Жазушы Ахат Жақсыбаев! «Егес», «Бөгет», «Қорған» сияқты шығармаларымен елге жақсы таныс әріптесіміздің таяуда «Иса ақын» романы баспадан жеке кітап болып жарық көріпті. Бірден айтайық, шығарма ойымыздан шықты. Туындыны оқи отырып, жазушының суреткерлік шеберлігіне, эстетикалық талғампаздығына, әсіресе өткен ғасыр басындағы ауыл адамдарының психологиясын, заман сырын жетік білетініне, жетік біліп қана қоймай оны жанды бейнеге айналдырып, шынайы суреттей алғанына тәнті болдық.
Мына жолдарға зер салалық. «Кешеден бері күн бұзылып, аспан жер бауырлаған қара бұлттан арылмай қойды. Күздің қара суығы ерте түскенге ұқсайды. Түске таман сіркіреп жауған жауын төңіректі тұмшалап, адамдарды еріксіз үйге қамады. Бүрсең қаққан әйелдер су тиген тезектерді отқа салғанда түтіннен көздері жасаурап, әлекке түсті. Қазизаның пешін көрші әйел тұтатып, қораның бұрышынан құрғақ тезекті тапқанына қуанды. Белі ауырлап, көтертпеген соң Қазиза біржола төсекке жатып қалды. Шашы жалбырап, Зылиха қасынан бір елі шықпай, шай-суын жалынышты түрмен жиі-жиі ұсынады. Есті қыздың анасының халін түсінерлік жасқа жеткені, анасының сырқаты жанына бататыны қабағынан, мұңды жүзінен аңғарылады».
Жазушының осы тақылеттес әр құбылысты қалт жібермей шынайы суреттеу шеберлігі романның басынан аяғына дейін менмұндалайды. Сол себепті біз Ахат Жақсыбаевты суреткер жазушы деп тағы да бір мойындай түстік.
Екінші айтарымыз, автор Иса ақынның өскен орта, ауыл-аймақ сырын, әсіресе Исаның ата-анасының, нағашы әжесінің, нағашы ағасының, кіндік шешесінің қандай жандар екенін танытатын оқиғаларды тамаша таңдай білген. Жазушы олардың іс-әрекетіне, арман-мүддесіне романда мол орын берген. Оның бұл шешімі өте дұрыс. Олай дейтініміз, онсыз Исадай сұңқар ақынның толыққанды бейнесін жасау мүмкін емес екенін автор терең түсінген.
Роман бетін ашқаннан қазақы тәрбиеде өскен, үй шаруасына мығым, ауыл-аймағына берекелі келін атанған, күйеуі Байзақтың қас-қабағына қарап тірлік кешкен, бір емес, екі емес 14 сәбиін жер қойнына берсе де, қолындағы үш перзентінің тілеуін тілеп, келешектен үмітін үзбеген Қазиза ананың бейнесімен танысамыз. Жазушы оны қолаң қара шашты, қыр мұрынды, аққұба өңді, жүріс-тұрысы ширақ, той-жиындарда суырып салма ақындық, әншілік дарынымен көзге түсіп, жұрт арасында кішкентай Исаны «анасына тартса ақын болады» дегізерлік ой туғызған ерекше өнерлі жан ретінде суреттейді. Әсіресе Қазизаның Исаға деген аналық мейірімінде шек жоқтай. Мұны автор: «Баласын қапсыра құшақтап, кеудесіне қыса түсіп, екі жағына кезек шайқалып, ыңылдай бастады. Иса көзін жұмып-ашып, тербелгенін ұнатып, тыңдай берді. Бір мезетте анасы сыңғырлаған әдемі нәзік даусымен кеудесін кернеген толқынды сыртқа шығарып, күтпеген жерден әнге басты. Демін ішіне тартып, Иса тырп етпестен тыңдап отыр», деген жолдармен нәзік аңғартып өтеді. Осындай өнерлі, ақылды ана баласы Исаның шаруаға икемсіз, ақындық, әншілік өнерге бейім екенін ерте сезініп, оған жәрдемдесіп, дұрыс бағыт беруге аналық бейім-қабілеті барын танытады.
Ұл балаға әкенің өнегесі ерекше екені анық. Бұл ретте Исаның әкесі Байзақтың тұлғасы да өз биігінде табиғи, шынайы көріне алған. Ол да өнерлі жан, жас кезінде өлең жазып, кейін шаруаға ден қойған, егде тартқанда «кіші молда» атанған, Исаға ұстаздық етіп, хат танытқан ойлы әке.
Бала Исаның ерте ақындық жолға түсуіне нағашы әжесі Жанбаланың да, нағашы ағасы Рахметтің де, кіндік шешесі Күнімайдың да, құдасы Нұртазаның да, сол өңірдегі көргені, түйгені көп атақты ақын Құдайбергеннің де әсер-ықпалы аз емес. Олардың да ақындық, әншілік, ұстаздық дарынын жазушы арнайы суреттей отырып, Иса талантының толысып, ақын болып қалыптасуына қосқан үлестерінің мол, әсіресе Құдайберген ақынның орны ерекше екенін оқиға дамуы барысында терең аңдатады. Құдайбергеннің тұңғыш рет Абай өлеңдерін жатқа айтқан Исаның тұлғасынан жас кезіндегі өзін көргендей жаны жадырап, өз өмір жолын әңгімелеуі жас дарынның ұйықтап жатқан ойын оятып, қиялын қанаттандыруды көздегеннен туған шешім екенін оқырман іштей сезіп, сүйсініп отырады.
Шығармада Исаның заман сырын тани түсуіне Уфада 7 жыл оқып кеп, көрші ауылда мұғалім боп жүрген Құсайынның үлесі де үлкен. Ол Исаға да, айналасындағы халыққа да дұрыс бағыт сілтеп, бай, кедей деп тапқа бөлудің негізсіз екенін, байлардың ешкімге ешқандай жамандық жасамағанын, бай болам деушілерге ешкімнің қой демейтінін, оларға кедергі жоғын, кедейлер малын көбейтіп баюға мүмкіндігі барын, дәулеттілердің әрқайсысы қарамағындағы бір қауым елді еңбекпен қамтамасыз етіп, асырап келе жатқанын, сондықтан кедейді байға қарсы қоюдың зияндылығын, үкімет алам десе, дәулеттілердің малын алып, өздеріне тыныштық беруін әңгімелеуі де оқырманды талай астарлы сырға жетелеп, терең толғанысқа түсіреді. Жалпы қазақ қоғамы үшін тап күресі шешуші рөл атқармағаны, кедей мен бай арасында ірі талас тумағаны тарихи шындық. Мұны автор Семен, Шекен, Жұмабек тәрізді байлар іс-әрекеті арқылы дәлелді ашқан.
Шындыққа жүгінсек, қазақтың байлары мейірімді, ақылды болған, айналасындағыларға қолдан келген қамқорлығын аямаған, кісісі өлген қаралы үйдің абыройы төгілмесін, біреу-міреу қайыршы боп қалмасын деп барлық уақытта көмек қолын соза білген. Бұған Семен байдың жалшы үйіне тиісті жалақысынан тыс ай сайын бір қойдан беріп отырғаны дәлел. Сондықтан жалшылар ондай байды жер бетіндегі өздерінің жарылқаушысындай сыйлаған. Мұның ғылыми негізі бар.
Жазушы 1916 жылы 25 маусымда 19 бен 31 жас аралығындағы қазақтарды майдан қара жұмысына шақырған патша жарлығының ел арасында үлкен толқулар туғызғанына да, қайсыбір аймақта қарулы көтерілістер орын алғанына да көңіл бөледі. Ол дүрбелең Иса ауылына да жетеді. Ашу-ызаға булығып, неге де болса тәуекелге бел буған елге мұғалім Құсайын Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың алаш азаматтарына арнаған үндеу хатын оқып беріп, патша жарлығына бағынып, майдан қара жұмысына бару керегіне, онсыз босқа қырғынға ұшырайтынына көздерін жеткізіп, жұртты сабасына түсірген, сол дүрбелең арасында 16 жасар Иса да жүрген көріністі орынды таңдай білген. Әсіресе, ағасы Арын үшін майдан қара жұмысына баратындар тізіміне Иса ақынның өз еркімен жазылуы оқырманды түрлі ойға қалдырып, бұдан асқан адамгершілік, бұдан асқан бауырға деген жанашырлық бола ма, сірә, деген терең толғаныс құшағына енгізеді. Оның осындай ізгілікке толы жан дүниесі сырқат ұстазы Құсайынға деген қалтқысыз сенімі мен сүйіспеншілігі арқылы да молынан ашыла түскен. Туған ауылына келісімен «Құсайын қайтыс болыпты» деген суық хабарды естіп, тез жолға жиналуы, көрші Тайсоймас ауылына қайта барып, «маңайына сәуле шашып, қараңғыны жарық қылған өзгеше бір бекзат едің, сенің де сөнгенің бе?» деп қайғыруы Исаның қандай азамат боп жетілгенін айғақтай түседі.
Исаның оң, солын танып, сыналар шағы – 1916 жылғы патша жарлығының жарияланған тұсы екенін автор нәзік аңғарып, ол кезеңді роман желісіне ұтымды енгізген. Әсіресе, айтқан сөзінде тұрып, Иса ағасы Мұса, жасы алпыстан асса да «сендерден қалмаймын» деп қалың көпке ерген әкесі Байзақ үшеуі Ресейдің Кемерово облысынан бір-ақ шығуы роман оқиғасын қоюландыра түскен. Шахтада жұмыс істеп, шошқа етін жемей азып-арыған, алды ауруға ұшырай бастаған ауылдастарының мүшкіл халіне жаны күйзелген Иса шахта басшыларына барып, жағдайды айтпақ болғаны оның батылдығын, өзінше ойлана білетін алғырлығын әйгілеп тұр. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей оған шахта қызметкерлерінің бірі, патша саясатына қарсы Николайдың жолығып, көрші қыстақтан арзан бағаға жылқы сатып алып, ауылдастарын тамақтандыруға ақыл әрі ақша беруі халықтарды достыққа, бауырмалдыққа тәрбиелейтін ұлы адамгершілік деуге болады. Бұл тәрізді жан сүйсінер, жұрт жүрегіне ізгілік дәнін егер оқиғалар шығармада көп. Ұлттық дәстүр, балаға ат қою, бесікке бөлеу, қонақ күту, бәйгеге ат қосу рәсімдері де шығармада жастар тәлім алатындай өреде суреттелген. Осы орайда: «Қандай адам болсын, мейлі асқан данышпан, мейлі терең ғалым, мейлі көмейі жоқ ақын – бәрі де өз заманының жемісі, өз ортасының құлы болуы керек, Әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақыны сол замандағы әлеуметтік тұрмысымен, әдет-ғұрпымен, мақсатымен, рухымен, салт-санасымен суарылып, әлеуметімен біте қайнап өсіп шықпақшы», деген Жүсіпбек Аймауытов ескертпе-талабын жазушы Ахат Жақсыбаев әрдайым есте ұстағандай.
Біз тұшынған тағы бір негізгі ерекшелік – шығарма композициясы жинақы. Жазушы Исаның дүниеге келгенінен бастап азамат атанғанға дейінгі өмір жолын қамтыса да, оқырманын жалықтырып алмау жағын көздеп, бас кейіпкерінің бейнесін сомдауға қызмет етерлік мәнді оқиғаларға ғана иек артқан, эпизодтық көріністердің өзін жинақтай бейнелеген. Сол себепті роман өте тартымды, ә деп оқығаннан бас көтермейсің. Автор тілі де көркем, бай, жібек орамалдай жұмсақ, кез келген көрініс, оқиғаны әр қырынан суреттеуге бейім.
Сөз соңында айтарымыз, романды оқып шығып, әсем ән тыңдағандай, әсем жыр оқығандай әсер алдым.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.