Кеше Алматыда жұмыс сапарымен болған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарымен және күңгейдегі бас қала мен Алматы облысындағы үлескерлер мәселесін шешудегі салалық бағдарламалардың орындалу барысымен танысты.
Шаһардың Тимирязев көшесіндегі 67-үйдегі қайта жөндеу жұмыстарымен танысқан Ө.Шөкеев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жылдар бойы қордаланған мәселе – ескірген үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі екенін атап өтті. «Бір жағынан, ол пәтерлердің барлығы жеке меншікте, сондықтан мемлекеттік бюджеттен оған тікелей қаржы жұмсауға қақымыз жоқ. Екіншіден, тұрғындардың қалтасы бірден үлкен қаржыны жұмсауды көтермейді. Алайда бұл мәселені тиімді шешетін тәсіл табылған секілді, яғни қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржының жартысын мемлекет көтерсе, қалғанын тұрғындар өздері көтереді», – деді Ө.Шөкеев. Сондай-ақ ол барлық шешімдерді тұрғындар өздері қабылдайтындығын жеткізді. Мәселен, қандай жөндеу жасау керек, оған қандай құрылыс жұмыстары кіреді, қандай материалдарды пайдалану керек, тіптен жөндеу жұмыстарын жасайтын құрылыс компанияларын таңдау да тұрғындардың өз еріктерінде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан салынған қаржыны тұрғындар 7-10 жылда біртіндеп қайтарулары керектігін ескертіп, бұл тұрғындарға үлкен жеңілдік екенін айтып өтті. «Көптеген қалаларда тұрғындар бұл мәселені бұрын дұрыс түсінбей келді, қазір бұның тиімділігіне көздері жетіп, жұмыс үлкен қарқынмен жүріп жатыр деп айтуға болады. Бұл жұмыс Алматыда жақсы жолға қойылған. Өскемен қаласында да іс барысы жаман емес. Осы екі қаланың үлгісімен елдегі барлық қалаларда осы жұмысты қарқынды жүргізу қажет, – деп атап өтті бірінші вице-премьер.
Биыл Алматы қаласы бойынша 40 үй жөнделмек. Бүгінде оның жиырмадан астамында жұмыс басталған. Бұл тұрғын үйлерді қайта жөндеуден өткізу қанатқақты бағдарлама болғандықтан, істің барысын байқап көріп, оның санын келесі жылдан бастап екі-үш есеге көбейту көзделуде. Биыл аталмыш бағдарламаға республика бойынша 7,5 млрд. теңге бөлінсе, келесі жылы 16 млрд. теңге қарастырылмақ. Бір айта кетерлігі, тұрғындар бұл бағдарламаны қолдап, оған деген сенімдері артып, өздеріне өте пайдалы екенін түсінуде.
Одан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Сайран» мегаауданында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан «2-квартал», «20-квартал», «29- квартал» және «42-квартал» тұрғын үй кешендеріндегі жұмыс барысымен танысты. Оның айтуынша, 2008 жылы әлемдік экономикалық дағдарыс басталған кезде еліміздегі 450 құрылыс нысаны тоқтап қалып, өз қаржысын салған 62 мыңнан астам үлескер өте ауыр жағдайда қалған. Содан бері Үкімет үлескерлердің мәселесін шешу бағдарламасын іске асырып келеді.
Одан кейін бірінші вице-премьер Алматы облысының Қарасай ауданында салынып жатқан «Премьера» тұрғын кешеніне атбасын бұрып, ондағы құрылыс барысымен танысты. Құрылыс кешенін салушылардың бірі «Алматыгорстрой» АҚ-тың бас директоры Таңатар Сұлтанбеков жұмыстың белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатқаны жөнінде есеп бере келе, бүгінге дейін 322 пәтерлі 48 мың шаршы метр көп қабатты 6 үйдің 50 пайызға дейінгі жұмысы бітіп, жылдың аяғына дейін өңдеп, әрлеу жұмыстарына дайындықтарын жасап, амандық болса, келесі мамыр айында үлескерлер қоныс тойын тойлайтынын хабарлады.
«Алматы облысындағы үлескерлердің жағдайы сәл қиындау. Өйткені, Алматы маңында үлескерлердің сенімін пайдаланып, қаржыларын жинап, тіптен жұмысты бастамаған 7-8 ірі алаяқ компания болды. Осы мәселемен облыстық әкімдік жете айналысып, бұрын-соңды қолданылмаған тәсілдер пайдаланылды. Мәселен, 6 компанияның үлескерлерін бір жерге шоғырландырып, қазір «Премьера» деген ірі нысан салынуда. Бұл жерде 2111 үлескер өз пәтерін алады, биыл толықтай бітірмесек те, әр үлескер өз пәтерін өңдеу жұмыстарынсыз көре алатындығына көзіміз жетіп отыр. Келесі жылдың мамыр айына дейін бұл үйлерді толықтай бітіріп, үлескерлерге табыстаймыз», – деп атап өтті Ө.Шөкеев.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.