• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Мамыр, 2017

Ішкі істер вице-министрі: Тасқын судан зардап шеккендерге барлық жағдай жасалады

119 рет
көрсетілді

Мамандардың айтуынша, Қызылжар  өңірінде биылғы су тасқыны соңғы 37 жылдың ішіндегі ең ауқымдысы болған көрінеді. Оны облысқа жұмыс сапармен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер  де растады. 

Олар Петропавл қаласына жақын Есіл өзені және одан төмен Ресей Федерациясы Түмен облысына дейінгі өзен алқабында орналасқан елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды тікұшақпен аралап шықты.

Бүгінде өңірде су апаты зардабын барынша азайту  бойынша Үкімет және жергілікті билік тарапынан  кешенді шаралар жүргізілуде. 61 елді мекенде 49 шақырымға жуық жердің бөгеттері нығайтылды, 18 шақырымға жуық су бұрғыш каналдар қазылды. Инженерлік жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ, су өткелдері арқылы адам және азық-түлік тасымалдау, Есіл өзеніндегі су деңгейін бақылау жұмыстарына 2007 адам, 394 бірлік техника және 23 жүзу құралдары, 94 мотопомпа, сондай-ақ төтенше жағдайлар комиссиясы күштері мен құралдары, Астана және Алматы қалаларынан 3 жедел-құтқару топтары жұмылдырылды.

Су алған елді мекендердегі адам тасымалы, су басқан аумақтарды тазалау, Есіл өзеніндегі су деңгейі тұрақты  бақылауға алынды.

Вице-министр қарғын судан зардап шеккен отбасылардың бәріне көмек көрсетілетінін атап көрсетті.

Өмір Есқали «Егемен Қазақстан»