• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2010

ҰЙЫМНЫҢ БАСТЫ ҚҰРАЛЫ – САЯСИ ҮНҚАТЫСУ

3144 рет
көрсетілді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылғанына биылғы жылдың 1 тамызында 35 жыл толады. Дәл сол күні, яғни 1975 жылдың 1 тамызында Еуропадағы 33 елдің және АҚШ пен Канада мемлекеттерінің басшылары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫҰ 1994 жылдың 31 желтоқсанына дейін осылай аталған) құрылғанын паш ететін Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойды. Өткен кезеңдердің тарихи оқи­ғаларын елеп-екшейтін бол­сақ, бүгінде беделді халықаралық ұйымның біріне айналған Еу­ропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) дүниеге келуі жеңіл болмағаны анық байқалады. Қорытынды құ­жатқа қол қойылмас бұрын, Ке­ңес­тер Одағы мен Батыстағы бір­қатар елдердің арасында бірнеше жылға созылған көпжақты келіс­сөздер жүргізілді. Келіссөздердің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ны құрумен қатар, стратегиялық қару-жарақ­ты шектеу туралы және басқа да бірқатар халықаралық құжаттарға қол қою ұйғарылды. Ал Қорытынды құжатты әзір­леу барысында келіссөздерге қа­тысушылар құрылуға тиіс Ұйым­ның қауіпсіздік жүйесінің сол кез­дегі бар блоктық құрылым­дар­дан басты ерекшелігіне айрықша мән берді. Ол ерекшеліктер мы­налар еді: Ұйымның қызметі сыртқы қауіп-қатердің алдын алуға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, Ұйым белгілі бір деңгейде, дәлірек айтқанда, “қырғи-қабақ соғыс” жылдарында ядролық дип­ломатия мен саяси блоктық қарама-қарсы тұрудың аясынан шыға алатын бірден-бір ұйым бо­луы керек. Өйткені, сол кезең­дерде Кеңестер Одағы мен Батыс арасында “қырғи-қабақ соғыс” өршіп тұрған болатын. ЕҚЫҰ-ның құрылып, жұмыс істей бас­тауы осы “қырғи-қабақ соғысты” едәуір бәсеңдетуге ерекше зор ықпал етті. Хельсинки Қорытынды акті­сі­не қол қойылар алдында Еу­ро­падағы (Албаниядан басқасы) барлық елдердің және АҚШ пен Канаданың сыртқы істер ми­нистр­лері кездесіп, келіссөз жүр­гізген болатын. Оның нәти­же­сінде министрлер ортақ ұйғарым­ға келіп, өз елдерінің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі көзқарас­та­ры мен ұстанымдары мазмұндал­ған “Көгілдір кітапты” бекітті. Ондағы ұсыныстар жинақтала келіп, Хельсинки Қорытынды құжатының 1-пунктінде: “Кеңес­ке қатысушы мемлекеттердің бар­лығы оған егемен және тәуелсіз мемлекеттер ретінде толық теңдік жағдайында қатысады. Кеңес әскери одақтардан тыс өткі­зіле­ді”, – деп көрсетілді. Бұған қоса, құжатта Сыртқы істер министр­лерінің кеңесінде шешімдер тек консенсус бойынша қабылда­на­тыны нақтыланған. Бастапқыда Қорытынды ак­тіде Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде үш “қоржынға” жататын мәселелер талқыланады деп көр­се­тілген еді. Оның біріншісі – әскери-саяси қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнату, екіншісі – экономикалық, ғылыми-техни­ка­лық және экологиялық ынты­мақ­тастық, ал үшіншісі – гума­ни­тарлық саладағы ынтымақтастық пен адам құқығы мәселелері. Сол жылдары екі саяси идеологияның өзара текетіресі асқынып, нағыз шарықтау шегіне жетіп тұрған еді. Сондықтан болса керек, Батыс мемлекеттері Ұйымдағы негізгі жұ­мыс бағыттарын үшінші “қор­жын­мен”, ал Кеңестер Одағы бастаған социалистік елдер екінші “қор­жын­мен” байланыстыруды мақсат етті. Өйткені, социалистік елдер үшін Батыстағы мемлекеттермен эко­но­микалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытудың маңызы зор болатын. Осының салдарынан қауіпсіздік мәселелері көп жағдайда екінші қатарда қалып жүрді. Арада ондаған жылдар өткенде бұл олқылықтардың орны толты­ры­лып, екінші қатарда қалып қой­ған қауіпсіздік мәселесі бірінші қа­тарға қойылды. Бұған өткен ғасыр­дың 90-шы жылдарының басында Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының ыдырауы тікелей әсер еткені анық. Танымал саясаткерлер бұл жыл­дарды ЕҚЫҰ-ның жаңа тынысы ашылған кезең деп бағалайды. Оның үстіне ЕҚЫҰ 1992 жылғы Хель­синки саммитінде БҰҰ Жар­ғысына сәйкес Ванкуверден Вла­ди­вос­токқа дейінгі еуроатлантикалық кеңістікте әскери-саяси тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз етуге және ын­ты­мақтастықты дамытуға жауапты өңірлік Ұйым деп танылды. Осы­лайша, Ұйымның тұрақты құры­лымдары құрылып, жер-жерлерде, әсіресе, “ыстық нүктелерде” мис­сиялары жұмыс істей бастады. Хельсинки Қорытынды құжа­тын­да оған қатысушы елдердің өз­ара қарым-қатынастарында бас­шы­лыққа алынатын негізгі он қағида бекітілген болатын. Олар – еге­мендік теңдік және егемендікті құр­меттеу, күш қолданбау және қоқан-лоқы жасамау, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы, мемлекеттер жерінің тұтастығы, даулы мәселелерді бейбіт түрде реттеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, халық­тардың теңдігі мен өз тағдырын өзі шешу құқығы, мемлекеттер ара­сын­дағы ынтымақтастық, халық­ара­лық құқық бойынша міндет­те­мелерін адал орындау. Осыдан 35 жылдай бұрын нақтыланған бұл қағидалар әлі күнге сақталып ке­ле­ді. Сондай-ақ сол жылдары бел­гі­ленген ЕҚЫҰ қызметінің үш “қор­жынындағы” мәселелер де айтар­лықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Міне, бұл – Ұйымның бастапқы кезде-ақ өз қызметі мен бағыт-бағ­дарын тиянақтап алғанын көр­сетеді. Кезінде, нақтырақ айтқанда, 90-шы жылдардың басында ЕҚЫҰ-ны “Еуропалық БҰҰ-ға” айналдыру үрдісі күшейгені жасырын емес. Қай жағынан алғанда да, бұл үлкен қателік еді. Өйткені, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мәртебесі де, ат­қа­рар міндеті де аса ауқымды және оның шешімдері орындалуы тиіс. Ал ЕҚЫҰ болса, заңдық сипаттағы емес, саяси сипаттағы шешімдер қа­былдайтын құрылым болып табылады. 2000 жылдан бастап ЕҚЫҰ қыз­метінің жаңа кезеңі басталды, қызмет аясы едәуір кеңейе түсті. Саясаткер-сарапшылардың пайым­дауларынша, бұған 2001 жылғы қыр­күйекте АҚШ-та болған лаң­кес­тік оқиғалар себеп болды. Сөй­тіп, Ұйымның күн тәртібіне жо­ға­рыда аталған үш өлшеммен қатар, жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу мәселесі де қойылды. Содан бергі жылдарда ЕҚЫҰ тарапынан жүзеге асырылған іс-шаралар көрсеткенін­дей, Ұйым қызметі жергілікті жер­лер­де де жанданып, баламасы жоқ құрылымға айналды. Бұған қазіргі кезде Ұйым қызметкерлерінің Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы, Шы­ғыс Еуропадағы, Кавказ бен Ор­талық Азиядағы елдерде 18 миссия бойынша жемісті жұмыс атқарып келе жатқаны нақты дәлел болады. Осы тұста айта кетейік, кезінде Югославиядағы, Македониядағы, Таулы Қарабақтағы орын алған қақ­тығыстарды ауыздықтауға осы ЕҚЫҰ ықпал еткен болатын. Сонымен, ЕҚЫҰ өзінің 35 жыл­дық тарихында саяси үнқа­ты­суды жоғары деңгейде жүргізуші ма­ңызды форум болып табыла­тын­дығын көрсетіп берді. Өйткені, Ұйым қару-жараққа бақылау жа­сау­ды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, сайлауларды бақылауды қоса ал­ғанда, аса ауқымды мәселелермен айналысып келеді. Ал Ұйымның құрылғанына 35 жыл толуының Қазақстан төрағалығына тұспа-тұс келуі елімізге қосымша жауап­кер­шілік жүктейтіні белгілі. Отаны­мыз­дың төрағалықты да, Ұйым ме­рейтойын да ойдағыдай атқараты­ны­на сенім мол. Оған Қазақ­стан­ның тәжірибесі де, саяси-эко­но­микалық әлеуеті де жетеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.