• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Оқиға 01 Қаңтар, 2010

МОНА ЛИЗА

9930 рет
көрсетілді

Жазушы Әлібек Асқаровқа арнаймын: Қабырғасына ұлы­лардың үні ұя сап қалған Ла Скаланың алдында тұрдым. Әйгілі театрды әлемнің әр қиы­рынан табан тоз­дырып жеткен жұрт қоймай қызықтайды. Әр тасына тамсанады.

Таң­дай қағысады. Қызақай жапондар, қызылшыл испандар... Алаңның нақ ортасында ұшар биіктен төмен қарап сұп-сұр тас мүсін тұрды. Қаба сақал, жүдеу бет, ой арқалаған ұлы суретші. “Леонардо да Винчи!”. “Қандай ұлылық!” – десіп көпшілік енді қарсы бетке лап қойды. Аяғымды аттап баса алмай қалдым. Бойымды беймәлім бір сезім билеп: кездестік-ау, ақыры, – дедім. Өтіп кеткен өкпе де, өшіп, қоламтасы қалған өкініш те осы екі ауыз сөзге сиып жатты. Сонда да оның көзіне қарағым келген. Тіпті де мүмкін емес. Бұл пәниден түңілген сынды. Мен де торыққам. Күз лебі келді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ. – Келіңіз фотоға түсейік. – Өмірлік естелік! – Полковник, сізді де кезінде суретпен әуестенген деп естідік. Жүрегім шанышты. Алаңға ағылған қалың то­бырға қарағым келмеді. Теріс айналдым. Леонардо да Винчидің мүсіні алыстап бара жатты. Санта Мария көшесіне жеткенде алқындым. Жанымның бір жіңішке жібі дірілдеп барып үзіліп кетті білем. Тәлтіректеп қалт-құлт басып келіп отырдым. – Сеньор, көмек керек пе? – деген сөздер ауаға сіңіп жатты. Алыстан бұлдырап Мона Лиза бейнесі елес берді. Әдемі келбеті, төгілген қолаң шашы, қоңырқай көзі, бес жасар баланың басындай омырауы... Баяғыдай құпия жымияды. Әлде тіпті мысқылдап тұр. Жанарым жасаурады. Ақ білегін аспанға атып қол бұлғайды. Тіпті болмаған соң ымдап өзіне шақырады. Аулақ менен! Көргім келмейді сені, Мона Лиза! Арманым боп табысып, азабым боп ажырасқансың... Кешір, мынау ол емес, Моншақ қой. Кәдімгі... Ол мұнда қайдан жүр? – Сеньор, жағдайыңыз қиын... Көше кезген әлдекімдер мені қолтықтайды. Көз алдымнан елестер көшіп жатты. Үзіліп кері жалғанады. Күлімсіреп Моншақ қолын созады. Сол ұзын бойы, бұйра шашы, әдемі қыр мұрыны, нұр төгілген жүзі. Қиыла қарайды. Ауылға алып кеткісі келген шығар. Баяғы дәмемен әлі жүр ме екен, жазған қыз. Ол кезде екінші курстың студенті едім. Болашақ суретші. Және қандай! Мен жаққан алуан бояу таранған қырғауылдың қанатындай құлпырып талайды тамсандыратын. Сонда да Леонардо да Винчидей құдіреттің құпиясына ындыным кеуіп...

Мона Лизасы мені шынымен сиқырлап алған. Сұлудың суретіндегі алмасқан жарық пен жылу, көлеңке, сыршылдық... Күндіз-түні көзіммен ішіп-жеп тоймайтынмын. Өйткені, менің Моншағым да сондай әдемі еді ғой. Тек жалғызілікті шешесіне қарайлап ауылда қалған. Мектепте лаборант-тын. Сол жазғы түнгі айтылған сыр, айқасқан құшақтың құдіреті шығар мені әлі күнге құлатпай келе жатқан. Солай, солай! Оңаша өзен жағалап келе жаттық. Қамыс біткен алақандай басын тербейді. Жұлдыз жаныпты. Ай да тұр аспанда әткеншек теуіп. Ол басын иығыма сүйеді. Үнсіз жылап келеді екен. Айтарын іштей ұқтым. – Көп қызықтың ортасындасың. Өзгеріп кетесің ғой. Қаланың қысқа етек қыздары қу келеді деуші еді. Біреуі... – Жалғыз ғашығым – өзің, – деймін белінен орай құшақтап – Оқу бітірем. Атақты суретші болам. Үйленіп, қалада тұрамыз. – Оқымаған надан қыз үлкен суретшіге қалай жар болады? Әлемді шарлап, көрме өткізерсің. Мықтылармен иықтаса жүрерсің. Сонда мен сенің сәніңді қашырам ғой. – Айтпа ондайды! – деймін өрекпіп. – Алдымен сенің портретіңді саламын. Жан тазалығың, ерке келбетің, тіпті бүкіл нұрың сол суреттің бетінде қалқып тұрады. Дәл Мона Лизадай ғып. Тіпті одан да артық. Одан да әдемі! – Сосын, – деді ол көңілін бірлеп, дауысы бекіп. – Міне, менің Моншағым деп күллі дүниеге жар салам. – Сендім, – деді ол сосын жағалаудағы жұмсақ көгал шөпке тізе бүгіп. – Тағы да сендім! Папаңның көзіне түсуге ұяламын. Оңашада апама барып сәлем беріп кетем... Тәтті еріннің дәмі. Жұмсақ бұйра шаштары мойнымды қытықтайды. Желікті көтереді. Баяу ескен жел де тына қалыпты. Бозторғай ғана аулақта жұмыртқасын әнмен шайқап жатыр. Анам сөздері есімде оянады. – Бір сыныпта оқыдың. Алтын асықтай бала. Аурулы шешесіне алаңдай береді. Әке мейірімін көрмей өсті. Келін ғып қолыма түсіріп бер. Өзен жағалай біткен көгал шөп жібек көрпедей жұмсақ. Шынтақтай кеттік. Жұлдыз жанып тұр. Шамдары неткен көп еді... Елестің ішінде шомылып жаттым. Мынау өзім ғой. Жап-жас екенмін-ау. Студенттің тар бөлмесі. Жалқы кереует. Тұсында Мона Лиза ілулі тұр. Шашым жалбырап сұлудың жымысқы жүзіне үңілемін. Сиқыры тереңіне тарта түскенімен сыр ашпайды. – Батаңды бер, алақаныңды кең жайып, – деймін ұлы суретшінің кіндік қаққан сақалды жүзінен үмітімді үзбей. – Сіз сияқты солақай емеспін. Десе де Моншағыма берген уәдем бар. Болашағым зор. Шалдың жүзі балауыз шамның жарығымен алдымен нұрланады. Сосын ернін бүрістіріп сығалап сынайды кеп. Бөлменің іші эскиздерге толып кеткен. Жо-жоқ, мұның ешқайсысы мен сүйген қыз емес. Көңілденген шақтағы буыныңды алған күлкісі, мойныңды баяу қытықтап, желігіңді көтеретін бұйра шашы да, әдемі қыр мұрыны да... Тіптен басқа. Бөтен бейне. Суық сұлулық. Ол даланың еркін өскен еркесі ғой. – Таппай қоймаймын, – деймін іштей ызаланып. Сұлулық пен ұяңдық, төзім мен мөлдір сезім бәрі-бәрі қай бояудың ішінде тұр? Қандай кистаның ұшында жүр? Мұндай портретті қолмен емес, жүрекпен салу қажет. Тек қана жүрекпен! Осындай алақызба шақта ауылдан апам келген. Жалғыз ұлдың жайы. Сағындырып жетер хатымның бірінде: – Мәскеуге жүргелі жатырмыз. Бір жылға. Ондағы білікті ұстаздардан оқып-тоқимыз, – деппін. Асығыс жетіпті. Қоржын басы тоқ. – Әкең ертеңді-кеш жұмыста. Мұрнына су жетпейді. Асқазаны мазалайды, – дейді жәймен. Ақсары жүзінде жіңішке уәйім тұр. Көп сөйлемейтін. Көңілмен ұқтыратын. – Мынау кім өзі? – деді кетерінде Мона Лизаны нұсқап. – Болашақ келініңіз. Ата-енеме баптап шәй құйып берем деп отыр. Әзілдей салдым. Апам сол тұрған орнында сылқ етіп отыра кетті. Лекцияға асығып тұрғам. Мән бергенім жоқ. Артынша курс боп алыс сапарға аттандық. Менің аңқау апам. Жіңішке уәйімін жетектеп ауылға жылап қайтыпты-ау... Мұнысы несі? Миланның тас көшесінде де төбелесе ме екен? Ойбай, мынау омырауы бес жасар баланың басындай Мона Лиза ғой. Ыдырынып ұмтылады. Мұндай долы болар ма? Моншақ та жағаласып берісер емес. Нұрлы жүзі қатуланған. Көзінен өшпенділік оты төгіледі. Алма-кезек шаштан сүйреседі. Өкпеге тебіседі. – Сен сиқырсың! – дейді Моншақ жан беріспей жатып. – Сен жабайысың! – дейді Мона Лиза жан алысып жатып. Құтпан айғырдай азынап келе жатқан кім? “Жедел жәрдем” шығар. Ажыратсаңдаршы. Моншақты жазым етер... Иә, менің аңқау апам. Жіңішке уәйімін жетектеп әкеме келген. Алдымен шәй құйып отырып ебіл-себіл жылапты. Артынша қатал шалының шоқша сақалы селкілдеп кеткенінен секем алып жым-жырт тынған. – Сөйле, – деген әкем қолындағы кесені дастарқан бетімен шиырып жіберіп – Ұлың не бүлдіріпті? – Қартайғанда көрген жалғызың... Бөтен бір қыздың фотосын кереуетінің тұсына іліп қойыпты. – Ал, ілсін. – Күндіз-түні көзін суарып, соған мөлиеді де отырады. – Күйегі түсейін деген дағы. Біз де оның жасында... – Қағынбасаңшы. – Ал, сосын... – Келін өзінен үлкендеу сияқты. Кісі танысам, қазақ емес. Тым толық. Екіқабат па деп қалдым. Моншақжан-ай! Бетіммен жер басып қайттым ғой. Әкем әншейіндегі ас қайыруын ұмытыпты. Меңірейіп терезеге қарапты. Күн желкемдеу екен. Бос топырақты суырып шыныны сабалапты. – Әлгі қияли бала қатын алам, депті. Құда­мыз Қырымның қырында ма, Қазанның ойын­да ма, білмеймін. Қайда болса да алдарынан өтуге өздерің барасыңдар, – деп әкем Қияқбай бастаған екі-үш ағайынның басын қосыпты. – Өзі Мәскеу асыпты. Ұялғаны шығар. Бір күні тыз етіп хабар берсе, дайын отырыңдар. Қызылсырап жүргенде ормарқаның басын мүжіп, диланып алған ағайын үйден, құда, қайдасың деп шығыпты. Ауыл әңгімесі асықпай аяң­мен қыдырады. Және ерінбей есік соғып еніп, терезе қағып кіріп бәрін түгендеп бітпей тынбайды. Алты ай бойы білгіштердің аузын бағып, қамсыз жүріппін. Артынша Моншақтан хат алғам. – Енді менің суретімді са­лып әуре болмай-ақ қой. Есіт­тім. Құсың құтты болсын! Бағы ашылмаған мен бейбақты қайтесің... Оқушы дәптерінің жарты бетіне сиған жазу құмырсқа құсап жан-жаққа жыбырлап қашып ұстатар емес. Көзім екен жасқа толып кеткен. – Әлдекім­нің өсегі шығар. Мүмкін емес, – деймін кеудем күйіп, – Мүмкін емес! Мәскеуден жедел оралғанымда зар күйіне келіп отырған оның аяқасты күйеуге шығып кеткенін есіттім. Дүние қаңырап сала берді. Жер тоқпақтап өкіріп жылағаным есімде. Сосын алуан бояудың бәрін айна­лама шашып-төгіп... Киста біткенді баудай қырқып... Кереуетімнің тұсында ілулі тұрған Мона Лизаны жұлып алып көшеге жүгіріппін. Есірік меңдепті. Алдымнан кезіккен қайыр­шы шалды жұлқылап тоқтатыппын. Мона Лизаны қолтығына қысты­рыппын. Бетін жалап сүйіппін. – Құтқара гөр, осы портреттен, – деп жалыныппын. – Қарғыс атсын суретшілікті! Тоқташы, әлгі көше кезген қайыршы шал... Ол да қаба сақал, жүдеу бет еді. Ол да жанарымен жер шұқитын. Ол да мынау пәниден түңілген сынды еді. Онда да тап осындай күз кезі еді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ. Бұл кім болды сонда?! Шаштасып жатқан Мона Лиза мен Моншақ ғайып болыпты. Қайсысы басым түсті екен? Белгілі ғой. Сиқырлы сұлулыққа қарсы кім тұра алар? Баяғы өзен жағалай біткен көгал шөп жібек көрпедей жұмсақ еді. Шынтақтай кетіп ек. Жұлдыз жанып тұрған. Шамдары неткен көп еді... – Жүрек талмасы, – деп жатты ақ халаттылар алашапқын салып. Жан-жағымды елес кезіп жүрді. Әлде естелік. Құшағынан босатар емес. Иә, сөйтіп ауылдан бездім. Иттің демі үзі­ле­тін алысқа шығандап кеткім келген. Ақыры бар өшімді жалбыр шаштан алдым. Басқаға әлім жетпеді. Төбемнен біреу кертұқыл алатын­дай тықырлап әскерге аттандым. Сібір орман­дары сіңіріп әкетті. Босатар емес. Әлі күнге. Ортаға отыз жыл салып шешемді жерлеуге барғанда... Кешқұрым қырыққан серкебұтта­нып ауыл сыртында тұр едім. Бір торшолақ ат­ты­лы жанаса берді. Қасындағы әйел баяу баса­ды. Қолында шүпілдеген бір шелек сүт. Иіні төмен. Тани кеттім. Бұл Моншақ еді. Күйеуі сиыршы, өзі сауыншы деп естігем. Жерден жанарын алмай: – Апамның қазасы қайырлы болсын, – деді ерін ұшымен. Толқып, әріптеп айтты. Торшолақ аттың үстінен күйеуі ыржың етіп күлді. Сосын екі қасқа тістен ада аузын икемдеп әлдене деп жатты. Естігем жоқ. Есіл-дертім Моншақта. Шашының бұйрасы тарап, селдірепті. Самайын ақ қырау көмген. Бойы бәкене тартыпты. Жүзіндегі нұр өшкен. Ауада ілініп құр сүлдесі ғана тұрды. – Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында сен аман жүрші, – дедім сыбырлап. – Мені қойшы... Аттылы мен жаяу тіркесіп көз алдымда ұзады. Моншақтың жауырыны бүлкіл қағады. Ол үнсіз жылайтын еді ғой... Айналаны азан-қазан ғып ауруханаға алып барады екен. Елестен де, естеліктерден де алып қашып... Хош, арманым боп табысып, азабым боп ажырасқан Мона Лиза. Кешір, Моншақ!

Рахымжан ОТАРБАЕВ.

 

Бір жұтым ауа немесе еркетотай келіншектерге құлаққағыс:

Осы жазда Астанадағы беделді бір лауазым иесінің әйелі Сайраш күйеуімен Чехиядағы әйгілі Карловы Вары деп аталатын демалыс орнына барады. Бұл өзі кезінде Кеңес ода­ғының құрамына қарайтын республикалардың бірінші басшылары ғана емделіп, тынығатын, атағы әлемге белгілі сауықтыру орны болатын. Қазіргі таңда кез келген қалтасы қалың, қа­ражаты мол адамдар сауығып, сайран салатын орынға айналған. Ал мұндай жерде үлкен шенеуніктің әйелі демалмағанда ше? Құдайға шүкір, байлық жетеді. Сұлтекеңнің мол табысының, үлкен беделінің арқасында әлемнің талай түкпірін аралады, жер шарының небір қиырын шарлап бақты. Қарап отырса, астанадағы мың шаршы метрден асатын еңселі үйлерінде бәрі бар. Басқа ірілі-ұсақты бұйымдарды былай қойғанда, соңғы үлгідегі жиһаз атаулының ең қымбаты, бағалысы осылардың үйінде. Сонда да Сайраш Чехияның дүкенін қоймай, бағалы бұйымдарды ала береді. Жалт-жұлт еткен дүниеге көзі тояр емес. Өзі секілді бірталай әйелдерді Прага қаласынан да, дәл осы Карловы Вары демалыс кешенінен де кездестірді. Олар да әртүрлі деңгейдегі дөкей­лер­дің әйелі немесе жұмсартып айтқанда, біреулердің осында ерте келген нақсүйері. Оңаша қыдыруға, демалуға келгендері көрініп тұр. Солардың бір-екеуімен қысқаша шүйіркелесіп қалғаны бар. Бәрінің ой-армандары, мақсаттары негізінен ұқсастау. Ал мына бір келіншектің жүріс-тұрысы, мінезі, сабырлы қалпы өзгелерден бөлектеу ме қалай. Тіпті мүлде ұқсамайды десе болғандай. Бұл келіншек өзінің заңды күйеуімен сонау астанадан келген. Айтуына қарағанда, оның отағасы мұнай-газ мекемесіндегі басшылық қызметте істейтін көрінеді. Осында келіп ем алып, иісі мұрын жарған қарағайлы орманның таза ауасымен тыныстап, дәрігерлердің күн­де­лікті тағайындаған ем-домын үзбей қабыл­дап, басқа ештеңеге алаңдамай жатқан сы­ңай­лы. Қолы босай қалса, таза ауада қыдырыстап көп жүреді. Шипажайдың емдік қа­сиеті мол суын ішіп, қылқан жапырақты қарағайдан бөлінген таза ауамен кеудесін кере де­малып, сәл дамылдап тұрып қалатыны бар. Ша­масы, дерті асқынған адамға ұқсай­тындай... Алғашқыда бұған аса мән бермеген. Өзі күнде жанталасып, алысты-жақынды базар, дүкен атаулыны қоймай аралап, саудасын қыздырып жүргенде көңіл аудармаса керек. Енді біраз уақыт өткеннен кейін аптығы басылып, арыны қайтқан соң жан-жағына назар аударып қарағанда байқады. Сөйтсе, әлгі мұнай-газ магнатының әйелі ештеңеге қызықпайды, көздің жауын алған дүние атаулыға назар да салмайды. Кешкі демалыс орындарына, ресторанға өзгелер секілді барын тағып бармайды. Кәдімгі қарапайым қалпынан бір танбайды. Ал шынтуайтына келгенде, мұндай дөкей күйеуі бар келіншекте қаражат жоқ болуы мүмкін емес. Сонау қиян түкпірдегі атағы жер жаратын Карловы Вары санаторийіне екінің бірі келе бермейді. Оның үстіне, бірнеше күн ішінде байқағаны, бұларға талай адам келіп сәлем беріп, құрақ ұшып жатқанын көрді. Ал әйел болса сол бәз-баяғы қалпы. Көркі де ешкімнен кем емес, аса қартайып тұрған жоқ, қырықтың ар жақ бер жағындағы келбетті келіншек. Сонда дүниеден баз кешкендей бұл не қылған адам деп Сайраш оған сырттай таң­дана қараумен жүрді. Әйтеуір ашылмаған бір сыр бар секілді. Алайда, оны да анықтаудың ыңғайы келді. Бір күні тынығып жатқан әйелдердің күйеуі қала аралап бөлек кеткен. Содан құпия сырдың бетін ашуға ынтыққан жағдайдың сәті түсіп, бұл әлгі әйелді ресто­ран­ға шақырғанша асықты. Кеш түсіп мей­рам­ханаға келгенде оңаша отырып сырласты да.

– Сіз осы неге ештеңеге қызықпайсыз? Тіп­ті назар да салмайсыз, – деп сұрайды. – Бұл дүние жалған, уақытша. Жанталаса жиған затыңды ана жаққа көтеріп алып кете алмайсың. Бәрі әдіре қалады. Мен жазылмас аурумын, миымның ішінде ісік бар. Маған жарық дүниеде жүруден асқан байлық жоқ, бір жұтым таза ауамен тыныстап, әрбір алған демім қымбат. Бұл дүниеде маған балаларымның амандығы, отбасымның тыныштығы, деннің саулығынан асқан байлықтың керегі жоқ, – деп ұзақ ойланып қалған келіншек сәл тыныстап алған соң, – Мен шырша емеспін ғой, қызылды-жасылды ойыншықтарды өн-бойына іліп қоятын... – деп бір қойды. Осыдан кейін Сайраш өзінің дүниеге қызыққан ұсақтығына ұялып, өзгеше күйге түсті. Бірте-бірте басқа адамға айналды.

– Пенделік, дүниеқо­ңыздық әрекетіме қатты қысылдым. Бес күндік өмір­де аласұрып, асығып ап­тықпай, барға қанағат тұту керек екен ғой деп, тәу­баға келдім. Құлақтағы бриллиант, қолдағы алтын сырғаны сыпырып тастап, сабама түстім. Алла осы бергеніңе шүкір деп, күрт өзгердім. Жылтырақ дүниеге қызығу жайына қалды, аяқ астынан күрт өзгердім. Әлгі кісінің тағдыры, өз басындағы мүшкіл халді айтқаны маған ерекше әсер етті. Содан көп ұзамай елге оралдық, – дейді ол. Cайраштың бойындағы оң өзгерісті күйеуі де байқады. Демалысқа бармай тұрып, ана үй күтушінің көзін құртам, маған ұнамайды, жедел қимылдамайды, өзі сылбыр дегені бар.

Тағы бірде ана күтуші де тойынып алды, үй тазалағаны көңілімнен шықпай жүр, басқасын таппасам деген. Отағасы үйге келген соң келіншегіне: – Ана жүргізуші ұнамайды деп едің, бас­қасын әкелдім, үй күтушісін де алмастырайық, – деді. Бірақ Сайраш бұрынғы жүргізушіні алмас­тырмай сол күйінде қалдырды. Ал ауланы жиыстыратын үй күтушісінің біреуін қалдырып, ас әзірлейтін екіншісін босатқан. Бір шаңырақ астындағы балаларына, күйеуіне өзінің де ас әзірлеп бере алатын жағдайы бар. Және кезінде тамақтың неше түрін жасап, бір кісідей аспаз­дық­тың қырларын меңгеріп алған болатын. Ас мәзірін дайындаудың өзі керек десеңіз, ана­сы­нан дарыған өнер деуге болады. Көңіл тоғайып, тойынғандықтан бірте-бірте соны да ұмыта бастапты. Енді мұным ұят болды-ау деп тәубаға келді. Шүкір денсаулығы мықты. Ойлап отырса өзі­нен қолы бос адам жоқ. Үй ішінде бала­лармен бірге шүйіркелесіп, ас қамдап жүр­геннің өзі көңілді екен. Соны енді түсінгендей болды. Астанаға келген соң бұрыннан араласып жүретін биік лауазымды мықтылардың келін­шектерімен тағы да араласа бастады. Өздері ғана бас қосатын үлкен отырыстарда талай байқағаны бар, кейбір дөкейлердің сұлу жұбайлары тым жас, екінші әйелдері. Олардың не кием, не ішем дейтін қатардағы өзекті жандардан әлдеқашан бөлектеніп, қарапайым пенделердің күйкі тірлігінен ада болып, алшаң басып жүргендері өз алдына, енді тіпті армандары асқақтай түскен еді. Кейбір нақсүйерлердің масайрағандары соншалық, эксклюзив деп аталатын ілуде бір ғана кездесетін, арнайы тапсырыспен жасалатын гауһар сақина, сырғаларды тағуға ынтығып, соған қол жеткізуді мақсат етіп қояды. Және оны бір салтанатты басқосуда ғана тағады, екін­ші мәрте қайта пайдалану олар үшін ұят шаруа. Өзгелер байқап қалса, тіпті масқара. Бір тойға арнап тіктірген қымбат көйлекті екінші мәрте кию деген атымен болмайды. Алайда ол бикеш­тер мұндай өрескелдікке жол бере қоймайтын. Қарап отырса, мұндағы мықтылардың үйіндегі сылқымдардың арасында есіргендері де, кесірленіп тойынғандары баршылық екен. Бірде Сайраш орталық көшелердің біріндегі дүкен маңында жұпыны киімді бір әйелдің бар дауысымен бақырып, “енді қайттым, балаларым аш қалатын болды-ау, бар ақшамнан айырылып масқара болдым ғой” деп жаны шығып шырылдап тұрғанын көрді де, қасына келіп мән-жайды сұрады. Сөйтсе, әлгі міскін екі мың теңгесін түсіріп алып, қатты қиналып тұр екен. Содан оны көлігіне отырғызып, үйіне апарды да, жиырма мың теңгені қолына ұстатып, балаларға арналған қыстық киімдер мен аяқ киімдерді дәу сөмкеге салып, оған қоса біраз тағамдарды екінші сөмкеге толтырып, жүргізушісі арқылы үйіне апарып салуды тапсырды. Әлгі әйел қайта-қайта алғысын жаудырып, үйіне қайтқан. Сөйтсе, оның тұратын жері ой-шұқыры мол, қаланың шетіндегі 15 шақырым жердегі саяжай ішіндегі құрқылтайдың ұясындай күркеде екен. Жүргізуші жолда батпаққа тығылып, екі сағат жүріп, әлгі әйелді мекен-тұрағына әзер жеткізіпті. Сонымен, Сайраш шетелдегі демалыстан оралған соң мүлде өзгерді. Сабырлы, сал­қынқанды, салиқалы кейіпке түскен. Оны өзі қатарлас құрбы келіншектер де байқайды. Сөйлесе сөздің мәйегін ағытатын, өзгелерді ұйытып әкететін, жұртты қасына үйіріп алатын қасиеті бар Сайраш бірде құрбыларының басын қосып, өмір туралы толғамдарын ортаға салды. Санаторийде болған жәйтті еске алды. Деннің саулығынан, балалардың амандығынан асқан бақыт, байлық жоқ екеніне өзгелердің көзін жеткізді. Қазір өзі секілді жағдайы жақсы, күй-қуаты мықты сол келіншектердің біразы талай адамға хал-қадерінше қолұшын беріп, қиналғандарға көмектесе бастаған. Солардың бірі шаһардағы балалар үйінің бірін қарамағына алып, ай сайын қаржылай көмек көрсетіп отырады. Азықпен көмектесу өз алдына, алпыс балаға киім әперіп тұруды міндетіне алған. Ал енді бір келіншек мектеп бітірген жетім баланың біреуін қолына алып, оқытып тәрбиелеп, мұнтаздай етіп киіндіреді. Оған ағылшын тілін үйретіп, демеушілік көрсетіп, осы күзде Еуропаға оқуға жібергені бар. Сайраштың тағы бір ақсүйек құрбысы Германиядан келіп бала асырап алмақ болған шетелдік азаматтың жолын кесіп, тілінің мүкісі бар бозбаланы дефектолог дәрігерге емдетіп, қатарға қосып сауабын алды. Айта берсе бұл Сайраштың және оның құрбыларының істеген көп жақсылықтарының бірі ғана. Жалғыз ол ғана ма екен, тәубаға келіп, көмек қолын созып, қайырымдылық көрсетіп жүрген. Өткен жылы Алматы көшелерінің біріндегі дүңгіршекте шиеттей балаларымен газет сатып екі жыл тұрған әйелге Ақсайдан екі бөлмелі пәтер алып берген, өзі белгісіз болып қалған азамат туралы ақпарат құралдары айтты да. Ондай жақсылығын жарияламайтын, ал шынымен көмек қажет ететіндерге қолұшын беретіндер сирек те болса кездеседі ғой. ... Бұл күнде Сайраш кейбір лауазымды қызметкерлердің келіншектерінің басын қосып, имандылық ұйымын құрып алған. Олар да Сайраштың айтқанын қалт жібермейді. Бар дүниелерін таратып жібермесе де, сабаларына түсіп, асып-тасқан әдеттерінен арылып, осы тірліктеріне шүкіршілік жасап, дүниеге қызығушылық, көрсеқызарлық секілді жағымсыз әрекеттерден едәуір тиылған. Қанша дегенмен, оқыған, тоқығаны бар, зиялы қауым ортасынан ғой, көбінің түсінігі мол...

Саясат БЕЙІСБАЙ, журналист.