысын бастағалы отыр. Олар: «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Ресейдің «Группа НИТОЛ» ашық акционерлік қоғамы болып табылады. «Группа НИТОЛ» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі Анатолий Гончаров өздерінің жобасымен Мемлекет басшысын таныстыра келіп, Павлодардағы ЕЭА базасында құрылатын бірлескен кәсіпорын жылына 12000 тонна жартылай кристалдандырылған кремний шығаруды ниет етіп отырғандығын атап көрсетті. Осы мақсат үшін «Группа НИТОЛ» ААҚ бұл жобаға 1 миллирд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйғалы отыр. Сондай-ақ, олар болашақта 1200 жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтымақ. Бұл екі жаққа да тиімді әрі ауқымды жоба 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Анатолий Гончаровтың айтуынша, Ресейдің ірі химиялық компаниясын Қазақстанға инвестиция салып, үлкен өндіріс орнын ашуға еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал және өте бай шикізат қоры қызықтырып отырған көрінеді. Содан кейін Елбасы «Каустик» АҚ-тың бір топ жұмысшыларымен кездесіп, пікір алысты. Өзін Ерсайын Қасеновпін деп таныстырған зауыт маманы өзінің осы кәсіпорында 1980 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айта келіп, Павлодар өңірінде тұрғындардың тұрмысы жылдан-жылға жақсарып, жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылып жатқанын атап көретті. Бұл Сіздің жүргізіп келе жатқан сара саясатыңыз бен жоғары іскерлігіңіздің арқасы, деді ол өз сөзінде. Мемлекет басшысы осыдан кейін Павлодар қаласында жаңадан ашылған «Энергетик» теннис орталығына келді. Теннис орталығы 3750 шаршы метр аумақты алып жатыр. 2172 шаршы метрді алып жатқан екі ойын залындағы 4 теннис корттарында күніне 200-ге тарта адам спортпен шұғылдана алады. «Энергетик» теннис орталығы» ЖШС-ның бас директоры Баян Құрманбаеваның айтуынша, өңіраралық және халықаралық теннис жарыстарын өткізуге бейімделген теннис орталығында 264 көрерменге арналған зал бар. «Энергетик» теннис орталығынан шыққаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар өңіріндегі сапар қорытындысы жөнінде ой бөлісіп, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Мен осының алдында Алматы облысында, Алматы қаласында болдым. Міне, Павлодар облысындағы жұмыс сапары да аяқталып қалды. Алдағы уақытта еліміздің астықты өңірлерін аралаймын, деп бастады сөзін Елбасы. Әрине, Павлодар өңірінің индустрияландыру мәселесі жөнінде өте маңызды орын алатындығын атап көрсеткім келеді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша мұнда жалпы 144 нысан іске қосылмақ. Оның ішінде 30 нысан қазірдің өзінде пайдалануға берілсе, 12 ірі индустриялық жоба биыл жүзеге асырылмақ. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы Ақсу жылу электр стансасында іс жүзіне асырылып жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде айта келіп, «Каустик» АҚ-тың шеңберінде қолға алынып жатқан кешенді жұмыстарға тоқталды. Бұрынғы әскери химиялық зауыт толықтай қайта құрылып, мұнда өдіріске қажетті бейбіт өнімдер шығаратын «Каустик» зауыты жұмыс істей бастады, деді Елбасы. Зауыт Қазақстан экономикасы үшін аса қажетті каустикалық сода, хлор, тұзды қышқыл шығарады. Бұл өнімдер ТМД мемлекеттерінде де, Кеден одағында да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осы зауыт аясында жаңа өндіріс кешендері бой көтермек. Тағы да қосымша жұмыс орындары ашылатын болады. Естеріңізде болса, мен халыққа жолдаған Жолдауымда ересек қазақстандықтардың 30 пайызы және балалар спортпен айналысуы қажет екендігі жөнінде міндет қойған болатынмын, деп жалғастырды сөзін Мемлекет басшысы. Міне, Павлодарда тамаша спорт түрі – тенниспен шұғылданатын орталық ашылып отыр. Мұндай орталықтар қазір Қазақстанның барлық өңірлерінде де ашылуда. Содан кейін Елбасы елімізде жұмыс істеп жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, әлеуметтік даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тұрғындарды жұмыспен қамту, сапалы ауыз су бағдарламаларына, «Жол картасы-2020» шараларына тоқтала келіп, бұл бағдарламалардың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қосып отырған игі ықпалын ерекше атап көрсетті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы бұл – барлығымыз үшін қуанышты да маңызды оқиға, деді Мемлекет басшысы одан әрі. Осынау аса маңызды атаулы күнді лайықты қарсы алу үшін біз барлық ауылдарда, елді мекендерде, қалаларда тазалық пен тәртіп орнатуымыз керек. Тұрғындарымыздың денсаулығын одан әрі нығайтып, балаларымыздың білім алу жағдайын жақсартуымыз қажет. Басқаша айтсақ, барлық шаңырақта бірлік пен береке, елімізде татулық пен тұрақтылық болуы керек. Тұрақты жұмыс орны, жоғары жалақы, балаларымыздың сапалы да жақсы оқуы болса, тұрғындарымыз алдыңғы қатарлы клиникаларда денсаулығын нығайтса, одан артық адамға не керек. Біз болашақта қазақстандықтардың түгелдей жұмыспен қамтылуына қол жеткізуіміз қажет, деді Президент. Қазақстандықтар түгел жұмыс істеуі керек. Кім де кім жұмыс істейтін болса, оның тұрмысы төмен болуы мүмкін емес. Мемлекет ол үшін барлық мүмкіндіктерді жасап келеді. Жұмыс орындары ашылуда, бизнеспен шұғылдануға да толық жағдай жасалуда. Ал адамдар жақсы тұрмыс құруы үшін білек түріп, еңбек етуі қажет. Одан кейін Елбасы журналистер қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
•
05 Тамыз, 2011
Керекудегі химия кластерінің көкжиегі
526 рет
көрсетілді