Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында бүгін Астанада басталатын форумның қарсаңында «Pro Team Astana» велокомандасы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, 1996 және 2000 жылдарғы Олимпиадаға қатысушы Андрей Кивилевтің зайыбы Наталья мен ұлы Леонардқа стипендия тағайындады.
Енді оның әйелі мен баласы жыл сайын «Астана» командасының тарапынан 7 000 еуро көлемінде стипендия алатын болады.
Жақында Наталья мен Леонардқа стипендия тапсыру үшін Велоспорт федерациясының тапсырмасы бойынша «Астана» командасының коммерциялық директоры Айдар Махметов Монакоға барып, Андрей Кивилевтің жақын туыстарымен кездесті. Осы жерде ол велошабандоздың әйелі мен баласына алғашқы стипендияны табыс етті. Кездесуде А.Махметов А.Кивилевтің осыдан 10 жыл бұрын «Тур де Франс» веложарысында төртінші орын алғанын айта келіп, егер сол кезде қаза таппағанда ол әлі талай биік белестерді бағындыра алатынын атап көрсетті.
Өз кезегінде Наталья Кивилева қазір Андрей Кашечкиннен басқа оның бұрынғы достары мен әріптестері Кивилев отбасымен араласпайтынын, тек Андрей ғана жиі хабарласып, хал-жағдай сұрастырып тұратынын айтып, осындай қысылтаяң кезде Қазақстан Велоспорт федерациясы мен «Астана» командасы менеджментінің стипендия тағайындағанына ризашылығын жеткізді.
Дастан КЕНЖАЛИН.