Шара барысында байқаудың жүргізушілері бірінші маусымның қос жеңімпазы Мерхат пен Марияға Парижге саяхаттауға жолдама берілгенін xабарлады. Кішкентай жұлдыздар өткен жылы «Ғажайып әлем» әнін орындап, өздері де ғажап әнмен бірге жарқырап көрінген болатын. Осы жолы Мария мен Мерхат байқаудағы өздерінің тəлімгері, танымал әнші Толқын Забировамен бірге əн шырқады. Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасында екінші маусымның ашылу құрметіне орай, өткен маусымда еліміздің әр өңірінен жарқырай көрінген 23 жеңімпаз өз өнерлерін көрсетті. Музыкалық шара барысында ән байқауына қатысатын дарынды өнерпаздарды таңдауға, тыңдауға әнші Жұбаныш Жексенұлы бастаған өнер жұлдыздары, белгілі продюсерлер, режиссерлер қатысып, балдырғандарға арнаған құттықтау-тілектерін жеткізді. Олар байқауда бақ сынайтын кішкентай өнерпаздардың арасында болашақ жұлдыздар бар екеніне сенім білдіріп, балғындардың бойындағы үміт отын оята түсті. 13 мамыр күні қаладағы Оқушылар сарайында ән байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жоба ұйымдастырушыларының бірі Толғанай Қасенқызы айтып өткендей, шараға облыстың аудандары мен қалаларынан келген 7-13 жас аралығындағы 200-ге жуық әнші бала қатысты. Солардың ішінен Ақсу қаласындағы №8 мектептің оқушысы Анастасия Михайлюктің бағы жанып, жеңімпаз атанды. – Конкурстың басталуын асыға күткен едім. Жеңімпаз атанғаным үшін өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға, тәлімгерлерге көп рахмет, – дейді Анастасия қуанышын жасыра алмай. «Бала дауысының» ендігі кезеңі 15 мамыр күні Өскеменде өтуге тиіс. Осылайша, 22 маусымға дейінгі аралықта «Жандану әлемі» қорының танымал музыканттар, композиторлар мен продюсерлерден тұратын шығармашылық тобы еліміздің барлық облысында, Астана, Алматы қалаларында жобаның іріктеу кезеңдерін өткізеді. Әр қатысушыға естелік сыйлықтар мен жобаға қатысқаны туралы сертификаттар беріледі. Ал олардың музыка пәні мұғалімдеріне балаларға арналған жаңа ән жинақ тапсырылады. Күзде еліміздің үздік 16 дауысы «Бала дауысы» ән мектебінде, Алатаудың баурайында орналасқан «Бөбек» ұлттық орталығында бас қосады. Жеңімпаз балалар еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордаларында білім алуға грантқа қол жеткізеді, АҚШ-тағы Ертегі әлемі Диснейлендке саяхат жолдамасын иеленеді. Өткен жылы Павлодар облысы бойынша кастингте 100-ге жуық бала бақ сынағанын айта кетейік. Сөйтіп, республиканың барлық өңірінде өткен іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 16 бала «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру және сауықтыру орталығының «Бала дауысы» музыка мектебінде сольфеджио, хореография, әртістік шеберлік бойынша білімдерін шыңдап, әртістерден шеберлік сыныптарын өткен болатын. Енді павлодарлық Анастасия Михайлюк те осындай мүмкіндікке ие болады. Осы байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат балаларға арналған жаңа әндерді таныстыру, жандандыру арқылы кішкентайлардың музыкалық шығармашылығын дамыту әрі педагогтарға әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Байқау қорытындысы бойынша «Балалар әндерінің» жаңа жинағы әзірленеді. Сондай-ақ, балаларға арналған жаңа әндер жазылып, олардың дискілері еліміздегі балабақшаларға, мектептерге тегін таратылады. Сонымен, байқаудың екінші маусымы Кереку өңірінен бастау алды. Сәттілік саған, «Бала дауысы-2017»!
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР