немесе облыста көш бастаған аудан туралы бірер сөз
Облыс орталығынан 350 шақырым қашықтықта жатқан Катонқарағай ауданы өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің рейтингісі бойынша ауылдық аудандар арасында ойып тұрып бірінші орынды жеңіп алды. Жалпы, Кенді Алтайда рейтингілерді анықтау арқылы жарыс жеңімпаздарын белгілеу жақсы дәстүрге айналған. Себебі, озық тәжірибені, салық жинаудың тиімді тәсілдерін қолдану, ауыл шаруашылығында қол жеткен табыстар жайлы іле-шала облыстық газеттерде жарияланады. Артта қалып қойған аудан, қалалар келесі тоқсанда немесе жыл қорытындысы бойынша алға жылжудың тәсіліне көшеді.
Ал аталмыш ауданда өткен жылы көптеген істер тындырылғаны көзге ұрып тұр. Ауыл шаруашылығының жалпы көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 42,6 пайыз өсіп, ол 7 миллиард 839,4 миллион теңгені құраған. Былтыр 53,1 мың тонна алтын дән қамбаға түсіп, күнбағыс, картоп, көкөністен де мол өнім жиналған. Ет, сүт, жүн, жұмыртқа, бал өндіру жоспары да толығымен орындалған. Бүгінгі күні ауданда 9 мал бордақылау алаңы, 12 қолдан ұрықтандыру қосыны, алты асыл тұқымды мал шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.
– Алтайда қыс қатты. Көнекөз қариялардың өзі мұндай ұзақ, боранды-шашынды күндердің айлап тұрып алғанын әрең еске түсіреді. Қыстың қатал болатыны жайлы жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов ескерткен, оның үстіне ауа райын зерттейтін мамандар да дабыл қаққан. Сондықтан да Алтайдың алты айға созылатын қысына мұқият әзірлендік. Қыстамаға 213 мың тонна шөп, ондаған тонна пішендеме, сүрлем, сабан әзірлеп алдық. Әзірге мал шығыны орын алған жоқ, аманшылық болса қыстан мал-жан аман шығатын сияқты, – деп аудан әкімі Серік Зайнулдин шаруа барысымен таныстыра кетті.
Қ. Дамитов атындағы орта мектепте 300 оқушы бар. Білім ордасына келер жылы күрделі жөндеу жасалмақ. Бұдан кейін Оновка ауылдық округіне бет алдық. Бізді ауыл әкімі мен жақында ғана ерен еңбегі үшін “Құрмет” орденімен марапатталған А. Матасов қарсы алды. Анатолий Петровичті бұрыннан танитынбыз. Ол шаруаға мығым азамат. Өткен жылы да күнбағыс, астықтан бітік өнім алыпты. “Әттең астықтың бағасы мүлдем құлдырап кетті, бірақ оған алаңдап отырған жоқпыз. Қамбаға құйып алған соң алаңдауға негіз жоқ”, деп ағынан жарылды қожалық иесі.
А. Матасовтың тағы бір ерлігін айтпай кетпеске болмас. Өткен жылы облыс әкімі Б. Сапарбаев облыстың барлық іскер азаматтарына сонау жылдары су тегінге алған балалар бақшаларын, клубтар мен мектептерді тегін қайтарып беру жөнінде бастама көтерген. Матасов ер екен, екі қабатты балабақшаны және ауылдық мәдениет үйін тегін қайтарып берді. Аудан әкімі С. Зайнулдин “Балдырған” деген балабақшаға ертіп келді. Әзірше бұл жерде 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Жақында тағы 25 орындық бақша іске қосылмақ. Ал мекеменің екінші жағында ауылдық пошта, шаштараз орналасыпты. А. Матасов қайтарып берген клуб үйі де жайнап тұр. Өткен жылы оған қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткен. Топқайың ауылында жақында ғана “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған “Топқайың” шаруа қожалығының иесі Тоқтасын Қалибековті жолықтырдық. Тоқаң биылғы қыстан қысылмай шығатынын, жем-шөптің мол екенін айтты.
Жол-жөнекей Майемер ауылына соға кеттік. Мұнда да біраз істердің атқарылғаны көрініп тұр. Мектеп, клубқа күрделі жөндеу жасалған. Ауыл көшелері қалың қардан тазартылған.
Ауданның бұрынғы орталығы Катонқарағай ауылына келдік. Осыдан үш-төрт жыл бұрын екі-үш қабатты тұрғын үйлер алқа-салқа болып, иесіз болған соң тозып-ақ тұрған. Енді сол үйлерге жан біте бастаған сыңайлы. Ауылдық әкімдіктің қарсы алдындағы үш қабатты үй алыстан көз тартады. Бұрынғы банк мекемесін облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев алып, жайнатып тұрып жөндепті. Бұл мекеме енді пантымен емдейтін шипажай болмақ.
– Іскер азамат Темірбек Құмарбекұлы маралдың мүйізін тоңазытқышта сақтап отыр. Аманшылық болса, енді бір жарты айда шипажайды халық игілігіне бермек. Пантыны қайнатып, адамдарды емдей бастамақ. Темірбек өткен жылы кіндік қаны тамған Топқайың ауылында бір көшені тегін асфальттап берген. Басқа да қайырымдылық шараларына белсенді түрде қатысып тұрады, – деді аудан әкімі.
Аудандық әкімдіктің үшінші қабатына көтерілдік. Бұл жерде аудандық “Луч”, “Арай” газеттерінің тілшілер қосыны орналасыпты. Аудандық газет редакторының орынбасары, бірнеше жыр жинақтарының авторы, белгілі қаламгер Жәнібек Қызыр 60 жасқа толғанда жерлестері құрмет көрсетіп, “Катонқарағай ауданының құрметті азаматы” деген атақ беріпті. Әріптесімізді құттықтап шығудың реті келді. Аудан өмірінің айнасы “Арай” газетінде кезінде белгілі қаламгерлер Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан, Қайырды Назырбаев сияқты азаматтар қызмет еткен. Қасиетті шаңырақ аудан тынысын жақсы көрсетіп келе жатыр.
“Жол картасы” не берді?
Өткен жылы ауданға “жол картасы” бойынша мол қаржы бөлінбегенімен ұқыпты үнемдеудің нәтижесінде біраз істер тындырылыпты. Атап айтар болсақ, төрт әлеуметтік жобаны орындауға 15 миллион 183 мың теңге бөлінді. Жаңадан 150 жұмыс орны ашылған. Аталмыш бағдарлама аясында екінші траншпен республикалық бюджеттен 16 миллион 576 мың теңге бөлініп, бұл қаражатқа Кіші Нарын орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілген көрінеді.
– Биыл да “жол картасы” бойынша біраз жобаларды қарастырып қойдық. Мектептерді, балабақшаларды күрделі жөндесек деген ой бар. Катонқарағайда “Қаратай” деген саябақта 300 түп ағаш көшетін отырғыздық. Бұл жерде Қаратай бабаға мүсін орнатсақ деген ниеттеміз. Әрине, бұл істі іскер азаматтар атқарып жатыр. Ауылдық әкімдіктің бірінші қабатындағы халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін орталықты да қажетті құралдармен жабдықтадық”, – деп аудан әкімі С. Зайнулдин әңгімесін жалғастырды.
Шалғайдағы ауылдарда да денсаулық сақтау, мәдениет үйлері бой көтерген. Сенное ауылында медпункт пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да 10 миллионнан астам қаржы бөлінген. Өрел, Майемер, Аққайнар, Шыңғыстай ауылдарындағы клубтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал аудандық мәдениет үйіне 38 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліпті. Біз болған кезде бұл жерде жұртшылық демалатын бильярд залы ашылды. Жақында үш үстел теннисі құрылып, мәдениет үйі өзін-өзі қаржыландырмақ.
– “Жол картасы” бойынша биыл 229 миллион 634 мың теңге бөлінбек. Демек, кем дегенде 322 адам жұмысқа орналасады. Ал бұл қаржыға жеті ауылдағы иесіз электр жүйелерін ағымдағы жөндеу, Көктерек, Солоновка, Бесүй, Ақсу ауылдарына күрделі жөндеу, Кіші Нарын ауылындағы клуб, Печи, Белқарағай, Аққайнар ауылдарындағы клубтарды ағымдағы жөндеуден өткізуді ұйғарып отырмыз. Өрел, Новополяковка ауылдарындағы, Катонқарағайдағы Торайғыров, аудан орталығындағы Мир, Абылай хан көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізу де ойда бар. Бағана өзіңіз көрген “Қаратай” мәдени-демалыс саябағына былтыр бес миллион теңге бөлінген, биыл оған 5 миллион 263 мың теңге бөлсек, жаздың тамылжыған күнінде тұрғындар иелігіне берсек, орынды болар еді. Жолдарды жөндеу де үстіміздегі жылы жалғаса бермек. Үлкен Нарындағы 16 пәтерлік тұрғын үйді жөндеу де қарастырылды. Алакөл көлінің жағалауындағы балаларды сауықтыру лагеріне де қаржы бөлеміз, – деп аудан әкімінің орынбасары Қайыржан Сәдуов біраз жайдан хабардар етті.
Туризм дами бермек
Мыңжылдық қарағай мен самырсын, балқарағай тамылжыған, аспанмен таласқан мұзарт таулар қоршаған, табиғаты ғажап бұл өлкеде туризмді дамыту да басты назарда тұрса керек. Бесінші түлік марал мен бұғының мүйізін қайнатып, одан түрлі дәрмек алудан басқа тағы бір берекелі іс бар. Ол пантымен емдеу-сауықтыру демалыс орындары. Бұл күндері ауданда пантымен емдеу-сауықтырудың 9 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Катонқарағай ауылында 20 орындық “Аққайың” емдеу-сауықтыру туристік кешені, Ақмарал ауылының маңында “Катонқарағай” сауықтыру-туристік кешені пайдалануға беріліп, онда жүздеген адам денсаулықтарын түзеп қайтты. Жалпы алғанда, туризмнің адамдарға тигізетін пайдасы мол. “Рахман қайнары” шипажайын қазір көрші мемлекеттер де жақсы біледі. Жыл сайын Ресей мен жақын шетелдерден туристер келіп демалады. Топқайың ауылының жанында “Нұрбұлақ” сауықтыру кешені салынып жатыр, ол биыл іске қосылмақ.
Қайтарда Катонқарағай ауылындағы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен салынып жатқан бес бөліктен тұратын үш қабатты аурухана құрылысына соға кеттік. Құрылысшылар негізінен алғанда әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аманшылық болса, жалпы құны 1 миллиард 949 миллион теңгені құрайтын 75 орындық жаңа жобадағы кешен жыл аяғында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Өрел ауылында да 829 миллион теңгеге 320 орындық мектеп құрылысы бой көтеруде. Өткен жылы Катонқарағай ауылында балабақша, мал соятын қасапхана іске қосылған. Қазір ол ел игілігіне қызмет жасауда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.