Ағып жатқан ағыл-тегіл теңге-дән өз қамбамызға құйылмай, өзгенің қанары мен қабын толтырып, елін іргелілетіп, өнеркәсібін дамытып жатыр. Және сұраныстарды өтеуде қамтитын кеңістіктері қандай десеңізші? Қалтаңызға қарай жоғары сапалысы, қымбат брендтері, брендтің көлеңкесі-фейктері, брендсізі де, іле салып, сұға салып киіп кете беретін арзаны да, киіс берер, өңін бермес төзімдісі де, су тисе ашылып қалар, жуса оңып кетер төзімсізі де, қысқасы, толып жатқан түрлері бар. Сауда үйлеріндегі дүкендер мен базарлардың барлығы сол заттарға тойып, кекірігі азып тұр. Ал Қазақстанда жасалған, өндірілген, тігілген бұйым арасынан анда-санда бір жылт ете қалса кәдімгідей қуанып қаласыз. Жеке кәсіпкер, тігіншінің қолынан шыққан емес, кәдімгідей отандық кәсіпорынның өнімін табу таптырмас олжа саналады. Бірақ қуанышыңыз көпшілік жағдайда «бәрекелді» деген бір ауыз сөзден аса алмайды. Өйткені, бағасы шырқап тұр. Айналдырып, сипалап қарап, бағасын неге қымбат қылды екен дейсің де, сосын өзің оларды ақтайтын себептерді ішіңнен ойлап кеткеніңді сезбей қаласың. Құдайға шүкір, қазір өткен ғасырдың 90-шы жылдарындай емес мал басы да, оның түрі де баршылық. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» деген мақал бүгінде ығысып бара жатқандай. Қойдың еті болмаса терісі мен жүнінің ысырап болғаны қашан... Елге барғанда қайтеміз, өзімізге қажетін аламыз да қалған жүнді өртейміз, немесе көміп тастаймыз, сиырдың терісі болмаса, қой терісі мүлдем өтпейді, жарағанда тулақ болар. Бірақ қазір тулақты да ешкім керек қылмайды. Қып-қызыл ақша қажеті болмаған соң өртеліп жатыр, дейді ағайын. Ал біз түріктің тонын қымбатқа алып, жүннен жасалған бұйымдарды моңғолдардың еншісіне тұтастай өткізіп қойғандаймыз. Тым болмағанда Арқаның алты ай қысына шыдас берер пима да шығармаймыз. Жуырда бір танысым Аиданың (Аида Кауменова) көйлегін алып киейінші десем, бағасы менің айлық жалақымдай екен, содан қайтейін, қанша жерден патриот болсам да, ертеңгі ішер асымды, жұмысқа баратын жолақымды есептеп, қой болмас деп түріктің бір көйлегін алдым, дейді. Ойша ол көйлектің де бағасының неге қымбат түсетінін шолып кеткенбіз. Оңтүстік өңірде бір кездері мақта кластері қолға алынды деп қуанған едік. Бірақ нәтиже көңіл қуандырмай тұр. Мата атаулы шет елден әкелініп, тіпті тігіншіге қажетті жіп, өзге де ілгек, түйме дейсіз бе, толып жатқан фурнитураның бәрі шекарадан өтіп, салығын жамап барып жеткенде, оған дизайнер мен тігіншінің еңбегі қосылғанда, отандық көйлек қымбат болмағанда қайтеді?! Бірде Тәшкентке жол түскен. Дүкендерінде толып тұрған бір адрастың өзінен жібек, шәйі сынды қолыңызға іліксе сусып тұрған сан түрін ұстап қарап, сырт киім – шапанға лайықты қатты да, тығыз сапалыларын көргенде бір жағынан қызыға, бір жағынан бізде неге осындай маталар шығарылмайды екен деп ішіміздің қыз-қыз қайнап кеткені бар. Бішкектің де дүкендерінде өз өнімдері. Минскіге бармай-ақ беларус трикотажын киіп, балаларымызға «Оранжевый верблюд» көмекке келіп, топатайынан бастап, бас киіміне дейін тауып беріп, құнттай қылып киіндіріп жібереді. Бұрынғы қазақ қазіргідей уақытты көрсе егер «Ит басына іркіт төгілген заман екен» бірақ ұрпақтарымыздың шаруаға қыры жоқ па, әлде ақылдары кем бе, әлде орашолақ, әлде даңғой ма, қаншама ризық аяқасты болып, төгіліп, өртеліп жатыр, обалы кімде дері сөзсіз. Сонда деймін-ау, өзгенің экономикасын ел болып дамытқанша жылына бір-екі киім тігетін фабриканың жұмысын жолға қойсақ қаншалықты ұтар едік. Қаншама адамға жұмыс табылып, кәсіп игерген қазақтың саны артып, ақшамыз шекара аспай елімізде қалып, экономикамыздың дамуына үлес қосылар еді. Жүн мен тері өртелмей ұқсатылып, мақтамыз матаға айналып, ол киім болып айналымға түссе өзгеге қызықпай, бағасы ойып түсетін қазіргідей қымбат емес отандық бұйымдарды кимес пе едік деген ойлардың да мазамды алғанына көп болды.
•
18 Мамыр, 2017
Қол жетпес құнның құпиясы
367 рет
көрсетілді
Егер маңайымыздағы көршілер болмағанда жалаңаш жүргендейміз-ау. Бізді қазір киіндірмейтін ел жоқ. Қытай мен Түркия қазақтарды жалаңаш қалдырмауды міндетіне алғандай көрінсе, іргедегі қырғыз, өзбек, алыстағы еуропалықтар, үнділер, корейлер, беларустар, орыстар да олардан қалыспайды. Қайтеміз тапқан тиын-тебенімізді лыпасыз жүрген болмас деп солар тіккен киімдерді сатып алуға жұмсап, солардың экономикасын нығайтып, солардың жеңіл өнеркәсібіне инвестиция салып жатқан жайымыз бар.