• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2011

Теңбіл доп теуіп ерледі

467 рет
көрсетілді

«КазКА» Қазақстан кәсіп­кер­ле­рінің ассоциациясы 2011 жы­лы 1 шілдеде  футболдан турнир өт­кізді. Оған қатысушы 30 ко­ман­даның арасында «KazEnergy» ас­социациясының атынан түс­кен  «ҚазТрансГаз» акционерлік қоға­мы­ның коман­дасы  бірінші орын­ды жеңіп ал­ды. Турнир Ал­маты қаласын­дағы «Football Land» футбол орталығының алаң­да­рында өт­ті. Бәсекеге түс­кен фут­бол­шы­лардың өнерін та­ма­шалауға жан­­күйерлермен бірге жұртшы­лық та көп жиналды. Сонымен іле-шала «ҚазТранс­Газ» АҚ командасы үстіміздегі жыл­дың 30 шілдесінде Gazprom Germania компаниясының шақы­руы­мен Берлин қаласында өткен халықаралық футбол сайысына сап түзеп сынға түсті. Оған жеті мемлекеттен келген 12 команда қатысты. Атап айтар болсақ, олар Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Ресей, Түркия, Қазақстан және Чехия тәрізді елдердің ко­мандалары еді. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының командасы бұл турнирге тұңғыш рет қатысып, табан тірескен тартыста үшінші орын­ды жеңіп алды. Жігіттеріміз теңбіл доп теуіп ерледі. Жерлестеріміз жартылай финалда FC Schalke 04 (Шальке 04) командасынан 0:1 есеппен ұтылғанына қарамастан, 3-ші орынға таласқан матчта Hertha (Герта) командасын 3:0 есебімен жеңіп шықты. «ҚазТрансГаз» АҚ командасының ойыншысы Ерлан Оразаев додалы жарыста шалт қимылдап айшықты ойын өрне­гімен ерекшеленіп, қақпаға доп соғушы ең үздік сұрмерген деген  атақты қанжығасына байлады. Атап айтатын бір жайт,      «Қаз­ТрансГаз» акционерлік қо­ғамы 2000 жылы мұнай-газ сала­сындағы жұмыстарды жүйелен­діру үшін құрылған болатын. Компания қа­зіргі уақытта газ барлау, өндіру, тасымалдау және бөлу кезінде активтерді  корпоративтік басқару бо­йынша қызметті жүзеге асы­рады. «ҚазТрансГаз» АҚ ком­па­ниялары тобының құрамына газ өндіруші, тасымалдаушы және сатумен айналысатын, сонымен бірге оның өнімдерін өңдеуші кәсіп­орындар мен сервистік қызметтер көрсетуші ұйымдар кіреді. Іргелі де күрделі жұмыстар атқарып отырған компания еншілес және салалас кәсіпорын­дарының әлеу­мет­тік мәселесіне де әрдайым назар аударып келеді. Соның нақты айғағындай – жұмыскерлердің әлеу­­меттік-мәдени тіршілігі жыл­дан жылға жақсару үстінде. Са­ламатты өмір салтын қалып­тас­тыруды дәстүрге айналдырған ком­панияның сауапты ісі өркен жайып, өрісі кеңейетіндігіне шүбә жоқ. Марат АҚҚҰЛ.