Халықаралық жоба жайлы біз не білеміз? 2013 жылдың күзінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған сапары барысында өзара бірігу арқылы Жібек жолының экономикалық белдеуі мен ХХI ғасырдағы теңіз жолын жасау жөніндегі ұсынысын жариялаған болатын. Бұл жайында «Бастама алғаш рет Қазақстан топырағында талқылауға түсіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Содан бергі 3 жылдан астам мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» идеясын, 100 ел қуаттап, ал 40-тан астам мемлекет Қытаймен өзара ынтымақтастаққа қол қойды», деп мәлімдейді ҚХР мемлекеттік кеңесінің мүщесі Ян Цзечи. Биылғы Давос экономикалық форумында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин көпшілікті осы 14-15 мамырда Бейжіңде өтетін «Белдеу және жол» осы халықаралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды. Форумның мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін өзара қарым-қатынастарды реттеу, жеткен жетістектерді саралап, бұдан кейінгі іс-шараларды жоспарлау, Жібек жолы бойы елдерінің жұмыс жоспары мен стандарттарын бір жүйеге келтіру. Бұл Қазақстанға не береді? Ең бірінші кезекте біз Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын көлік дәлізінің рөлін атап өтуіміз керек. Бұдан 2000 жылдай уақыт бұрын Ұлы Дала арқылы Жібек жолы өткені тарихтан белгілі. Жібек, форфор ыдыс, қағаз, бағалы зергерлік бұйымдар артқан сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызмет көрсету үрдісі сол замандардан қалыптасқан болатын. Демек, біз қазіргі уақытта сол дәстүрді жалғай отырып, экономикалық тұрғыдан табыс табу мүмкіндігіне де қол жеткіземіз. Жібек жолындағы Қазақстанның екінші мүмкіндігі – мұнай-газ құбыры арқылы транзиттік дәліз иесі болу ғана емес, Батыс Қытайға осы құбыр арқылы тасымалданатын энергетикалық ресурстарды табиғи көздерден ұсынушы бола алатындығы. Рас, бұл жерде ойланатын мәселе бар. Қазақстан Қытай үшін шикізат қорына айналу қауіпі туындайды. Бұл қауіпті сейілту үшін Қазақстан өз экономикасын «Белдеу және жол» жобасы толық жүзеге асқанға дейін жаңғыртып, Елбасы жүктегендей, Үшінші жаңғыртудан өтіп үлгеруі керек. Сонда құбыр арқылы дайын өнім: жанар-жағар май жөнелтіліп, шикізат өндірісінен дайын өнім саудасына өтеміз. Яғни, еліміз Қытаймен толыққанды серіктес, тең дәрежедегі ел болар еді. Үшіншіден, Қазақстан – органикалық табиғи азық-түлік өнім өндіретін, ауыл шаруашылығының мүмкіндігі 1 млрд адамды асырауға қабілетті ел. Бұл біз үшін өте ұтымды жол болмақ. Әсіресе, ішкі тар шеңберлі нарық қысып отырған ауыл шаруашылығы үшін ауқымды сыртқы нарықтық сұраныс орын алса, біздің органикалық өнімді қымбатқа сатып алушы табылып отырса, әрине, қуанбасқа болмайды. Жаһанның геосаяси дамуы өзгере ме? Бұл жоба толық іске асырылған жағдайда Еуразия құрлығында орасан өзгерістер орын алуы мүмкін. Инфрақұрылымның өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар мерзімін мейлінше қысқартып, шығындарды азайтары сөзсіз. Өзара тиімді халықаралық еңбек бөлісі негізінде әр ел өз экономикасының абсолютті, салыстырмалы және бәсекелестік артықшылықтарын толық пайдалануына жол ашар еді. Яғни, саясаттағы өктемдік, таптаурындылық сияқты мүдделер таза экономикалық тұрғыдан таразыланып, жойылары хақ. Өйткені, қазіргі әлемде экономикалық сипатта қанағат таппаған мүдделердің кесірінен саяси қақтығыстар туып жатқаны жасырын емес. Және жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бойында жаңа елді мекендер бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары ашылады, әртүрлі мекемелер жұмыс істеп әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Мұның сыртында геосаяси арасалмақ қазіргі жағдайдан – АҚШ, Еуропа құрлығынан Еуразия құрлығына ойысатыны анық. Демек, бұл «Белдеу және жол» жобаға топтасқан елдер Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік геосаясатын өзара кеңесіп, татулық, түсіністік және тең құқықты қатынас арқылы шешуге мүдделі болатыны сөзсіз. Қазақ мұндайда «Қазан аузы жоғары...» дейді. Қалай болғанда да Қытай астанасында өткелі отырған – экономикалық жобаны жүзеге асыру барысын талқылайтын форумнан күтеріміз көп.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты