«Іле» оқу орталығында «Дала қыраны – 2011» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгерлік оқу-жаттығулары аяқталды. 8-18 тамыз аралығында өткізілген бұл жаттығуларға 1400-ден астам әскери қызметші, жүзге жуық жауынгерлік және арнайы техника, сондай-ақ әскери-көліктік авиация қатыстырылды.
Салтанатты шараға қатысқан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов өз сөзінде америкалық және британдық әскерилердің қатысуымен «Дала қыраны» көпұлтты бітімгерлік жаттығуларын өткізу жақсы дәстүрге айналғанын, ал қазақстандық әскери қызметшілер екі апта бойы шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, тапсырмаларды сауатты орындай алғанын атап өтті. Биылғы жылы жаттығуға қатысушылар саны артып, оған Қырғыз Республикасы мен Литва әскери қызметшілері қосылып отыр. Бұл «Дала қыранының» үлкен әлеуетке ие екендігін және оның ауқымы одан әрі де ұлғая түсетінін көрсетеді. Бұл пікірді жаттығуға қатысқан елдердің елшілері мен құрметті қонақтар да бір ауыздан құптады.
Оқу-жаттығуға қатысушылар қазақстандық әріптестеріне жүктелген тапсырмаларды иық теңестіре жүріп, сәтті орындағандықтары үшін алғыстарын жеткізуде. Өзара іс-қимылдар барысындағы ұйымшылдық, достық – осының бәрі олардың жұмысына өз септігін тигізгені анық.
«Дала қыраны – 2011» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгерлік оқу-жаттығуларының жабылуы салтанатты маршпен және жаттығуларда ерекшеленген әскери қызметшілерді марапаттаумен аяқталды. Олар грамоталармен, медальдармен және сыйкәделермен көтермеленді.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері.
Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.