• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2011

Ерлік пен елдіктің өнегесі

392 рет
көрсетілді

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 20 жыл

Сонымен, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев­тың алғашқы тарихи Жар­лық­тарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр. Заманымыздың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов сол тұстағы Елбасымыздың батыл қадамын нағыз азаматқа тән ерлік деп бағалаған еді. Шындығында бұл өзі егемен елдің басшысы тарапынан жасалған саяси кемеңгерлік пен алыстан болжайтын сұңғыла саясаткерліктің жарқын үлгісі болды. Сол шақта 70 жыл бойы жарты әлемге үстемдігін жүргізіп келген алып империя әлі тарап үлгермегенін ескерсек, әлгіндей ерліктің мән-маңызы өз-өздігінен айқындала түседі. Тарих үшін қас-қағым сәттей көрінетін өткен 20 жыл ішінде әлемдік қоғамдастық Орталық Азияда жаңа тұр­патты мемлекеттің пайда болған­ды­ғы­на көздері жетіп, бейбітшілік ісін бағ­даршамдай ұстанған біздің елдің үл­гі­сіне көз тоқтатып, көңіл аудара бас­та­ды. Орталық Азия демекші, осыдан алты жыл бұрын Елбасы тарапынан мұнда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы көтерілген болатын. Соған орай 2006 жылдың күзінде Семейде Орта­лық Азияда ядролық қарудан азат ай­мақ туралы шартқа осы өңірдегі бес рес­публиканың Сыртқы істер министрлері қол қойғаны баршаға мәлім. Ал одан кейінгі жерде елімізде қат-қабат маңызды оқиғалар бір-біріне жалғасып жатты. Айталық, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық еткені, осы мәртебелі ұйы­м­ның саммиті Астана қаласында өткені күні кеше ғана. Осы екі аралықта Елба­сы­мыздың алыстағы Америкада, Вашингтонда ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысып, әлемде бейбітшілікті орнықтыру жөнінде сындарлы ұсыныс, тың бастамаларымен жарқырап көзге түскені баршаға мәлім. Өткен жылдың көктемінде елімізге ресми сапармен келіп кеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның біздің мемлекеттің басшысына қарата әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа Сіз жетекшілік етуге тиіссіз деуі сондықтан болса керек. Ал біздің елде ядролық сынақтарға қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысы көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бас­та­масымен 1989 жылдың ақпан айында құрылғаны белгілі. Құрылған беттен ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен 2 миллионға жуық адамның қо­лын жинап үлгерген шын мәнісіндегі ха­лықтық қозғалыс біздің еліміздегі нөмірі бірінші үкіметтік емес ұйым еді. Ал қазірде ондай үкіметтік емес ұйым­дар саны қырық мыңның үстінде. Нұр­сұлтан Әбішұлының сол бірінші нөмір­лі үкіметтік емес ұйымды, бүкіл халық­тың қолдауына ие болған қозғалысты құрылған күнінен бастап күні бүгінге дейін қолдап, қамқорлық танытып келе жатқаны және шындық. Соның айға­ғын­дай, Елбасымыз біздің тарапымыз­дан бұған дейін өткізілген ядролық сынақтарға қарсы алқалы жиындардың ешқайсысынан сырт қалған жоқ. Со­ның бірінде, нақтылап айтсақ, 1993 жылдың тамыз айында Алматыда өткен екінші ядролық сынақтарға қарсы конгресте тәуелсіз Қазақстанның басшысы әлемдік қоғамдастыққа ядролық сынақ­тарға мораторий жариялау жөнінде ұсы­ныс жасады. Соның бәрі біздің Елба­сымыз тарапынан алдын ала еш­қандай талап қойылмай, риясыз көңілден болғандықтан, бұл ұсынысқа әлемдегі іргелі ел басшыларының бәрі түсіністікпен қарады деп ойлаймын. Қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан елдің бұл бастамасы әлі күнге дейін өзінің жалғасын тауып келе жатқаны кеудеңе қуаныш ұялатады. Ал кешегі атом полигонының астанасы іспеттес Курчатов қаласы бүгінде бейбіт мақсатта өсіп, өркендеп қанат жайып келе жатқаны да көп нәрсені аңғартса керек. Қазірде мұнда Елбасының Жар­лы­ғымен ашылған Ұлттық ядролық ор­талық пен Ядролық технологиялар паркі толық қуатында бейбіт мақсатта жұ­мыс істей бастады. Оның алғашқысы ғылыммен айналысса, екіншісі сол ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізуде. Бір кезде алып империяның басына түрлі айла-шарғымен келіп қалған Хрущев семсерден соқа жасаймын деп өрекпіп, бірақ іс жүзінде әлемді үшінші дүниежүзілік соғыс қатеріне ұрындыра жаздаған еді. Ал Курчатов қаласындағы қазіргі жағдай кешегі қатерлі қарудың бейбіт мақсатта жұмыс істей бастаға­нын айғақтайды. Жоғарыда Елбасының халықтық қоз­ғалысқа деген құрметі мен қамқорлығы туралы айтып қалдық қой. Осыдан екі жыл бұрын Семейде, ондағы Ертіс өзе­нінің айрығындағы аралда атом құр­бандықтары құрметіне салынған «Өлім­нен де күшті» монументі басында осы өңірдегі ядролық полигонда сынақтар­дың тоқтатылуының 20 жылдығы қар­саңында сан мыңдаған адам қатысқан салтанатты жиын болып өткені белгілі. Елбасымыз сол алқалы жиында сөйле­ген сөзінде ядролық сынақтарды тоқта­туға Олжас Сүлейменов басқарған «Невада – Семей» қозғалысының белсенді қызметі көп жәрдемдескенін айтты. Аталған жиында біздің еліміздің тарапынан БҰҰ-ға елеулі ұсыныс жа­салды. Сол жылдың соңында мәртебелі ұйым тарапынан әлгі ұсыныс бірауыз­дан қабылданды. Сөйтіп, Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамыз әлемдік күнтізбеге Ядролық сы­нақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып енгізілді. Бұл да біздің еліміз бен Елбасымыздың әлемдік қоғам­дастық алдындағы зор беделін көрсетсе керек. Осы өткен 20 жыл ішінде ядролық сынақтарға қарсы алқалы жиындардың ешқайсынан сырт қалған жоқпын. Со­ның бірінде, нақтылап айтқанда, 2000 жылдың мамыр айында Астанада өткен ядролық сынақтарға қарсы екінші ха­лықаралық конгресте бейбітшілік жо­лындағы күрескер басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтеріп, сөз сөйледім. Іле осы ұсыны­сымды Қазақстан халқы Ассамблея­сына жолдадым. Біздің бұл бастамамыз кейінде АҚШ елінің конгресмендері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезіне қатысушы қайрат­керлер мен Түркі халықтары бүкіл­әлем­дік ассамблеясының тарапынан зор қолдау тапты. Семей атом полигоны жабылуы­ның 20 жылдығына орай бүгіндері Семей – Алматы – Астана бағытымен ве­ложорығын аяқтаған Норвегияның «Бей­бітшілік үшін саяхат» қоғамдық қорының белсенді мүшелері де біздің тілекке қолдау білдіруде. Бүгінде біздің қозғалыстың бөлім­шелері әлемнің бірқатар елінде жұмыс істеп жатыр. Олар да осындай игі шарадан сырт қалмайды деп білеміз. Ал біздің қозғалыс болса, қазірде сынақ аймағындағы дертке ұшыраған жас ұрпақты сауықтыру ісімен айналысуда. Соның айғағындай, 2000 жылдан бері 500-ге жуық жас жеткіншек еліміз бен Италиядағы сауықтыру орындарында емделіп және демалып қайтты. Осы орайда «Бөбек» қайырымдылық қоры­ның төрайымы Сара Назарбаеваға да алғысымыз шексіз. Бейбітшілік жолындағы ізгі талпы­ныс ешқашан тоқтамақ емес. Және сол ізгі мақсаттағы әрбір іс дер шағында өз бағасын алуы тиіс деп есептейміз. Қа­терлі қаруды жасауға атсалысқан бір­қатар ғалымдар Нобель сыйлығын иеленген болса, енді сол қатерлі қаруға ең алдымен тыйым салған елдің басшысы осындай атақты неге иеленбеске! Семейде биылғы жылдан бері Нұр­сұл­тандар мен Олжастардың клубы жұ­мыс істейді. Негізінен 1989–1991 жыл­дары өмірге келген, қазірде жастары жиырманың әр жақ, бер жағындағы олар біздің қозғалыс жұмысына зор белсенділікпен атсалыса бастады. Олар да осында игі тілек үстінде. Сұлтан КАРТОЕВ, ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген энергетигі және атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері.