• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2011

Рамазан – нұр шашқан ай

413 рет
көрсетілді

Барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы биыл да береке-бірлігімізге кеңінен жол ашып, мейірімнің, шапағат­тың шуағын төгіп отыр. Оны бүгін назарларыңызға ұсынып отырған оқырман хаттарынан да айқын байқауға болады. Өте өзекті мәселе Барша жұртшылықтың құр­метіне бөленген, жылдан-жылға таралымы артып келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Бас мүфтидің министрліктер мен сала жетекшілеріне, облыс, қа­ла, аудан бас­шы­ла­рына, кәсіп­кер­лер мен ел хал­қына қасиетті Рамазан айына бай­ланысты жол­даған үн­деуін то­лығымен қолдаймын. Бұл үндеу, меніңше, барлық қазақстандықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Үндеуде өзекті мәселелер орын­ды кө­тер­ілген. Ораза кезінде азық-түлік­тер­дің бағасын кәсіпкер жігіттер төмендетіп, оларға жеңіл­діктер жа­­сауы – үлкен қамқорлық. Сайран БҰҚАНОВ , «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы.   Бәрімізге ой салды Қасиетті Рамазан айы мұ­сыл­мандар үшін ең қасиетті де қа­дір­лі, берекелі де ырысты ай. Бұл айда тағдырымызға жақсы­лық беретін Қадір түні бар. Әрі барша мұсылман ораза тұтып, Алла ал­дында ниеті сыналады. Сондық­тан баршамызға Алла ­та­ғала тау­фиқ-һидаят беріп, има­ны­мыз­ды берік, ниетімізді қабыл етсін. Халықтың күн­кө­рісіне жеңілдік пен көмек, еліне Алладан ризық-несібе сұ­рал­ған үндеу барша мұсылмандарға ой салғаны анық. Енді өзіме келсем, бір адам қолымнан намаз кіта­бын сатып алып, сәждеге маң­дайын тигізсе, мүмкін бұл біреулерге жай нәрсе боп көрінер, ал мен үшін ол зор бақыт! Сон­дық­тан азды-көпті болсын, Бас мүфтидің: «Бұл үндеу барша адамзат бала­сына мол ризық беруші Алла ­та­ғаланың разылы­ғы­на біз­дің жұр­тымыз мұнан әрі қарай да бөленіп, сауабына ие бола берсе деген ізгі мақсаттан туып отыр», деп айтқанындай, Алла­ның ра­зылығына бөлену үшін осы Рамазан айында бар жақ­сы­лық ниетімізді төгейікші, ағайын! Сақыш Қабдоллақызы, жеке кәсіпкер. Өскемен.   Игі істің сауабы мол Қызылжар өңірінде ораза күн­­дері дүкендерде арақ-шараптың сатылмауына, азық-түлік, тағам өнімдерінің, коммуналдық қыз­меттердің арзандауына қандас­та­рымыз өз үлес­терін қосуда. Мысалы Тайынша ауданына қа­расты Теңдік ауы­лындағы серік­тестіктің жетекшісі Орынбай қа­жы дүкендерге ішімдік атаулы­ны әкелуге тый­ым салып, күн­делікті тұтынатын тағамдар мен тауарлар бағала­рының қолже­тім­ділігін қамтама­сыз етіп отыр. Облыс орта­лы­ғындағы «Қызыл­жар» орталық мешітіндегі асханадан жайшы­лықта адамдар арылмайтын. Ора­за айында ауыз аштыру­шы­лар қатарының тіпті көбейіп кететіні белгілі. Осы жағын ескеріп, асхана бағасы 15 пайызға арзандатылды. Аудан­да­ғы мешіт­терде де қызмет көр­сету бағасы едәуір төмендеді. Ал біз болсақ, сауапты істер жасауға шақыратын үндеудің мән-маңызын жүрген жерлеріміз­де кеңінен түсіндіріп, айта жү­ру­ді бір парызымыз санаймыз. Қасымхан қажы АБДОЛЛАҰЛЫ, Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы.   Ниет болса, бітпейтін іс жоқ Бас мүфтидің үндеуінде ай­тылған жәйттер «Сарайшық» халал мейрамханасында бүгінде анық жүзеге асуда. Ол қаладағы жалғыз халал тамақ ішетін орын десек те болады. Тұрғындарға мұсыл­мандық шариғат талапта­рына сай қызмет көрсетіп келе жатқан мейрамхана өз беделін күн өткен сайын көтеріп келе жатыр. Жыл сайынғы Рамазан айында ауызашар беру, басқа да сауапты істерді үзбей жасайтын «Сарайшық» мейрамханасының басшысы Ерлан Алдаспаев би­ыл­ғы мүбәрак Рамазан айында мәзірдің бағасын 15-20 пайызға арзандатқан. – Біз қаладағы жалғыз халал мейрамхана болғандықтан Әбсат­тар қажы Дербісәлінің үндеуіне үн қосуды жөн деп таптық. Бір ай бойына атыраулықтарға же­ңілдікпен қызмет етпекпіз. Мұ­нымен қатар Рамазан айының бір күнінде ауыз бекіткен жа­ма­ғатқа тегін ауызашар ұйымдас­тыруды да жоспарлап отырмыз, – дейді мейрамхана әкімшісі Лау­ра Бегежанова. Иә, «Сарайшық» халал мей­рамханасының игі ісін өзгелер де жалғастырса құба-құп. Ал мүф­тидің қасиетті айда арақ-ша­рап­тан, шариғатымыз тыйым сал­ған басқа да харам іс-әрекет­тер­­­ден аулақ болуға шақырған тілегін қолдаушылар тіптен көбейіп тұр. Әлпеш САДЫҚ.   Халыққа пайдалы іс деген осы Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің барша қа­зақстандықтарға арнаған үндеу­ін жылы жүрекпен қабыл алдық. Ондағы мүбәрак айдың құрме­тіне азық-түлік бағасы арзан­да­тылса, қазақ елі арақ-шараптан өзін аулақ ұстаса деген тілегі кім-кімнің де көңілінен шық­қа­нына сенімдімін. Айтайын дегенім, біз үндеуді қабыл алып, онда айтылғандарды орындауға кірісіп те кеттік. Мәселен, өзім басшылық жасайтын «Ақ желкен» шығармашылық орталығы бүгінде халыққа 10 пайыз же­ңіл­дікпен қызмет етудеміз. Бо­ла­шақта да халыққа пайдалы осындай ұсыныстарды қолдай бермекшіміз. Қасиетті айда барша қазақ жұртына бірлік-береке, тату тірлік тілеймін. Елдің, жердің аман­дығы мен тыныштығы – бар­ша­­мыз­дың амандығымыз бен бү­тін­дігіміздің кепілі. Жаратқан Ие­міз ұстаған оразамызды қа­был етсін! Нұрберген ДӘУЛЕТОВ, жеке кәсіпкер, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры. Атырау облысы.