• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Мамыр, 2017

Алтын сақа азамат еді

170 рет
көрсетілді

Жуырда Ұлттық академиялық кітапханада қоғам қайраткері, ақын, публицист, рәмізтанушы Ербол Шәймерденовті еске алу кеші болды. Кешке ақынды жақсы білген, бірге оқыған, бірге қызмет істеген, шығармашылық одақта бірге болған елге танымал азаматтар қатысып, қызықты естеліктер айтты. Кешті жазушы Қуаныш Жиенбай жүргізіп отырды.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрах­манов Орталық Комитетте қызмет істеп жүргенде Ербол Шәймерденовпен қалай, қандай жағдайда танысқаны туралы баяндады. Ол кезде Е.Шәймерденов «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі екен. Журналист жазықсыз күйіп, партиядан шығарылған қазақ азаматына араша түсіп, газетке мақала жазады. Соның нәти­жесінде, азамат ақталып жатса, бір депутат Мәскеудегі «Труд» газетіне мақала беріп, оның ақталуына шүбә келтір­ген. Сол кезде орталық басылымның сы­ны­нан өлердей қорқатын Қазақстан басшы­лары мақаланы тексеруге арнаулы комиссия шығарып, Ақмолаға жібереді. Сол комиссияның құрамында болғанда Ерболдың барлық фактілерді айнытпай жаза білетін шебер, білгір журналист болғанына тәнті болдым, деді депутат. Осы тексерістің арқасында мақаладағы фактілердің дұрыстығы анық­талып, Ерболға жаза берудің орнына, керісінше, қызметі өсіріліпті.

Кездесуге Алматыдан арнайы келген белгілі ғалым, қоғам қайраткері Рахман Алшанов та қызықты естеліктер айтты. Қазақ мектебін бітірген студенттер арасынан ҚазГУ-дің комсомол комитетіне хатшы сайлауда таңдау журфактың 2-курс студенті Ербол Шәймерденовке түсіп, сол уақытта Ербол алғашқы болып факультеттерде қазақ тілінде оқытатын бөлімдер ашуды ұсынады. Сол кезде оқиғаның ортасында жүрген адам ретінде мен бұл ұсынысты алғашқы болып көтерген Ербол екеніне куәлік бере аламын, деді ол. Ербол жастар комитетінің шешімін де қабылдатып, оны ректоратқа ресми түрде ұсынуға мұрындық болған екен. Мен Ербол Шәймерденовтің есімі Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған 100 жаңа есім жобасына енгізілуі керек деп санаймын, деді Рахман Алшанов.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы кезін­­де Астанада «Тіл туралы» заң­ның талап­­­тарын орындатуға Ербол Шәймер­денов­­­тің Бас прокуратураға жазған хатына кел­ген жауаптың көп көмегі тигенін тілге тиек етті. Е.Шәймерденовтің жерлесі, жазу­шы Жарасбай Сүлейменов Ерболдың ал­тын­шы сыныптан бастап өлең жазып, оны об­лыс­тық газетке жариялата бастағанының ку­әсі болғанын жеткізді. Ақын Серік Тұр­­ғын­­­­беков оны «асылымдай алтын сақам өзің­­сің, асығындай көрінгенмен құл­жа­ның» деп бағалағанын еске алды. Бел­гілі қо­ғам қайраткері Сабыр Қасымов Орта­лық Ко­­ми­тетте бірге қызмет істеген жыл­дарын­­да Ербол ұлттық дүниелердің жана­шы­ры бо­лғанына бірнеше мысал келтір­ді. Оның ұлтжанды болуының діңгегі – адами таза­лықтан, ұлтына адалдығы мен аза­мат­тық жауап­кершілігінің жоғары болуынан, деді ол. 

«Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы басшысы, танымал қаламгер Ержұман Смайыл да көп адам білмейтін тың деректерді ортаға салды. Соның ішінде Желтоқсан оқиғасынан кейін болған сот процестерін жазуға «Социалистік Қазақстан» газетінен Ербол екеуін жібергенін, сонда барлық жасандылықтарды, қолдан құрастырылған қиянаттарды көрумен қатар, қара бас­тарын арашалау үшін кейбіреулердің сат­қындыққа барып, өз жолдастарын ашық қаралап, жала жапқан жайттарға да куә болғандарын айтты. Егер сот процесі сол күйінде жазылып, халыққа жарияланатын болса, желтоқсандықтардың игі істері аяққа тапталатынын сезген Ербол мақала жазудан бас тартуды ұсынған екен. Осы позицияны ұстанған екеуін редактор да қолдап, ақыры мақала жазылмапты. 

Еске алу кешінің қорытындысында жұрттың бәрі де Ербол Шәймерденов­тің үндемей жүріп, үлкен істерді тындырға­нын жақсы білетіндерін айтты. Курстас досы Сүлеймен Мәметтің сөзімен айтқанда, ол ақындығынан басқа: баспасөз хатшы­сы қызметін алғашқы қалыптастырушы; рәмізтану ісінің көшбастаушысы; қазақ дана­лығын жинаған алғашқы афоризм құрас­тырушы және т.б. жұмыстарды абы­роймен атқарушы ретінде тарихта қалып, 100 жаңа есімнің ортасынан ойып орын алушы дегенге жиналғандардың бәрі де бірауыздан келісті. 

Еске алу кешінде композитор Марат Омаров Е.Шәймерденовтің өлеңіне жазыл­ған «Арман қала – Астана» әнін орындады. Одан басқа да өнерпаздар ән шашу­ларын жасады, ал Ұлттық академиялық кітап­хана басшысы Ү.Мұңалбаева ақынның жары мен қызына орамал жапты.

Жақсыбай САМРАТ,  «Егемен Қазақстан»