Әрине, тереңге кетсек халықты түрлі таптар мен топтарға бөлуге болады. Бірақ, біздің қарастыратынымыз сол көпшіліктің өзі болмақ. Қазақ бұқарасы ХХ ғасырда дала халқынан ауыл халқына ауысты. Ғасырлар бойы қалыптасқан, ұшы-қиыры жоқ кең далаға тән еркін мінезіміз, дархан жүрегіміз, кеңқолтық салт-дәстүрлеріміз, шаруашылық ерекшеліктеріміз бірте-бірте ауылдық, отырықшылық қалыпқа түсті. Өзі жылы үйлерде тұрып, қолға қарап қалған азын-аулақ малын қорада бағып, ауылдық аймақ шегінде ғана жүріп-тұратын тірлікке көшті. Ұзақ уақыт халық бұл тәртіпке көндіге алмай, тынысы тарылып, еркін жүріп, кең тыныс- тауды армандап, жан-жүрегі сайын далаға ұмтылатын. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» дегендей, қазақ та жаңа қалыпқа көндіге алмай, көп уақыт өзінің стихиясын аңсап, қиналды. Әсіресе, көктемде, ел жайлауға көшер уақытта жан-дүниесі жабырқап, көңілі елегізіп, кең далаға құлаш ұрғысы, атқа мініп шапқысы, маң даланы басына көтеріп ән салғысы келетін... Дегенмен, Кеңес заманында қазақ жаңа дәуірдегі ауыл өміріне әбден көндікті. Мысы басылып, шалқыған көңілі бір арнаға түсіп, біршама жуасыды. Әуелде үйдің айналасын қоршап, жер шектеуді, меже белгілеуді білмеген басы бірте-бірте етек-жеңін жинап, ауласын қоршап, есігін бекітуді де үйренді. Тамаша үйлер тұрғызып, қора-жайларын да түрлендіріп салатын деңгейге жетті. Жаңа жағдайға әбден үйреніп, бауыр басқаны сондай, далада қалыптасқандығы ұмытылып, халық арасында «қазақтың алтын бесігі, тілі, жүрегі, ділі» деп әйтеуір барлық эпитеттерді ауылға қосып сөйлейтін болдық. Обалы не керек, ауыл да қазаққа көп нәрсе берді: мектебінде баласын оқытты, клубында мәдениеттің дәмін татырды, мал мен егін шаруашылығында жұмысын істетіп, қаражат тапқызып, тамағын асыратты. Ең бастысы, ұлт ретінде жойылудан сақталып қалды. Тек басқа халық өкілдері көбірек қоныстанған, жұмыс пен қызмет орындары молырақ болатын, инфрақұрылымдары жақсырақ кеңшар мен аудан орталықтарына көшіп барғандар ғана тілдерінен айрылып, ділдері орыс- тана бастады. Қалаға көшіп барған қазақтарға қарағанда, осындай мекендерге қоныстанған қазақтар тезірек орыстанды. Өйткені, мұнда ұлттық оқшаулану болған жоқ, бәрі ашық-шашық, мектеп орысша, балалар да, үлкендер де емін-еркін араласып жатты. Басқалармен орысша сөйлесетін қазекең бірте-бірте өзара да басқа тілде шүлдірлейтін болды. Ал қалалы жерде мектебі орысша болғанымен, балаға даладан гөрі үйдің ықпалы күштірек еді, өйткені, сырттан қауіптену инстинкті мұнда әрқашан сақталып отырды. Сондықтан тілін ұмытпаған қазақтар қалалы жерде салыстырмалы түрде айтқанда көбірек болды. Ұзақ жыл қазекем осылай өмір сүріп жатты, басқа этностармен араласы жылдан жылға өсе берді. Қалалы жерге қоныс аударғандар да жыл сайын көбейіп жатты, бірақ жалпы халық, негізгі көпшілік әлі де ауыл тұрғындары болып қала берді. Алайда, оның мойнында ұлттық жауапкершілік болған жоқ, мемлекетшіл сана да басқалармен салыстырғанда төменірек болды. Енді не болды... Енді қазақ қала халқына айналып келе жатыр. Бұрын қалаға бірлі-жарымы ғана көшсе, қазір мың-мыңдап көшіп, қоныстана бастады. Қазақстан картасында халық санындағы қазақтардың үлесі 70-80 пайызға жеткен қалалар пайда болды. Бұрын ең көбі 25 пайыздан аспайтын. Қазір қазақтың жартысынан көбі қала тұрғыны атанды. Әрине, әлі қалаға тұтастай қалыптаса қойған жоқ, етек-жеңі жайылып, тамыр-танысының бәрін үйіне қонаққа шақырып, той жасаса қарызданып-қауғаланып, миллиондарды шашып жатыр. Бұл ауылдан қалған әдеттер. Уақыт өте келе ақшаны үнемдеп, қаланың талқысы мен дағдысына ауысады, тәртібі мен мәдениетіне де төселеді. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, қазақ оған да үйренеді. Тек қазақ енді мойнында өзінің дербес мемлекетінің амандығы мен дамуының жауапкершілігін арқалаған ұлт екенін ұқса болды. Қала халқына айналғанда көпшілікке осындай зіл батпан салмақ та түскенін ұмытпау керек.
•
11 Мамыр, 2017
Қала халқына айналған қазақ
288 рет
көрсетілді
Халықты категорияларға бөліп, жіктеп талдағанда, оның негізгі бөлігі қарапайым халық екендігін көреміз. Бұл – кез келген ұлттың кем дегенде 80 пайызын құрайтын ең басым бөлігі. Ғылыми тілмен оны «масса» деп атаса, қазақ баспасөзінде «көпшілік, бұқара» деген сөздермен «тәржімалап» жүрміз.