• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2011

Коммунистер мораторий ұсынады

323 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан халықтық коммунистік партиясы орталық комитетінің қоғамдық тыңдалымдары өтті. Оған аталған партияның еліміздің әр өңіріндегі белсенді мүшелері қатысты. Күн тәртібіне бірнеше мәсе­ле­лер қойылды. Олардың ішінде тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғы­ның жұмыстары, коммуналдық қызметке төлемдер, қоғамдық кө­лік­терде жүру ақылары сынды мәселелер талқы таразысына түсті. ҚХКП ОК бірінші хатшысы Владислав Косаревтің айтуынша, қоғам мемлекеттік органдарға елдегі монополистердің бағаны тым ша­рықтатып жіберу үдерісімен кү­ресуге көмектесуі қажет. Бұл жерде халықтың күш-жігері айтарлықтай маңызға ие болмақ. – Бүгінгі отырыс барысында қы­­зықты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Біз олардың барлығының басын бір құжатқа біріктіретін бо­ламыз. Одан кейін аталған құжатты тиісті органдарға, сондай-ақ, Үкі­мет пен Мемлекет басшысының на­зарына тікелей ұсынғалы отыр­мыз. Сол арқылы ел ішінде жаңа өзгерістердің орын алғанын көз­демекпіз. Себебі, мұндай қадамдар ең алдымен, қаржылық ресурс­тар­дың тиімсіз пайдаланылуына шектеу қоюға мұрындық болады. Екіншіден, коммуналдық тарифтерді жөнсіз жоғарылату керек пе, жоқ па деген сауалға жауап іздеуге сеп болмақ, – деді В.Косарев. – Бұл ретте, біз аталған қызмет түрлеріне бағаның өсірілуіне қатысты 2 жылдық мерзім көлемінде мораторий жариялауды ұсынамыз.

В.Косаревтің пікірінше,  комму­нал­дық монополистер өзінің жұ­мысына ақы алу үдерісін жүргізуде ешқандай шеңберге сыймайтын, кейде заң талаптарына сәйкес келмейтін саясатты басшылыққа алу­ды әдетке айналдырған.  Осы орайда, партияның бірінші хатшысы мұн­дай заңсыз үдерістерге бағыт­тал­ған мораторийді республика­лық көлемде өткізу қажеттігіне тоқ­талып өтті. Сондай-ақ, ол қа­зақстандық азаматтарды заң та­лаптарына қайшы әрекет ететін халыққа қызмет көрсету меке­ме­лерінің жұмысына бірлесе тос­қауыл қоюға шақырды.

«Егемен-ақпарат».