Жаңа оқу жылының қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр мектебінде болған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов оқу ұясына компьютерлік сыныптың толық жабдықтарын, еліміздің 20 жылдық мерейтойы мен Президентке арналған 600 кітапты тарту етті. Ол Мемлекет басшысы білім нәрімен сусындаған мектептегі кездесудің өзіндік мәніне тоқталып, қоғамдағы педагогтардың мәртебесін көтерудегі нақты істерді атап өтті. Ұстаздардың айлығы биылғы 1 шілдеден бастап 30 пайызға, сондай-ақ қыркүйек айынан біліктілік санаты үшін қосымша ақы төленетінін алға тартты.
Сапар барысында министр осы Қарасай ауданындағы тағы бір білім ошағына атбасын бұрып, оқушылармен, ұстаздармен жүздесті. Үздік мұғалімдерге төсбелгілер мен алғыс хаттар тапсырды.
«Егемен-ақпарат».