БҰЛ – БАРШАМЫЗДЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БИІГІМІЗ
Жылда осы. Газеттің бірінші бетіне Президенттің Жаңа жылдық құттықтауы да, Елбасының фотосы да салынып үлгергенде де, жылдың соңғы күнінде көп оқиға, жиын-жиналыс бола қоймайтындықтан басқа беттер де жасалып қалғанда да, нөмірдің осы бір тұсы толмай тұрады. Толмай тұратыны – “Егемен Қазақстан” басылатын баспаханалардан алынатын ең соңғы мәліметтер болмай тұрады.
Міне, жаңа ғана газетіміз шығатын Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Павлодар, Тараз, Орал, Қарағанды, Талдықорған, Өскемен, Атырау қалаларындағы баспаханалардан сол мәліметтер келіп түсті. Әр баспахананың ертеңгі нөмірді қанша данамен басқалы жатқанын қосып кеп жібергенде біз мына шағын мақаланың басына қойған сан шыға келді.
160 412!
Иә, бүгіннен бастап “Егемен Қазақстан” осындай таралыммен тарайды. Бір жылдың ішінде таралым 10 мыңға өсті!
Күзде министрлігіміздің кеңейтілген алқа мәжілісі өткен. Сөйлегенбіз. Министрдің келер жылғы таралымның жайы жөніндегі сұрағына “Шамамен 155 мыңның маңайына баратын шығармыз”, дегенбіз. Солай айтуын айтқанмен, газеттер тынбай жазып, телеарналар тынбай көрсетіп жатқан қаржы дағдарысы оқырмандардың баспасөзге жазылым кезіндегі көңіл-күйіне әсер етер ме екен, ондай жағдайда таралымның өткен жылғы деңгейін сақтап қалудың өзін олжа санаған жөн-ау деген алаң көңілдің болғаны да рас еді. Енді сол күдік-күмәннің бәрі сейіліп сала берді.
Бүкіл әлемді жайлаған қаржы дағдарысының біздің еліміздегі ахуалға ықпал жасай алмағанын “Егемен Қазақстанға” жазылушылар қатарының қалыңдай түскенінен де көруге болады. Экспорттың көлемі жартысына дейін кеміп кеткен, сол жартының өзінің құны бірнеше есе арзандап кеткен жағдайда да жалақыны, зейнетақыны, шәкіртақыны уақтылы беріп қана қоймай, бұрын межеленген деңгейде өсіріп отырған Ел үшін, экономиканы әртараптандырудың жасампаздық жоспарларын жүзеге асыру арқылы өндіріс ауқымын азайтпауға, қайта өсіруге қол жеткізген, бірде-бір банкті банкроттыққа ұрындырмай аман алып қалған, ақыр аяғы алаяқтарға алданған үлескерлерге дейін үйлеріне кіргізіп отырған Ер үшін осындайда қалай мақтанбассың, ағайын!
160 412. Бұл сан – ел газеті өзінің тоқсан жылдық тойының тұсында бағындырған биік. Бұл сан – қазіргі кезеңдегі қазақ рухы бағындырған биіктің бір өлшемі. Бұл санның астарында халқымыздың елдік санасының орныға түскені тұр, бұл санның астарында қазақ тілінің деңгей-дәрежесі, оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің өскені тұр, бұл санның астарында ел тұрғындарының әл-ауқаты жақсарғаны тұр. Демек, бұл – баршамыздың бағындырған биігіміз.
Жақында ғана газетіміздің тоқсан жылдығына байланысты құттықтауға, бас басылымның жаңа ғимаратын ашуға келгенде Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Арна Медиа” ұлттық ақпараттық холдингіне қарасты БАҚ басшыларына сұхбат бергені белгілі. Сонда Елбасы “Егемен Қазақстанның” таралымына арнайы тоқталып, “38 мыңнан 150 мыңға дейін өсу газеттің қазіргі деңгейін білдіретін көрсеткіштердің бірі ғой. Міне, мұның өзі-ақ үлкен баға. Яғни, газет қажет, оқылады, қызғылықты деген сөз. Сіздердің жұмыстарыңызға берілген ең әділ, ең дәл баға осы” деген болатын. Сол бағаны бізге Сіз беріп отырсыз, ардақты оқырман!
Осы таңдауыңыз арқылы Сіз өзіңіздің туған мемлекетіңізбен бірге тыныстайтын, елім дейтін, жерім дейтін, тілім дейтін жүрегіңізді танытып отырсыз, осы таңдауыңыз арқылы Сіз өзіңіздің алаш қамын ойлаған азаматтық келбетіңізді танытып отырсыз. Рахмет Сізге!
Елдік деген осындайдан құралады. Ұлттық рух осындайдан да танылады.
Жаңа жылда жазар жақсылығымыз, жеткізер жаңалығымыз көп болсын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.