• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Мәңгілік шақыру

685 рет
көрсетілді

Cөз бен жырдың үлкен бір пара­сының қайнар бұлағы, асыл нәрі – Шыңғыстау баурайында ғой. Оның ақиқаттығы Абайдай айдынды алыбы, Шәкәрімдей шешен шежіресі, Мұхтар­дай мұхиты бар тұл­ғаларда. Даналары­мыздың ізін басқан Ақыл­бай, Мағауия, олармен өкшелес Көк­бай, Шәкір ұлы ақын жұртындағы зиялы шежіре, сұңғыла шешен қариялар мекені. Осы текті топырақтан әдеби ортаға кеңінен танылған Кәмен Оразалин, Роллан Сейсенбаев, Жәнібек Кәрменов, Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Тыныш­тықбек Әбді­кәкімов, Бейбіт Сапаралы, Мұратбек Оспанов сынды ақын-жазушылар шыққан. Жүз жыл кейін туыппын, Жыр тәңірі – Абайдан. Аталаспын, жуықпын, Мен жақынмын талайдан,  – деп жырлап кеткен сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Мерғали Жанғалиұлы Ибраев Абай әлемінен нәр алған талант иесі. Сыршыл ақын, дарынды драматург, қара сөздің қас шебері, қаламы төселген көсемсөзші, тамаша сазгер, шебер күй­ші, таңдаулы әнші – бүкіл өнерді бір өзі игерген ол «Жоғалған өзен» роман-дилогия­сының авторы да. Бұл шығарма өзі өмірден өткен көп уақыттан соң Новосібір қаласында екі том болып басылып шықты. Романның тақырыбы жайлы Мер­ғали Ибраевтың інісі, ақын, Қазақстан Жазу­шылар ода­ғының мүшесі, халық­аралық Жамбыл қорының лауреаты Төлеген Жанғалиев былай дейді: «Семей полигоны маңайын мекен еткен адамдар психоло­гиясының өзгеруі, қоғамдық сананың күйреуі, адал махаббат, айықпас дерт, адамгершілік пен қиянат қақтығысы – романның ұзын-арқау, кең тұсауы, міне, осындай». Кеңестік кезеңде қазақ даласы ядро­лық сынақ алаңына айналғаны белгілі. Бұл тажалды ұзақ мерзімді зерттеуге Қазақ­станның дәл ортасы Семей аймағын таңдап алуы – Қазақ елінің өсіп-өркендеу тамырына балта шабу екенін айтпауға хақымыз жоқ. Соның салдарынан аймақ 40 жыл қасіретті күй кешті. Сондағы жерлердегі адамдардың жан күйзелістері, эко­логия­ның бұзылуы романда шынайы суреттеледі. Шығар­мада жазушы кезеңдік ірі мәсе­лені көтере отырып, оны әр түрлі әлеу­меттік-қоғамдық ортамен, адам тағ­ды­рымен байланыс­тырады. Оған дәлел ретінде романнан мынадай үзінді келтіруге болады: «Сен өзен неге суалады, көл неге тартылады дейсің. Бұлақ біткен бітеліп, су аяғы құрдымға айналады дейсің. Ол кезде бұл өлкеде сегіз өзен, отыз бұлақ, алпыс қайнар бар еді. Мықты болсаңдар халық көкейінде жүрген шындықты неге жазбай­сың­дар. Ал, бұл өлкеде желтоқсанда түсетін қар майда, майдағы жаңбыр желтоқсанда жауатын болып алды. Түсетін ылғал мерзімі ауысқан соң, жер бетіндегі су да жылма-жыл төмен түсіп барады. Бұрын екі-үш метрден құдық қазсаң, су шыға беретін, қазір құдықтардың тереңдігі елу-алпыс метр құрдымға кетіп қалды. Тіпті, қонақасыға сойған қойымыздың жілік майын шағып, жей алмайтын болдық. Мал­дың сүйек майында сәуле ауруына ұшы­рататын бір пәле бар көрінеді. Бұл өлкеде не көп, сырқат көп. Ауырмай өле салуға, атылып-асылуға таңырқау­дан қалдық». Мерғали Ибраевтың «Жоғалған өзен» роман-дилогиясы бұрма экспо­зициядан басталады. Жазушы тартыс басталмас бұрын оқырманды елмен, жермен, негізгі оқиғаға қатысар адамдардың бұған дейінгі өмір тіршілігімен, осы ортадағы жалпы жағдаймен әбден таныстырып алады. Романда бұл сюжет сәтті берілген: «Сонау бір өткен жылдарға ойша барып қайтқан Айсара, енді сол есте сақталған естелік көріністен өзі малданып, жұбаныш тапқандай ширап, шиыршық атқан денесі балбырап, маужырай түсіп, рақат бір тәтті ұйқының құрдымына бірте-бірте батып бара жатты». Романда сюжеттің байланысы соншалық ұтымды, сәтті қиыстырылған. Құбылысты жазушы бұл арада экс­позициядағыдай ауызекі аңызда­майды, адам­ның жан дүниесіне ене суреттейді: «Бұл екеуін орта­лықтағы қа­лалық Ленин ауданына қарасты төртінші милиция бөлі­міне жеткіз­ген-ді. Соң­ғы бөтелкені төгіп-шашып, ақы­ры жалғыз өзі тауысқан Жанат, онда барғанда есін білмейтін. Ержанмен әңгіме басқа болды. Бағана жұдырық тиіп, құлап түскен екі сержант енді естерін жиып, тістерін қайрап, кіжіне түседі. Ерік тисе жатқызып қойып, итше тепкілердей сыңайлары бар». Сюжеттегі байланыс өмір­лік тартысқа тікелей ықпал жасап, романның өрбуіне жол салған. Роман-дилогияның шарықтау шегінде образдар да айрықша анық танылып, жан-жақты ашылған. Сайып келгенде, сюжеттің шарықтау шегі – романда суреттелген барлық шындық құбылыстар мен өзекті оқиғалардың шоғырлану шоқтығы. Олай болса, романға сөз берейік: «– Же, ойбай Ақтөс, же, өлтір! – деп шыңғыра бұ­йырады Айсара. Ақтөс онсыз да қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Ержанды аяусыз талап жатыр еді. Соны көзі шалған Айсара айғайы мен ұранын үдете түсті: – Өл­тір, Ақтөс, өлтір, қыр, соңымнан қалмаған құтқар қара дүлейден, же, ойбай, же!... Иесінің ойбай араласқан айтағы жебей түскен арлан төбет жанып түсті. Хайуандық инстинкт салған беттен ең жұмсақ жер – алқымынан ала түсуді үнсіз кеңес еткендей. Төсектің үстіне атқып шығып, қалай тиісерін білмей, бір сәт аңдып тұрып қалғанда, Ержанның оң қолы ербең ете қозғалып қалуы мұң екен, соқтығарға қара таба алмай тұрған төбет Ержанның тамағына «кірш» еткізіп азуды салды. Екі езуінен қанды сілекей аққан Ақтөс, Айсара айғайынан одан сайын құтыра қимылдап, тұм­сығын көтере бере екі-үш жұтынып, мықты азуын қайтадан басты. Темірдей тырнақтары үстіндегі көрпесі сырылып қалған Ержанның жалаңаш тәнін айғыздай сызып, қан жоса етті». Есі ауысып, ауруға шалдыққан Айсара өмірлік махаббаты Ержанды итке талатып, өлтіртеді. Романның шарықтау шегі жазушы шеберлігімен жоғары дәрежеде көрініс тапқан. «Жоғалған өзен» роман-дилогия­сының шешімі шығарманың бүкіл бітім-бол­мысын аша түскен­дей. Ержан өмірден өткен соң, оның зира­тына досы Жанат, Нәзира және оның жас қосағы Кеңес келеді. Романның эпилогында ол былай баяндал­ған: «Осындай қыжылды ойдан өз-өзінен шерлене, толғана түскен Кеңес, Ержанның дөңдене үйіліп жат­қан қабір топырағына қарап тұр: «Аға, Ержан аға деді, көрде емес, қасында тірі тұрған Ержанға айтқандай болды. – Сіз алаш ұранды халқымыз­дың арыстай азаматы едіңіз. Ғасырлар бойы тонауға түскен топы­рағы­ңыздың, та­лау­ға түскен жұртыңыздың туын көтеріп, жығыл­ған жығасын қай­та түзеу үшін кү­рестіңіз. Иә, күрес­тіңіз! Өз хал­қы­ңызды шексіз сүйген­дік­­тен ғана, со­ның мұ­ңын мұңдаған, жоғын-жоқта­ғандықтан ғана әркімге бір көз­түрткі болдыңыз. Көзге шық­қан сүйелдей сүй­кім­сіз, тынымсыз, тыю­сыз, бей­­бастақ көрін­діңіз. Бірақ, сіздің Ержан аға, қадір-қасие­тіңізді баға­лайтын, ойыңыз бен жаны­ңызды жан тарта түсінетін іні-қарын­дастарыңыз да болды. Қазір де олар аз емес, көп, көктей орып тастамаса көктеп өсіп келеді. Сіз, Ержан аға, көк­талдық­тарға қажет болма­саңыз да, соларға әркез қымбатсыз. Атаңыз Қараменде би неткен көре­ген еді. Сіз де, сіздің алды-арты­ңыздағы талай ұрпақтар да баққа емес, сорға, зобалаңға түсті. Сізді де жұтқан адам емес, атом ажалы, мынау қақ іргеде аузынан өлім бүркіп тұрған – полигон. Жә, аз ба, көп пе бір кезде оның аузына құм құйылар. Жабылар да, бітелер. Халық, ұрпақ денесіндегі, қанындағы, жанындағы, жүрегін­дегі жара біте қояр ма екен?! Себебі, сәуле дерті бітістіруге емес, мәңгілік бөлінуге, ыдырауға жа­ратылған ғой. Біріге алар ма екенбіз? Бұл сіздің тірлігіңіздегі ең басты сұрағыңыз болатын. Кім білсін, келер ғасыр көрсетер. Енді...». Романның көркемдік сапасы, идея­лық бітімі, әлеуметтік мәні оның тақырыптық салмағынан аңғарылады. Мерғали Ибраев – көп ізденген, басқа ел әдебиетімен жете танысқан қаламгер. Сол білімі жазушының сюжет құру, шығарманың композициялық, стильдік бітімін сомдау, кейіпкерлер жүйе­сін құру ерекшелігінен байқалады. Қалам­гер үлкен мәні бар, кезеңдік оқиғаны шығармасына арқау ете отырып, тари­хилық сипатқа бой ұра бермейді. Керісінше, адамның жан дүниесіне үңіліп, онда­ғы сезім күйлерге, адами асыл мұрат-мақсаттарға ден қояды. Адам баласының әрқай­сысына тән болып келетін құпия жұмбақтарға бойлайды. Сөйтіп, қазіргі әдебиеттануда талдау өзегіне айналып жатқан адамның оқшау, дара болмысын ашуға тырысады. Бүгіндері Семей ядролық полигоны­ның жабылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл роман-дилогия полигон аймағында тұра­тын халықтың мұң-мұқтажын, олар­дың тыныс-тіршілігін көр­кем тілмен кестелеген дүние. Зәмзебай КЕНЖЕ, филология магистрі. Астана.