Ақмола облысы білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі «Отбасы, мектеп, қоғам – жарқын болашақ үшін өзара үйлесімді қимыл» тақырыбымен өтті. Бұл сапалық көрсеткіштерді нығайтудағы ортақ жауапкершілікті күшейтпек.
Облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраев көрсеткіштің жыл санап жақсарып келе жатқандығын айтты. Бұл – 2010 жылдан бері облыстық бюджеттен бөлінген қаржының 8 есе өскендігінің нәтижесі. Қазір ұлттық бірыңғай тестілеудің орта көрсеткіші 66,8 баллдан, 82 баллға жеткен. Дегенмен, уақыт талабы алда келеді. Көкшетау қалалық білім бөлімінің бастығы Х.Ғазизов, Жарқайың аудандық қоғамдық ата-аналар кеңесінің мүшесі З.Марштупа, Есіл қаласындағы кәсіптік лицейдің директоры Л.Клименко жұмысты жандандыруға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко, Білім және ғылым министрлігінің өкілі Ақерке Абылайхан тәуелсіз еліміздің саналы азаматтарын, айнымас патриоттарын, толыққанды тұлғасын тәрбиелеу қоғам қызметінің басты бағамы екендігін атап көрсетті.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.