Қазіргі уақытта адамзат табиғат апатынан қорғана алмай отыр. Ғылымы, техникасы мен технологиясы дамыған Америка мен Жапонияның өзі жер сілкінісі, топан су, цунами, торнадо, т.б. табиғи апаттардың алдында әлсіздік танытуда.
Табиғаттың Алла жаратқан қалпын бұзбай, шектен шықпай пайдаланса ғана ол адам баласына пайда бермек. Бірақ, ХХ ғасырда адам баласы табиғатқа өктемдік жасамақ болып, бермесін тартып алуға тырысты. Ғылымды дамыта отырып, жоғын қолдан жасауды мақсат етті. Соның бірі атом қуатын пайдалану еді. Атомның жойқын күшін кейбір ел өз өктемдігін жүргізу үшін соғыс мақсатында пайдаланса, кейбір ел бейбіт өмірге пайдаланды. Бейбіт өмірдің өзіне байқап пайдаланбаса, адамзатқа орны толмас қайғы-қасірет әкелетінін енді ғана бағамдап жатырмыз. 1986 жылғы 26 сәуірдегі Чернобыль атом электр стансасындағы апат болған күнді БҰҰ «Радиациялық апаттар мен жарылыстар құрбандары» күні деп атады. Сонда да бұл апат адамзатты онша ойландыра қоймап еді. Бұл техногендік апаттың болғанына 25 жыл толғанда, биылғы, Жапониядағы АЭС-тердің апаты адам баласын мықтап ойлануға мәжбүр етіп отыр. Атом қуатын бейбіт мақсатқа қауіпсіз пайдаланудың жолын іздеген саммит 2011 жылдың 19 сәуірінде Украинаның астанасы Киевте жаһандық тұрғыда ойлануға бас қосты. Бұл саммитке көптеген елдермен бірге БҰҰ, МАГАТЭ бастаған беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан, 60-тай елдің делегациясы жиналды. Онда келешекте АЭС-тер керек пе, жоқ па деген сұрақ тұрды.
2011 жылдың 30 наурызында Қазақстан мен Ресей арасында атом энергиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану туралы ынтымақтастық бойынша бағдарламаға қол қойылды. Бұл кездесуде атом энергиясын басқа да бейбіт мақсаттарға пайдаланумен бірге, Қазақстанда АЭС салу да сөз болды. Осы кездесуде Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко «...егер Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабылдайтын болса, Ресей тарапынан бұл жобаны нақты жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болады» деді. Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Себебі, соңғы жылдары Қазақстанда АЭС салу туралы ой оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Бұрынғы жылдары «Балқаштан салу керек» деп еді. Сол кезде, Қазақстанға АЭС салуға құлшынып жүрген «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының төрағасы Владимир Школьник оңтүстік облыстарда электр энергиясы жетіспейтінін сылтауратып, «АЭС салсақ қырғыздардың Тоқтағұл ГЭС-іне тәуелді болмас едік» деген уәж айтқан болатын. Бірақ Балқаштағы АЭС салуға тиісті жерден таяу маңда жерасты жарығы бар екені белгілі болып, бұдан бас тартылды. Себебі, егер жер сілкінісі бола қалса, бұл жерде апат күштірек болады. Ал жер сілкінісі АЭС-терге қандай зардап әкелетінін қазіргі Жапония жағдайы көрсетіп отыр. Балқаш маңы АЭС салуға жарамсыз болғаннан кейін, енді Ақтау жаққа көз тіге бастады. Бұнда да В.Школьник мырза белсенділік танытуда. Қазір біздің солтүстік облыстар Ресейге энергия сатып отыр. Оны оңтүстікке тартуды ойламайды да. Бұл АЭС салудан әлдеқайда арзан әрі қауіпсіз болар еді.
АЭС-ті салу бар да, оны табиғат құбылысынан қорғау бар. АЭС-і көп елдің біреуі – Франция. Өткен бір жылдары Францияда ауа райы 40-45 градус ыстық болғанда француздар АЭС-тердің сыртына суық су құйып, апаттан әрең алып қалды. Ал 40-45 градустық ыстық Ақтау өңірінде екі жылдың бірінде болады. Мұндай ыстықтан АЭС-ті қорғап қала аламыз ба? Қазіргі уақытта техникасы мен технологиясы дамыған Жапонияның өзі АЭС-терін табиғи апаттардан қорғай алмай отыр. Жер сілкінісі мен цунами зардабы бір сәтте өте шығады. Ал АЭС жарылысының радиациялық зардабы жүздеген жылдарға созылып, жеті ұрпағымызға дейін кетеді. Бұл уақыт аралығында ұрпақты жойып жіберуі де мүмкін. Чернобыль апатына Қазақстаннан 32 мың адам қатысса, қазір соның 4,5 мыңы ғана аман жүр. Ұрпақ әкелетін жастағы қаншама ұланымыздан айырылдық. Біз Ресейдің ескі технологиясымен АЭС салсақ, Чернобыльдің аяғын құшуымыз дау тудыра қоймайды. Чернобыльдегі апаттан 5 миллионға жуық адам зардап шегіп, тек қана Украинаның өзінен 10 миллиард доллар шығын шықты.
АЭС-тер мәңгілік жұмыс істемейді. Оны белгілі бір уақыттан кейін жою (демонтаж) керек. АЭС салуға миллиардтаған доллар керек болса, оны жоюға да сол шамалас қаржы, әрі уақыт керек. Мысалы, Жапониядағы «Фукусима» АЭС-ін мүлде тоқтату үшін 12 миллиард доллар қаржы, 30 жыл уақыт керек деп жатыр.
Маңғыстау өңірі мұнай өндіруден, оның ілеспе газын ауада жағудан экологиясы нашарлап тұр, енді АЭС салсақ тіпті нашарлатып жібереміз. Қазақстанда онсыз да экологиясы ластанған аймақтар жеткілікті. Наурыз айындағы «Алматы ақшамы» газетінде Тауман Төреханов туралы мақалада, Қазақстанда сутегі бомбасын сынау кезіндегі халыққа тигізген зардаптарды былай келтіреді: «Шалқар ауданында Ақтоғай деген совхоз болатын. Оның іргесінен Дауыл деген өзен ағады. Осы өзеннің жағалауынан совхоз малына жыл сайын шөп дайындалады. Өзеннің бас жағында «Ембі-5» деп аталатын жабық әскери қалашық бар. Сол қалашықта тажал бомбасын жасайтын лаборатория және ракета ұшыратын полигон орналасқан. Қалашықтың қасында жер астына 20 метр тереңдікте ракеталар орнатылған. Ракета ұшатын кезде әскерилер ықты-жарға қарамай, шөпшілерді малша қуып салады.
1973 жылы осы шабындықтан 90 мың буылған шөп дайындалады. Оны жеген кеңшар малы түгелге жуық қырылып қалады. Аман қалғанынан алты аяқты бұзау, екі басты қозылар туды. Ең жан түршігерлігі сол – біздің көрші әйел аяқ-қолы, жыныс мүшесі жоқ бала туды. Мұндай сұмдықты бұрын кім көрген. Ел жағасын ұстап, шошынды.
...Сол жылдары жүні жоқ бота, бұзау, қозы-лақ туды. Құрбақа, жылан сияқты жып-жылтыр құбыжықтар. Көрген адамның жаны түршігеді. Малдың қасына баруға қорқатынбыз. Бұл көрініс өмірімде есімнен кетпейді», – депті («Алматы ақшамы», №38, 26.03.2011 ж.). Осы жолдардың авторы 1962-1967 жылдары Семей полигонының түбіндегі Сарыжал ауылында тұрған. Сонда мұндай сұмдықтың талайын өз көзімен көрген еді. Қазіргі уақытта, Семей полигонында 456 рет жарылыс жасалғаны белгілі болып отыр. Бұл деген 116 Чернобыль апатының зардабына тең екенін Киев саммитінде Президентіміз айтып өтті. Семей полигонының аумағында орналасқан Курчатов қаласында 60-шы жылдары орнатылған ядролық реактор бар. Ескі технологиямен салынған, 50 жылдан асып бара жатқан бұл реактор да апатты жағдайда. Ол да халыққа қауіп төндіріп тұр. Қазақстанда бұдан басқа да Арал апатынан, Байқоңыр өңіріндегі зымыран ұшырудан, Тайсойған полигонынан зардап шегіп жатқан қазақтың өзін де, малын да құртып жатыр. Осының бәрін біле тұра Қазақстан атом өнеркәсібінің басшылары бір кезде «дүние жүзінің радиоактивті қалдығын Қазақстанда көміп, пайда таба қояйық» деп желпінді. Әрине, ол басшылардың қалталарына түсетін пайда бар шығар, бірақ халыққа оның бес тиындық пайдасы болмайды. Ал зияны шаш-етектен болары даусыз.
Қазіргі кезде әлемде 445 АЭС бар деп есептеледі. Тағы да 135 АЭС салу жоспарда бар. Олардың радиоактивті қалдығын жоюдың өзіне қыруар қаржы кетеді. Жапониядағы 1977 жылы салынған, қазіргі апатқа ұшыраған «Фукусима-1» АЭС-інің радиоактивті қалдығы 11,5 мың тоннаға жетіп, оны қайта өңдеуден өткізбеген. Қайта өңдеуден өткізсе, ол жапондарға 50 млрд. еуроға түседі екен. Демек, жапондар қайта өңдеу үшін жылына 1,5 млрд. еуро шығындалуы керек болатын. Жапондар көтере алмаған шығынды біз көтере аламыз ба?
«Фукусимадан» радиусы 30 шақырым аймақта орналасқан елге жапон мемлекеті әр адамға 12 мың доллардан өтемақы төлемек. Ал, осы АЭС-тен 100 шақырымдық радиусты «радиациялық қаупі бар» аймақ деп отыр. Америкалықтар Невада полигонының зардабы 300 жылға дейін созылады деп елді полигон аумағына қоныстандырмай отыр. Ал, біздер «Семей полигонының бір бөлігі зиянсыз» деп елді қоныстандыруға әрекет етудеміз. Бұл халықтың болашағына балта шабу болады.
Қазіргі кезде Еуропа елі АЭС салуға қарсылық көрсетіп шеруге шығып жатыр. Нобель сыйлығының 9 иегері де АЭС салуға қарсы, 31 елдің басшыларына үндеу жариялады. Кейбір Еуропа елі ескі АЭС-терін жаба бастады. Франция Фасенем қаласындағы АЭС-ті жапты. Германия барлық АЭС-терді жабуды ойластыруда. Өркениетті Еуропа АЭС-терден бас тарта бастағанда, біздің бұл іске құлшына кіріскеніміз жақсылыққа апармайды. Ойланайық, ағайын!
Кейбір мамандардың пікірінше, Қазақстанда АЭС салудың ешқандай экономикалық та, әлеуметтік те қажеттілігі жоқ. Ол халықтың психологиясына, болашаққа деген сеніміне зиян келтіреді.
АЭС-тің негізгі шикізаты – уран. Мұнай мен газ сияқты уран да таусылатын қазба байлық. Ал, барлық ел, таусылмайтын энергия көзі – жел мен күнді пайдалануға әрекет етуде. Қазақстанда жел мен күн жеткілікті. АЭС-ке жұмсайтын миллиардтаған қаржыны жел мен күн арқылы энергия алатын өндіріске жұмсаған дұрыс. Бұл – халықтың қазіргі де, келешектегі де денсаулығына зиянсыз. Ұрпағымызды ойласақ, АЭС салуға сақ болайық.
Назрахмет ҚАЛИ, Алматы.