• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2010

ӘКІМШІЛІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ДАМУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2896 рет
көрсетілді

Алматыда “Қазақстан Респуб­ли­касының Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында әкімшілік құқық дамуының өзекті мәселе­ле­рі” атты дөңгелек үстел болып өтті. Конс­ти­туциялық Кеңес, Мәжіліс­тің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі ко­ми­теті және “Адам құқықтары үшін” қо­ғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жиында күн тәртібіне қойылған өзекті мәселелер төңірегінде кеңі­нен сөз болды. Құқықтық саясат тұжырым­да­ма­сы ая­сында әкімшілік құқық дамуының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген жиынға Бас про­куратура, Жоғарғы Сот, Әділет және Ішкі істер министрліктерінің, халықаралық, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қаты­сып, ой бөлісті. Онда негізінен ал­ғанда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі мен Әкімшілік іс жүргізу кодексіне жаңа ұсыныстар енгізе отырып, кодексті одан әрі жетілдіру бағытындағы іс-шаралар жан-жақты талқыланды.  Президент Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары Талғат Донақов жиналғандар алдында сөз алып, әкімшілік құқық дамуының келешегі және маңызы жөнінде айтып берді. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, Әкім­ші­лік құқық бұзушылық кодексі мен Әкім­шілік іс жүргізу кодексіне енгізілген жаңа ұсыныс­тар, ең бастысы нақтылығымен әрі тиімділігімен ерекшеленуде. Мәсе­лен, мұ­ның өзі, ең алдымен құқық бұзушылықтың құрылымын нақты түрде анықтауға қатысты болып отыр. Заң жобасымен айналысу­шы­лардың пікірінше, заңға енгізілген толық­тырулар көпшілік  мүддесі мен мақсатына сәйкестендіріле отырып жасалынған. Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов өз сөзінде “еліміздің мемлекеттік құқық дамуындағы жетістіктеріне тоқ­та­лып, Қазақстанның бұл бағытта көптеген елдерге үлгі бола алатын­дығын атап көрсетті. Қа­зақ­станның құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан ауқым­ды іс-шаралар оған толық кепіл бола алады. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. КӨКПЕКТІДЕГІ БАЛАБАҚША Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Көкпекті ауданында жеті айдың ішінде бесінші рет жұмыс сапарымен болып, өзі тап­сы­рып кеткен шаруалардың қалай атқарылып жатқанын көріп қайтты. Иә, аудан, қала әкімдерінен тыныштық кете бастаған сыңайлы, себебі, өңір басшысы облыстың барлық аудандарында бірнеше мәрте болып, ауыл шаруашылығын алға бастыру, жаңадан жұмыс орын­дарын ашу, әлеуметтік нысандардың халық игілігіне қызмет етуі жөнінде қадау-қадау тапсырмалар берді. Бұл орайда, Көкпекті ауданының әкімі Дүйсенғазы Мусин аз уақытта біраз шаруалардың басын қайырған сыңайлы. Облыс әкімі Көкпектідегі “Шуақты шұғыла” балабақшасының ашылуына қатысты. 120 орындық балабақша әсем, балдырғандарға тәлім-тәрбие беру үшін бар­лық жағдай жасалған. Облыс әкімі  құрылысты сал­дырғандарға алғысын айтып, бүлдіршіндерге сыйлығын табыс етті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. ИНТЕРНЕТ ДАТА ОРТАЛЫҒЫ Сыр аймағының тұрғындары жыл басында тағы бір қуаныш құшағына кенеліп отыр. Елбасы­ның Қазақстанда интернет қыз­метін дамыту жөніндегі тапсыр­масын мүлтіксіз іске асыруды мұрат тұтқан облыстық телеком­муни­кациялар дирекциясы ықпа­лы­мен Қызылорда қаласында “Қазақ­телеком” АҚ-тың Интернет Дата орталығы салтанатты жағдай­да ашылды. Заман талабына сай жабдықталған орталықтың ашылу рәсіміне “Қазақтелеком” АҚ Ақ­парат­тық жүйелер дирекциясының бас директоры Андрей Адаменко, осы дирекцияның техникалық директоры Владислав Григорьев, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов, “Нұр Отан” ХДП Қызыл­орда облыстық филиалы­ның төрағасы Нұрлан Құдайбер­генов, Қызылорда облыстық теле­коммуникациялар дирекциясының бас директоры Сәдібек Балта­байұлы, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, Интернет Дата орталығының іске қосылуының куәсі болды. Интернет Дата орталығы (ИДО) Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекция­сының бас ғимаратында қоныс теп­кен. Орталықтың ашылу салта­натында сөз алған “Қазақтелеком” АҚ Ақпараттық жүйелер дирек­циясының бас директоры Андрей Адаменко: – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­­­­ұлы­ның тікелей ықпалымен елімізде Интернет қызметі аясын кеңейтіп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде қарыштай қадымдап келеді. Ағымдағы жылдың өзінде елімізде Интернет желісіндегі қызметті тұтынушылар қатары 70 пайызға дейін өсті. Мұндай орталықтардың ашылуы болашақта Интернет желісіндегі қазақстандық сегменттің қалып­тасуына зор септігін тигізбек. Өткен жылдың желтоқсан айының басынан бастап мұндай Интернет орталықтар Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істей бастаса, енді, міне, Қызылорда қаласында көпшілікті қуанышқа кенелтіп отыр. Аталған жоба қызылор­далық­тарға барынша ақпараттық қызмет сапасын жақсартып, дерек­­тердің сақталуы мен қор­ғалуын толық қамтамасыз ететін болады. Үстіміздегі жылдың І тоқ­санында Интернет Дата орталы­ғын тағы да 9 облыс орталығында ашу жоспарланған. Ал, келешекте аталған орталықтар еліміздің бар­лық ірі қалаларында іске кіріспек. Ендігі сөз кезегінде Интернет Дата орталығының тұтынушыларға көрсетер қызметіне сәл-пәл шегі­ніс жасалық. Бұл орталық желілік кешен мен есептеуіш жабдықты және мамандандырылған бағдар­ламалық жобаларды қамтамасыз етеді. Интернет Дата орталығы мәлі­меттерді өңдеуде жаңа ақ­параттық коммуникациялық қыз­меттің ауқымды спектрі ұсынатын пәрменді орталық болып табыла­ды. Тағы бір атап өтерлік жәйт, еліміздегі ірі компаниялар өздері­нің кәсіптерін дамыту бағытында ақпараттық технологияларды бел­сенді түрде қолдану үстінде. Алай­да, жеке ақпараттық инфрақұры­лым аса маңызды мәселелерді шешуді талап етеді. Санамалап айтар болсақ, ақпараттық жүйелер тұжырымдамасын өңдеу, жоба жасау, жабдықтарды жөндеу және жеткізу, қажетті инфрақұрылымды жандандыру, қызметкерлерді оқыту, сондай-ақ құжаттарды жа­сау аса қажет болады. Ал, Интер­нет Дата орталығы тұтынушы­ларды жоғарыдағы толғақты мәсе­ле­лерден арылтып, олардың жеке кәсіптерінің дамуына барын­ша ықпал етеді. Сондықтан да осынау орталықтың тұжырым­да­ма­сы аса маңызды болып, еліміздің жер-жермен Интернет желісіне шығуына зор септігін тигізбек. Интернет орталығы сондай-ақ, тағы да бірқатар қызмет түрлерін ұсынбақ. Саралап айтар болсақ, тегін электронды пошта қызметі, виртуалды хостинг (сервер орта­лы­ғына тұтынушылардың веб-сайт­тарын орналастыру), тұтыну­шы­лардың серверін орналастыру, сервер беру мен жабдықтарды жал­ға беру, мәлімет сақтау, жүйе­лік әкімшілік, виртуалды офис және басқа да қызмет түрлерін көрсетпек. Сонымен, Қызылорда қала­сын­да елімізде алғашқылардың бірі болып Интернет Дата орта­лығы ашылып, өз тұтыну­шы­лары­на қызметтерін көрсете бастады. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.