Кеше Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ТМД-ның Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшы Сергей Лебедевпен әңгімелесті
Кездесу барысында Сенат депуттарының сайлауына байқаушы делегацияны бастап келген ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, Атқарушы хатшы Сергей Лебедев сайлау дайындықтарымен толықтай танысып шықты. Бұл ретте Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ел ішінде өтетін Парламент Сенаты сайлауына халықаралық байқаушылардың қатысуы, олардың тиімді жұмыс істеуі маңызды рөл атқаратынын, сонымен бірге, бақылаушылар үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Екіжақты кездесу Қазақстанның ТМД шеңберіндегі қызметі жайы мен өзара әрекеттесу мәселелерін де талқылады.
Одан өзге, биылғы жылдың қыркүйек айында Душанбе қаласында өтетін сыртқы саясат басшылары кеңесі мен ТМД Саммит басшыларының кездесуіне байланысты күн тәртібінің бірнеше тармақтарын, жоспарланған іс-шаралар қатарын сөз етті.
Ержан Қазыханов ТМД-ның 2020 жылға дейінгі стратегиялық-экономикалық даму концепцияларының қабылдану мерзімінен кейінгі, ТМД елдерінің бірге жасаған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, еліміздің ТМД-ғы интеграциялық даму үдерісіне берік ұстанымын жеткізді. Министр бұл келісілген көзқарастағы әріптестік алдағы уақытта да ынтымақтастықтың әр саласында жалғасын табатындығын айтып, үлкен сенім білдірді. Кездесуде Ынтымақтастықтың 20 жылдық мерейтойының жоспарларын да әңгіме арқауына айналды.
Осыған байланысты, кездесуде Е.Қазыханов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының назарында жүрген маңызды мәселелерге де тоқталып өтті. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жасалған «Бір жыл – бір тақырып» атты формуланың ТМД жұмысы үшін тиімді болатынын айта келе, «Біздің еліміздің бастамасымен биылғы 2011 жыл азық-түлік қауіпсіздігінің жылы», – деді Сыртқы істер министрі.
Кездесу соңында Сергей Лебедев журналистерге берген сұхбатында: «Біз Сенат сайлауының дайындық жұмыстарымен таныстық. Дайындық жұмыстары көңілден шықты. Жоғары деңгейдегі бұл дайындық шараларын даму жолына түскен Қазақстан мемлекеті үшін лайықты деп есептейміз. Сайлау барысын ТМД-ның 8 мемлекетінен келген 68 байқаушы бақылайтын болады. Сайлаудың шынайы әрі дұрыс өтетіндігіне сеніміміз мол», – дей келе, Сыртқы істер министрлігіне ТМД-мен белсенді қарым-қатынасы үшін алғыс білдірді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.