• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Футбол 15 Мамыр, 2017

«Қайраттың» бес минутта 3 гол соғып жеңуі

217 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 12-туры аяқталды. Бұл турдағы екі орталық кездесу де елордада өтті.

«Астана Арена» стадионында алдымен «Оқжетпес» командасы «Қайратты» қабылдады. Бұл кездесуде алаң иелерінен Сергей Струков 29 және 68-минуттарда мергендігімен танылып, есепті 2:0-ге жеткізді. «Қайрат» өткен ойында Атыраудағы жеңілісін қаперде ұстап, осыдан кейін ширақ қимылдай бастады. Алдымен 74-минутта Андрей Аршавин есеп айырмасын қысқартса, араға бір минут салып, бразилиялық ойыншы Исаэль Барбоза таразы басын теңестірді. Ал ойынға екінші таймнан қосылған Бауыржан Тұрысбек 79-минутта жеңісті голдың авторы атанды. «Қайрат» осылайша екі доп айырмасымен ұтылып жатып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Дәл осы стадионда жергілікті «Астана» командасы Павлодардың «Ертісімен» күш сынасты. Ойындағы алғашқы голды 13-минутта елордалықтар сапынан Роман Мұртазаев салды. Матчтың 79-минутында Дидар Жалмұқан соңғы нүктені қойды. Осылайша елордалықтар 2:0 есебімен басым түсті. Турнирлік кестеде «Астана» негізгі қарсыластарынан бір ойын аз өткізсе де 27 ұпаймен көш бастап келеді.

Сонымен қатар, Шымкенттің «Ордабасы» клубы сырт алаңда «Атыраумен» кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті. Бұл матчта есепті шымкенттік ұжымның шабуылшысы Таңат Нөсербаев ашқанмен, алаң иелерінен Эльдар Абдрахманов пен Фархат Саломов бір-бір голдың авторы атанды. Дегенмен, негізгі уақыттың аяқталуына бес минут қалғанда Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті орындап, есепті 2.2-ге жеткізді.

Қарағандыда жергілікті «Шахтер» ұжымы Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Жеңісті голдың авторы – Айдос Тәттібаев. Осы жеңісінің арқасында «Шахтер» турнирлік кестеде 11-орынға көтерілді. Айта кетерлігі, бұл күні қарағандылық клуб ұзақ жылдар бойы команданы өрге сүйреген Андрей Финонченкомен қоштасу рәсімін өткізген болатын.

Ал «Тараз» «Қызылорданың» «Қайсарын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында «Қайсар» сапынан Мақсат Байжанов есеп ашса, алаң иелерінен Мұхаммед Диарра мен Абзал Таубай қонақтарды қапы қалдырып кетті. Осы жеңісінен кейін тараздықтар 10-орынға көтерілді.

Ал «Ақтөбе» өз алаңында Қостанайдың «Тобылымен» күш сынасып, 1:3 есебімен есе жіберді. Бұл кездесуде «Тобыл» сапынан Алексей Щеткин, Сергей Малый және Рауль Жалилов бір-бір голдың авторы атанса, ақтөбеліктерден жалғыз голды Иури Мамуте салды. Осылайша, «Ақтөбе» кестенің соңғы орнына сырғыды.

Айта кетейік, Қазақстан премьер-лигасының келесі туры 20 мамырда өтеді. Бұл турда мына командалар күш сынасады:

«Ақжайық» – «Астана»,

«Ертіс» – «Атырау»,

«Ордабасы» – «Ақтөбе»,

«Тобыл» – «Оқжетпес»,

«Қайсар» – «Шахтер»,

«Қайрат» – «Тараз».