Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай.
Қазақ елінің болашағы – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Ендеше, ертеңгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық тәрбие, ұлттық сана қалыптасқан, білімді, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру басты міндетіміз екенін үнемі назарда ұстап жүруіміз қажет. Бүгінгі таңда білім беру мазмұны жаңару үстінде. Сол жаңару жолындағы міндеттерді іске асырушы маңызды мекемелер – балабақша, мектеп, жоғары оқу орыны. Ендеше бүгінгі оқу орындарының алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтсам, жаһандану заманына лайық икемді ойлау жүйесін қалыптастыру, ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениетті меңгеру, өз ана тіліне жетік бола отырып, өзге тілдерді меңгеру, сол тіл арқылы өз мәдениетін басқаларға таныту, оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Міне, осындай міндеттер аясында еңбек етіп келе жатқан мұғалімдер қоғам дамуының қозғаушы күші деу орынды.
Отбасы – бала үшін қоғамның алғашқы ұйытқысы. Баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасын өз орнын алуынан басталады. Жас ағаш иілгіш болса, жас адам да сондай. Жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Қазақта: «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген сөз бар. Ал француз педагогі Жан Жак Руссо: «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол да солай тәрбиеленеді», деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, бала тәрбиесіне ең әуелі ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етеді.
Баланы жақсы қасиетке тәрбиелейтін құрал – еңбек. Сондықтан ата-аналар баланы жастайынан еңбекке баулу керек. Сәл ғана қолынан келетін нәрсесі болса, көңіл бөліп дарынын, талабын тыңдауға ықпал ету қажет. Ата-бабамыздың тарихын, салт-дәстүрін үнемі құлаққа құйса, ұлы Абайдың бес асыл ісімен дос (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым) болуын, бес дұшпанмен (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) қас болып жүруін айтып отырса, бала оң бағыттан таймайды. Қазір ұл-қыздың тәрбиесіне кері әсер ететін жат әдеттер өте көп. Ең бірінші, баланың қалыптасатын ортасын бақылап отырған жөн. Бала тәрбиесі ешқандай үзілісті, бір сәт те назардан тыс қалдыруды қаламайды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында қандай ахуал болса, бала соған бейім тұрады. Балаға күш көрсетіп, дөрекі сөзбен ұрысу – ол дәрменсіздің ісі. Балаға мұндай қылық көрсету қазіргі заманның ағымына сәйкес келмейді. Тәрбиеде бір мысқал қате кетсе, еңбегің еш, тұзың сор. Сондықтан бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау – әр ата-ананың міндеті.
«Бала – ұрпақ – өркен» деген ұғымдар ерекше ескеріліп, бүгінгі күннің ең маңызды мақсаты бала тәрбиесі болу керек екендігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі-өнегесінен болады. «Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет», деп М.Әуезов айтпақшы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде мектептің ерекше орын алатынын білеміз. Баланың – өмір, адам, қоғам жөніндегі дүниетаным өрісін дамыту жолдары мектеп қабырғасынан бастау алады. Мектеп – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасындағы алтын көпір. Ал, мұғалім сол алтын көпірдің ақыл-дариясы. Оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңа, озық педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану арқылы мұғалім бейнесін анықтап алса, яғни ақыл-дариядағы ескегі мықты болса, қандай толқындарға болса да қарсы тұрып, жағаға жетеді.
Тәрбие жұмысына үйде ата-ана жауапты болса, мектепте ұстаз жауапты. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп – ұстаз – ата-ананың орны бөлек. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Сондықтан ата-ана мен ұстаздар арасындағы байланыс мықты болу керек. Осы байланыс мықты болса, алар асуымыз да биік болары сөзсіз.
Нұрзила СӘРСЕНОВА, Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының директоры, доцент.