• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2011

Қарасора қасіреті

2593 рет
көрсетілді

Қарасора шөбі қаптаған атақты Шу алқабын бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Көлемі екі миллион гектарды қамтитын Шу алқабының 140 мың гектарға жуық жерінде жыл сайын қарасора (кендір) шөбі гүлдеп, қаптап өседі. Жамбыл облысындағы ауданның шатқалдары мен сай-саласын, құмды өңірлеріне дейін түгелдей жайлаған, жаман атымен аты шыққан қарасорамен күрес, әсіресе еліміздегі тәртіп сақшыларынан үлкен қажыр-қайратты талап етуде. Бұл пікірді Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы, генерал-майор Анатолий Выборов та жоққа шығармайды. Шу алқабындағы есірткі дайындаушылармен және есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы жыл сайын жүйелі түрде ауқымды деңгейдегі «Кендір» операциясы жүргізіледі. – Әлемдегі көптеген елдер сияқты Қазақ­стан үшін де есірткінің заңсыз айналымы бүгінгі таңдағы ең басты проблемалардың біріне айналуда. Астанада жақында ғана өткен ШЫҰ-ның оныншы саммитінде Мемлекет басшылары ШЫҰ-ның 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясына және оны жүзеге асыру бағдарламасына қол қойғаны белгілі. Енді сыртқы шекара арқылы есірткі трафигінің өтуіне жол бермеу үшін онымен күрес ықпалдылығын арттыру қажет. Қазақстан есірткі тасымалымен кү­рес­те жоғары көрсет­кіш­терге қол жеткізіп, ал­дыңғы шептен көрі­ну­де. Мәселен, алыс және жақын шетелдерге шы­ға­рылатын есірткі және есірткі заттарының тоқ­сан пайызы өзімізде құ­рық­талып, ұсталуда. Шу алқабында өсетін қа­ра­сорадан дайындалатын есірткі барлық бағыт­тар­ға тарайтындығы бел­гілі, – дейді Есірткі бизнесіне қарсы күрес коми­теті­нің төрағасы, генерал-майор Анатолий Вы­борнов өз ойын ортаға салып. Есірткі бизнесіне қар­сы күрес бағы­тын­да­ғы ықпалды іс-шара­лар­дың арасында республикада жыл сайын жүйе­лі түрде өткізілетін «Кендір» операциясының алатын орны зор. Республикада жыл сайын маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін өткізі­ле­тін кең ауқымды операцияның басты ма­қ­са­ты – есірткі саудасына мамандан­ған ұйым­дас­қан қылмыстық топтардың, қауымдас­тық­тардың қылмыстық әрекеттерін дер кезінде анықтау және жолын кесу бо­йынша мақсат­ты іс-шараларды іске асыру болып табылады. Бұл операция жаздың а­л­ғаш­қы айынан бастап, қоңыр күздің қара суығы басталып, шөп сарғайып қурағанға дейін жалғасады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес коми­теті­нің төрағасы Анатолий Выборовтың айтуын­ша, қазіргі кезеңде ІІМ, Кеден комитеті мен ҚР БҚК-тің шекара қызметіне – біздің елімізге оңтүстік аймақ арқылы өтетін ауғандық героин трафигі мен басқа да есірткілердің жолын кесуде үлкен жауапкершілік жүк­телу­де. Сондықтан да атағы жер жарған Шу алқа­бында алты стационарлық бекет қойылып, жол бойындағы автокөліктердің қозғалысы да қатаң бақылауға алынуда. «Кендір-2011» операциясының алғашқы жиырма күнінде-ақ үш тоннаға жуық марихуана заңсыз айна­лым­нан алынды. Мұнымен қоса, Жамбыл облысының ІІД «Дельта-Долина» аймақа­ра­лық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жабайы қарасора өсетін жерлерді және есірткіні дайындау фактілерін анықтау мақсатында апта сайын «АН-2» ұшағымен және «МИ-2» тікұшағымен Шу алқабын жіті бақылауда. Комитет басшысы бұл өңірде жыл сайын 20-30 тоннаға жуық марихуана алынатындығын да хабарлады. Қарасора туралы түсінігі жоқ адам оның қандай шөп екендігін бірден анық­тап, танып-білмеуі де әбден мүмкін. Шу алқа­бын­да сай-сайды жайлап, шоғырланып, қаптап өсетін, ұзындығы адам бойына жуықтайтын, сап-сары гүлдері күнмен шағылысқан қарасора­ны осы саланың «білгірлері», яғни «есірткі саудасымен» айналысу­шы­лар ғана көзін жұмып тұрып таба алады. Олардың көпшілігі бұл алқапқа жаз шыға еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс және жақын шетелдерден қарасора, яғни кендір өсімдігі­нен есірткі дайындау үшін ат сабыл­тып келетіндігі айтпаса да түсінікті. Күннің аптап ыстығында, айналада өлі тыныштық орнаған, ұшы-қиыры жоқ кең алқапта басқа өсімдік­терге қарағанда тек қарасора ғана өзінің қою жасыл түсін сақтап қалыпты. Аспан жерге түскендей аптап ыстықта да асқан төзімділік танытып, жап-жасыл өңін өзгертпеген қарасора шөбінің тек есірткі дайындау үшін ғана жаратылмағандығы ай­дай ақиқат. Бұл шөпті пайдалана білген адам­ға оның берері де, пай­дасы да орасан. Кеңес өкі­ме­ті дәуірлеп тұрған ке­зеңде, өткен ға­сыр­дың қырқыншы жыл­дары Шу алқабында жабайы қарасора шө­бі­нен мық­ты кендір жіп және сапасы жо­ғары әрі бағасы да өте қым­бат кендір майын дайын­дайтын одақ­тық деңгейдегі ірі зауыт­тар болған. Бір кездердегі алып Одақтың керегесі ыдырап, құлағаннан кейін кендірден халыққа арналған пайдалы өнім өндіретін өндіріс орны да өз жұмысын амал­сыздан тоқтатқан еді. Әрине, Кеңес Одағы­ның теңізшілерін, алып кемелерін кендірден жа­салған арқан­мен қамтамасыз еткен зауыт­тың істен шығуы өкінішті. Бүгінде сол өнді­ріс­ті қайтадан қал­пына келтірсе оның республика үшін, біздің бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін пайдасы көл-көсір болатын­дығы сөзсіз. Себебі, қара­сора өсімдігі жайлаған жерді мүлдем құртып жіберу ойластырылып, қан­шама рет өртелсе де оның жойылатын түрі жоқ екендігіне көптің көзі анық жетті. Ауқымды деңгейдегі іс-шарада қомақты көмексіз, ықпалды қолдаусыз жұмыстың алға баспайтындығы айтпаса да түсінікті. Сала басшыларының тұжырымдауынша, елімізде есірткі саудасын құрықтау, қылмыскерлерге тос­қауыл қоюдағы ықпалды әдістердің бірі – Жамбыл облысының басты магистраліндегі ба­қылау бекеттерінің санымен қоса, жұ­мы­с­тың да сапасын арттыру. – Шу ауданындағы арнаулы операцияның тек алғашқы айында үш жүзге жуық қылмыс анықталып, тіркеуге алынды. Негізгі күре жолдан ондаған километр қашықтықта орналасқан, онымен қоса ауыз суы немесе электр қуаты жоқ, тіпті ұялы байла­ны­сы да жоқ, бірақ қа­расора шөбі қаптаған жерге жеңіл авто­кө­лікпен, анығырақ айт­­қанда, джиппен, мотоциклмен, атпен ғана жетуге болады. Ас­тын­­да көлігі жоқтар болса жаяу-жалпы­лап жетеді. Шу есірт­кі­лері негізінен Ресейге тасымалданып, содан соң Еуропаға жеткізіледі. Арнаулы опера­цияға қаты­су­шы­лар­дың түптеп келгенде көздеген мақ­­са­ты – есірткі тра­фигі­нің ар­наларын жабу, есірткіні өткізу факті­лері­­нің жолын кесу бо­лып отыр,– дейді полиция полковнигі Шо­пырхан Жапабаев. Сала басшылары есірткі бизнесімен күрес­те соңғы үлгідегі техникалық жабдық – инс­пек­циялық бақылау кешені жұмысының жо­ғары деңгейі төңірегінде де сөз қозғады. Шу ауданының Төле би селосынан шығар жерде орналасқан бұл ғажайып техника бір тәулікте 40 жүк машинасын тексеруден өт­кіз­ді. Инс­пекциялық бақылау кешенінде орна­тыл­ған рент­ген аппараты арқылы көлікке тиелген жүк­ті ғана емес, сондай-ақ оның арасындағы ты­ғылған заттарды да анықтап, көруге әбден бола­ды. Инспекциялық бақылау кешенінің қызметкері Сергей Коробов­ский­дің айтуынша, есірткі саудасымен айна­лы­су­шылардың қу­лық-сұмдығы, амал-айласы да көп. Олар есірткіні пияздың, капустаның немесе картоптың ара­сына жасырады. Бірақ, соңғы озық үлгідегі тех­никаның нәтижесінде бұл бағыттағы қылмыс шұғыл түрде әшке­ре­ленуде. Жаңадан құрылған Кеден одағы аясында Қазақстанға әріптестері алдында Ресей ау­мағына және Еуропа елдеріне есірткі жібермеу, яғни оның жолын жабу бағытында қо­сымша жауапкершілік те жүктеліп отырған­дығы сөз­сіз. Бұл орайда еліміздегі шекара­лық және кедендік органдардың, әсіресе оң­түстік бөлім­ше­лердің материалдық-техни­ка­лық жағынан жо­ғары деңгейде жабдықталуы өз нәтижесін беруде. Бұл, әсіресе есірткі қыл­мысына, сондай-ақ есірткіні шекарадан жасы­рын өткізуге қыл­мыстық санк­ция­ны қатайтуға тікелей қатысты. Со­ны­мен қатар, елі­мізде өт­кен жылы есірткі тұтыну­шы­лар­ саны­ның се­гіз па­йызға тө­мен­­деуі­нің ма­ңы­зы зор. Биыл­ғы жылдың 1 сәуі­рін­дегі жағ­дай бо­йынша республика ден­­сау­­­лық сақ­тау ор­ган­­дарының есебінде 49195 адам тұ­ра­ды. Олар негі­зі­н­ен ал­ған­да пси­хо­троптық жә­не уыт­­­ты заттарды қол­­да­натындар. Қын­жы­­лар­лы­ғы, мұндай сыр­­­қат­тар ара­сын­да 3962 әйел және кәме­лет­­ жас­қа тол­ма­ған 2714 жас­өс­­пірім бар. Жабайы қарасо­ра­ның мекені – Шу ал­қабы орналасқан Жам­был облысының негізгі магистралді тас жол­дарында қосымша бекеттер ашылып, жергілікті автомобиль жолдары мен құмды ай­мақтар жұмылғыш топтармен күзетілуі, әри­не құптарлық жәйт. Оған қоса, арнаулы жа­сақ­талған операцияны өткізу кезінде әске­рилердің кәсіби шеберлігі мен іскерлі­гінің артуы және арнайы дайын­далған қызметтік-іздестіру иттерінің кеңінен пайдаланылудағы көмегі айтарлық­тай екендігі ақиқат. Соны­мен, есірткі бизнесіне қарсы күресте кеңінен қолданылатын алуан түрлі әдістер мен тәсілдер уақыт өткен сайын одан әрі жетілдіріліп, оның тиімділігі де арта түсуде. Дегенмен, көп қырлы әрі өте күрделі мәселе – нашақорлықты түп тамырымен жою әзірге оңайға түспей отыр. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы – Шу – Алматы.