СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСА БЕРЕДІ Жаңа жыл облыстағы Май, Железинка аудандары мен Ақсу қаласы тұрғындары үшін қуанышты көңілмен басталды. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы аудан орталықтары Көктөбе мен Железинкада, өндірісті Ақсу қаласында жарқыраған жаңа ауруханалар пайдалануға берілді.
Бұрынғы қырық жылғы ескілеріне қарағанда, аудан орталығында өмірі болмаған жаңа аурухананың салынуы, әрине, бұрынғы Семей полигоны зардаптарын көріп келе жатқан ел іші үшін толықтай емделулеріне жасалған үлкен мүмкіндік. “Тек 2010 жылы денсаулығымыз мықты болсын, ауырып-сырқай қалсақ, енді бұрынғыдай облыс орталығына жүгірмейтін болдық, емделіп, тексерілу үшін барлық медициналық құрал-жабдықтар өзіміздің аудандық аурхуанада бар”, – дейді ауыл тұрғындары. Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Железинка ауданының орталығы Железинка ауылы көршілес Ресей елінің Шарлақ ауданымен шекаралас орналасқан. – Біз енді көршілермізге осындай ауруханамыз бар деп көрсетіп, біздің ауылда қандай құрылыс бой көтергенін айтып, мақтанатын болдық, – дейді аудан тұрғындары.
Сөйтіп, былтырғы жылдары көңіл құлазытқан аудандар және облыс орталығындағы тоқтап қалған құрылыстарға жыл соңында жан бітті. Өткен жылы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша шалғайдағы аудан орталығы Ақтоғайда, Май ауданының орталығы Көктөбеде жарқыраған жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ауыл тұрғындарына аса қажетті құрылысы тоқтап қалған мектептер мен ауруханалардың жауапсыз мердігерлерінің кінәсінен кешігуіне назар аударып, бұл орындардың іске қосылуын тікелей өз бақылауына алды. Сол қатаң шара, тиісті бақылаудың арқасында үлкен істер жүзеге асып, ауыл балалары қазір жаңа мектептерде білім алуда.
Елбасы жиі айтып жүретіндей, мұндай жарқыраған жаңа мектептер, ауруханалар бұрын қашан салынып еді. Елу жылда ел жаңа деген осы. Облыс орталығындағы тағы да сол мердігерлер кінәсінен тоқтап қалған үш үйдің құрылысы жаңа жылдың алдында жанданып, пайдалануға берілді. Осының арқасында қала тұрғындары 1410 жаңа пәтерлерге қоныстанды. Жергілікті билік орындары өндіріс жағдайына, жұмысшылардың санына, олардың еңбекақыларының уақытында төленіп, құқықтарының сақталуына арнайы есеп-мониторинг жүргізіп отырады. Ірі кәсіпорындармен өнім өндіру көлемін, жалақыны азайтпау, жұмысшыларды қысқартпау жөнінде меморандумдарға қол қойылған.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жұмысы халықтың ертеңгі күнге сенімін жоғалтпай, қиындықтарды бірлесіп жеңуге бағытталды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының өткен жылғы өсу қарқынының жалғасы биылғы басталған жылы да нәтижелі көрсеткіштерге жетеді деген сенім бар. Дағдарысқа қарсы барлық шаралар жасалды. Енді одан келіп-кетер қорқыныш жоқ. Облыстағы ірі кәсіпорындар басшыларымен жұмысшылардың еңбекақыларын қысқартпау, еңбек өнімділігін төмендетпеу туралы меморанумға қол қойылды. Облыстың өнеркәсіп орындары өткен жылы 700,0 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Жалпы облыс бойынша құрамына алюминий, электролиз зауыттары, Ақсу ферроқорытпа, Павлодар мәшине жасау зауыты, Ақсу ГРЭС-і, “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” АҚ енетін “ENRC Menegment KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 23510 адам еңбек етеді.
Бұл күндері кәсіпорындар, Екібастұздағы стансалары, көмір кеніштері қалыпты еңбек ырғақтарымен жұмыс істеуде. Ал “Қазақстан алюминийі” АҚ-та былтырғы жылы көктемде 130 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, сонымен қатар 400 орындық зауыт жұмысшыларының балаларына арналған балабақша құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығындағы мұнай-газ саласына арналған құбыр жасайтын “KSP Stell” және “Кастинг“ ЖШС филиалдары да тұрақты жұмыс жасауда. Былтыр құбыр жасаушылар “Қазақстан темір жолы“ ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамымен теміржол рельстерін жасауға байланысты екі жақты келісім-шарт жасасты. Осындай ауқымды өндірістік жоба іске асса, алдағы жылдары құбыр зауыты жылына кем дегенде 100 мың тоннаға жететін магистральдік желілерге арналған рельстер шығара бастайды. Өйткені, елімізге жыл сайын темір жол бойын жаңартып отыруға жүз мың тоннадай рельстер қажет көрінеді. Бұл – өндіріс орны 4 мың жұмысшы қолын күтеді деген сөз. Өткен жылы ұлттық компаниялар тарапынан 15 мың тонна жіксіз құбыр алуға тапсырыс түсіпті. Өндірісті Екібастұздағы “Таман” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы вагон жасау зауыты негізінде жүк вагондарын жасап шығаратын жобаны жүзеге асыруда. Яғни, жылына 2,5 мыңдай вагон жасап шығара алады. Биылғы жылы электролиз зауытының екінші кезегінің іске қосылатын уақыты да жақын қалды. ГРЭС-2 стансасының үшінші энергоблогы құрылысын бастауға арналған мемлекетаралық екі жақты келісімдер барысына да қол қойылды. Стансаның 3-ші энергоблогын салу жұмыстарына 2,5 мыңдай құрылысшы қатысады деп күтілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін жиырмаға жуық жаңа орындар ашылыпты. Биыл да жыл бойы облыс және аудан орталықтарында жәрмеңкелер өткізіледі. Барлық аудандар облыс орталығында өз дүкендерін ашып берді. Олар арзан бағалы азық-түлік өнімдерін сатуды қолға алды. Сонымен қатар облыстағы Шарбақты құс фабрикасын қайта құру, жабдықтау жұмыстары аяқталды.
Бұл күндері фабрикада құс саны 234,6 мыңға дейін көбейді. Осы ауданның Орловка және Павлодар ауылында бірінде қуаттылығы 7, екіншісінде 20 тоннаға дейін жететін құрама жем зауыттары жұмыс істеуде. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп дайындауды 319 дайындау пункттері жүзеге асыруда, былтыр ауылдарға 50 сүт салқындатқыш сатып әперілді. Бұл күндері облыс аумағында жаңадан екі жылыжай кешені, бройлерлі құс фабрикасы, 2330 мал ұстайтын сүт фермасы, халықаралық талаптарға сай жабдықталатын көкөніс қоймасы салынуда. Ал жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде 6 спорттық кешен, балабақшалар, мектеп жанынан 67 шағын орталықтар ашылды. Жалпы облыста қазір құны 212,4 млрд. теңгені құрайтын төрт серпінді жоба жүзеге асуда. Жаңа басталған жылы ашылған жаңа өндіріс орындары, атап айтқанда, эфир-пропилен өндірісі, мұнай-химия зауытындағы өнім сапасын жақсарту бағытында сутегі өндірісін жабдықтау, керамикалық кірпіш шығаратын екі зауыт және Екібастұз жылу-электр орталығында 12 мегаваттық электр энергиясын өндіретін турбина жасайтын орындар жұмысы әрі қарай жалғасады. Жаңа жылда да облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев айрықша жігермен қолға алған жақсы істер, еліміз үшін жақсылық әкелетін сәттер, үлкен міндеттердің орындалу қуанышы күтіп тұр деп ойлаймыз.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
АЛМАТЫ БҮЛДІРШІНДЕРІ: алдағы үш жылда балабақшалармен толық қамтамасыз етілмек
Елбасының тікелей желі кезінде айтқан ұлағатты әңгімелерінен балаларға жасалған қамқорлық – еліміздің болашағына жасалған қамқорлық екендігі айқын танылған болатын. Нақ осы орайда, елдің басқа да аймақтарындағы сияқты, Алматы қаласында да шешімін таппаған түйткілдер бары анық. Бүгінгі таңда мұнда мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамтылу көрсеткіші 62 пайызға тең. Ал бұл ретте кезекке тұрғандар саны жиырма екі мың адамнан асады. Осы толғақты мәселелерді қала әкімі Ахметжан Есімов пен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алматыдағы мектепке дейінгі ұйымдар жүйесінің даму барысымен танысып көру аясында кеңінен ақылдасып ойласты. Өткен жылдарда көптеген балабақшалар жекешеленіп кетті немесе жеке адамдар мен ұйымдарға ұзақ мерзімге жалға берілген-ді. 2008 жылы соларды түп иесіне қайтару жөніндегі жұмыстар басталған. Соның нәтижесінде 700 орындық бұрынғы төрт балабақша ғимараттарында қазір балалық бал дәуреннің шат лебі есуде.
Балабақшаларды қайтару орайындағы жұмыс биыл да жалғасуда. Қазіргі уақытта бұрын жекеменшікке байыпсыздықпен беріліп қойған ғимараттарды қайта сатып алу үшін қаржы іздестіруде. Ғимарат жалға берілген жағдайда жалға алу шартының күші жойылатын уақытты күтуге тура келеді. Не болмаса шарттарды бұзудың заңды жолдарына жүгіну керек. Осы тұрғыдан келгенде, биылғы жылы 1300 орындық бұрынғы бес балабақша ғимараты толығынан және 150 орындық екі ғимарат ішінара қайтарылады деп көзделуде. Сонымен қатар, қазіргі кезде Алматыда 1200 орындық алты жаңа балабақша салынуда. Және биыл 1200 орындық тағы бес балабақшаның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 240 орындық 4 мектепке дейінгі жаңа жеке меншік мекемелер қатарға қосылуға сақадай сай тұр десе, биыл жеке кәсіпкерлер бұған қосымша 600 орындық он балабақша салуды жоспарлап отыр. Осы арада жаңа жыл қарсаңында 50 орындық “Айгөлек” атты бала бақшаның және “Әдемі” бүлдіршін қыздарға арналған дайындық мектебінің пайдалануға берілгенін айта кетсек дейміз. Сондай-ақ мегаполистің құрылыс жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінде мектепке дейінгі балалар мекемелерін орналастырудың басқа да мүмкіндіктері молынан қарастырылуда. Осындай кешендер қатарынан 1000 баланы орналастыруға болатын 14 ғимарат анықталды. Мұндай балабақшалар негізінен жаңа құрылыстардың бірінші қабаттарында орнығып, тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымымен үйлесіп, біте қайнасып кетпек. Бұл жағдайда жеке меншік балабақшаларының жұмысын реттестіретін өртке қарсы және санитарлық нормалар мәселелерін Үкімет деңгейінде шешуді де ұмытпаған абзал. Өткен жылдың қаңтар айында Елбасы бастамасымен құрылған Алатау ауданында жаңа №161 балабақшасы ашылғаны бәріміздің есімізде. Бұл қуаныштың бір ғана өкініші, ол соңғы жиырма жылда оңтүстік астанада ашылған мектепке дейінгі жалғыз мекеме.
Осынау балабақша “Шаңырақ” шағын ауданында орналасып, 120 бүлдіршінге есептеліп салынған. Ғимараттың жалпы алаңы 1800 шаршы метр. Мұнда оқу тәрбие жұмысы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Балабақша бес топқа бөлінген, онда асхана, музыка залы, медицина кабинеті бар. Қазіргі кезде жалпы жиыны 700 орындық балабақшалар құрылысының алты жобасы барша құжаттамасымен қоса толығынан әзір тұр. Қаржы көзі табыла салысымен олардың құрылысы да дереу басталып кетпек. Осылайша, тікелей желідегі тапсырмаға жауап ретінде құрылыс қарқыны жеделдетіле түсіп, Алматыдағы балабақша зәрушілігінің түйткілдері таяудағы үш жыл ішінде түпкілікті шешіледі деп пайымдалуда.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Жылдың жылы сөзі ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА...
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты. Өткен жылдың өзекті сәттері аз болған жоқ. Дағдарыстың жегі желі талай қиыншылықтар туғызды. Оның сыртында Этносаралық және конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті қамтамасыз ету Қазақстан дамуының, елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңғыруының маңызды шарты болып табылатыны айқындала түсті. Қазақ “төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген қағиданы жан-жүрегімен ұғынған халық. Заманалардың көш-керуені бүгінгі күнге жетегін сындырмай, шылбырын үзбей әкелген біздің ел мынау аламан уақыттың ұлы көшінде өз орнын табуға бел буған. “Мен қазақпын, бақытты, байтақ елмін, Қайта тудым өмірге қайта келдім – деп Жұбан ақын жырлағандай, қазақтың бақытты шағы жұлдыз боп жанып, көгімізде күн болып жарқырады. Әрине, бақыттың үлкені — Тәуелсіздік.
Адамзат баласы үшін одан қасиетті, одан қастерлі ұғым жоқ. Қобыздың пернесінде, домбыраның шанағында күңіреніп сан ғасыр көңілімізге нұр, жанымызға жыр сыйлаған осы бір киелі ұғым бүгін біздің жанымызға жақсылық сыйлайды. Өз басым қызмет бабымен ел ішінде көбірек жүремін. Сонда ұққан ақиқатым, Сарыарқаның қазағы да арман мақсаты бес саусақтай жұмылған бір қазақ. Қазақ атаулының жаны жақсылыққа жайылған. Алдағы жылдан не күтесің дегенде жұмыссыз жастардың, тәнін сатқан қыздардың жай-күйі мазалайды. Бұл аз болса да қоғамда бар көріністер. Сол жастар аспаннан түскен жоқ. Біріміздің қарындасымыз, біріміздің қызымыз дегендей...
...Мұқым қайғы, Таяз бақыт, Күз қала, Сықырлайды аяз уақыт сыздана, Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп Қап арқалап бара жатыр қыз бала – деп жазыппын ертеректегі бір өлеңімде. Қызы қылықты, ұлы ұлықты елдің баласы болғанға не жетсін! Өткен қыста Мәскеуге іссапармен екі мәрте жолым түсті. Сонда көргенім, көршілес қырғыз, тәжік, өзбектің жастары көшедегі қара жұмыстардың бәрін атқарады екен. Көше сыпырып, қар күреп жүрген қазақ баласы жоқ. Кезіккендері ғылым-білім қуып жүргендер. Бүгінгі әлем ақыл-ой аламанын ғана мойындайды. Жаһанданудың алапат тасқынының астында қалып қоймау үшін білімің мен білігің сай болуы керек. Қазақта “Ескі ай есіркесін, жаңа ай жарылқасын” деген көне тілек бар. Жарықтық ауылдың қарттары ай жаңарған сайын айтып отырушы еді. Иә, үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан елдің ертеңінен күтері көп. Тәуелсіздікпен бірге келген сәулелі жаңалықтар көзімізді қарықтырмай, Алаш баласын әппақ нұрлардың ішінен көруге жазсын.
ӘР БАЛАНЫҢ ӨЗ НЕСІБЕСІ БАР:
Тәрбие СМАҒҰЛОВА, көп балалы ана. Егемен елімізде ана мен балаға деген қамқорлық жыл сайын жақсарып келеді. Соның жарқын бір көрінісі – барыс жылынан бастап алты бала тауып, аман-есен өсірген ана “Күміс алқа”, жеті баласы бар ана “Алтын алқа” иегері атанады. Бұл қанша құрметтесең де артық етпейтін аналар үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қамқорлық. Бұл демографиялық ахуалдың жақсаруы мен ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне алғышарт қалайды. Мен бес ұл-қыз өсіріп отырған көп балалы анамын. Ұлымды 1984 жылы, қыздарымды тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде дүниеге әкелдім. Дегенмен, “әр баланың өз несібесі бар” дегендей, соған қарамастан, олардың бәрінің балабақшаға, мектепке барып, қатарларынан кем болмауына тырыстық. Оған қоса отағасым заң қызметкері, ол кезде Алматыдағы жоғары оқу орнында сырттай оқып жүрді. Бүгінде ұлым Арман Жалмұханов әке жолын қуып, тергеуші болып жүр. Қыздарым Әлия, Айнагүл, Айнұр – студент, кенжеміз Айгүл мектеп оқушысы. Өзім 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін аяқтағаннан кейін Батыс Қазақстан облыстық “Орал өңірі” газетіне жолдамамен келген едім. Еңбек ете жүре жүріп, тұрмыс құрдым. Сонда да журналистік мамандығымнан қол үзбедім. Қызмет барысында Ақжайық өңірінің түкпір-түкпірін аралап, тағдыры қызық қаншама адаммен кездестім, қаламымның күшімен кейбір жанға қамқор болған кез де болды. Өзіме жақын әлеуметтік мәселелер, гендерлік саясат, ана мен бала құқығын қорғау және басқа да тақырыптарда жазған еңбектерім еленіп, талай рет республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атандым. Шығармашылық жолда үш кітап құрастырып, үш-төрт жинаққа әңгіме-новеллаларым енді. 2002 жылы өзімнің қырық бес жасқа, ҚазМУ-ды бітірген курстастарыммен кездесудің 20 жылдығына арнап 1 мың метр биіктіктен парашютпен секіріп, “көктен түскен әріптес” атандым. Мұның бәрін жазып отырғаным, көп бала – ата-ана үшін мақтаныш, қуаныш. Мен көп балалы анамын деп ешқашан өмірдің сыйынан құр қалған емеспін. Менің өрлеуіме ең алдымен отбасы иесі Жұмағали Сапашұлы мен балаларым жол ашып, қолдап отырды. Содан кейінгі ризашылығымды тоқсан жылдан астам тарихы бар, ұйымшыл ұжымым – “Орал өңірі” газетіне арнаймын. Биыл құдай қаласа, көп балалы ана ретінде зейнет демалысына шығамын ба деп отырмын. Меніңше, көп балалы аналар үшін мұндай қамқорлықтың орны ерекше. Сөзімнің соңында, биылғы барыс жылы әр отбасына құт ала келсін, елімізде бесік тербетер аналар одан әрі көбейіп, әр шаңырақтан сәби үні естілсін деген тілек айтамын. Орал.
ӘЛЕУМЕТКЕ ТЫҢДАТАДЫ БИЛІГІН:
Қорғанбек АМАНЖОЛ. Бір ғажайып келді жаңа жыл тағы, Жанымызды жыл шуағы жылытады. Әлди, әлди, жас балақан Жаңа жыл – Уақыт деген ұлы патша ұрпағы. Тереземе салып өрнек қырау гүл, Келді, міне, ағыл-тегіл жырау жыл. Сәби жылды бесігінде тербеткен Көңілдерге түспесінші қылау бір. Ұбақ-шұбақ ұлы көші уақыттың, Жаңа жылым – жарқыраған жаһұтым. Жаңа жылым, сыйла бізге қуаныш, Татыр бізге балдай дәмін бақыттың! Достар, достар! Тағы да бір жыл жаңа. Қадам басты ұрлана да нұрлана. Жүректерде лүпілдейді жас үміт, Ашылады, шашылады бүр жаңа. Жаңа жылым, жұмбақсың-ау. Кім білсін?! Күміс күлкі, хрустальдай сыңғырсың. Көкіректе арман толы күмбірсің. Жаңа жылым жаз көңілмен жайнатып, Жас сұлудай шаттандырып күлдірсін. Жаңа жылдың шапағатты нұр таңы, Достар, бізге құшақ жайып тұр тағы. Артық болсын бір несібе, бір ырыс, Биік болсын ән самғауы, жыр тағы. Табыс та бар, шүкір, Алла, тұрмыс бар, Жамандыққа бола берсін кім құштар? Жаңа жылда жақсылықтың мерейі Тым құрыса үстем тұрсын бір мысқал. Жаңа жылда басқа бақыт іздемен. Өз Отаным, өз үйімде – түзде емен. Адал болсақ жылдың ақша қарындай, Махаббат та, мархабат та бізбенен. Өздеріңде, достар, барлық жақсылық, Көздеріңде ұшқындаған жақсы үміт. Жаңа жылда желбіретіп жалаудай, Жақсылықты көтерейік бас қылып. Барыс жылы биік тұғыр, би жылым, Тосып тұр-ау алдан алқа сыйлығың. Нар қазағым Еуропада көкке өрлеп, Әлеуметке тыңдатады билігін. Қане, достар, көтерейік иықты, Аңсайықшы қыран самғар биікті! Құт дарытар Қыдыр ата сияқты, Сәлем саған, Жаңа жылым сүйікті!..
Алматы.