Шығыстың ән бедерін ерекше сазбен кестелеген “Дос-Мұқасан”, “Ялла”, “Айгүл” ансамбльдерінің атағына қанық жұрт бұл санатқа “Яшлык” ансамблін еш қымсынбай қосарына иманымыз кәміл. Жетпісінші жылдардың соңғы кезеңін оларсыз елестету мүмкін емес еді. Олар музыка мәдениетіне ғажайып құбылыс ретінде қосылып, мақамы тәтті әуезге ұласты. Бірімен бірі жарыса дүниеге келген өнердің жанартаулары шырқаған жырлар жастық пен махаббаттың шаттық үніне айналып, жарасымды жалғасып жатса да әрқайсынан төгілер шуақ пен құйылар қуат бөлек, бірінікін екіншісі мүлде қайталай алмастай сирек жауһарлар іспетті әсер қалдырды. Сол жан тербетер үлбіреген үндерге тамсанып, талай ұрпақ қиял қыранын Алатаудың асқақ шыңдарынан әріге асырып, мақсат-мұратына талпынған екен. Ғашық жүректер ғажайып бақтарда жапырақтай сыбдыр қағысыпты. Талай тағдырды тау етегін тамылжытқан уыз сезімдер табыстырыпты.
Әр кезең ырғағынан сол уақыттың тыныс-тіршілігі мен болмыс бояуы көрінетіні ақиқат. Шынайы шырқалған жырлар мөлдір бұлақ секілді санаға үнемі тұнық сезім себелеп тұрады. Кіршіксіз әуенмен сусындаған жастар жанары да осынау тылсым құдіретпен үндес еді. Көбіміздің жадымызда есімі “Яшлык” ансамблінің белгілі әншісі болып сақталған Мұрат Ахмадиев өнерінің сондай сансыз жұлдыздар санатында екенін бүгін тағы бір мәрте ойымызға оралтуға тура келіп отыр.
Міне, қолымызда Шәкен Аймановтың өкіл баласы атанған Мұрат Ахмадиевтің Абай Ескендіровпен бірге жақында “Қазығұрт” баспасынан жарық көрген “Қоңсы қонған қоңыр ел” атты кітабы. Мұқабасы тартымды екен. Парақтай бастағаннан сағыныш сандығына кез болғандай, ішінен бұрын құлағымыз шалмаған небір қызық оқиғаларды бас алмай оқуға тура келген. Жұртқа әуелі өнерімен танылған азаматтың бар сырын осы кітап алақандағыдай жая салған тәрізді. Аймановтың үйінде 3-4 жыл бірге тұрғаны, “Атамекен” фильміне қалай түскені, Елубай Өмірзақовпен бірге бірі атасы, енді бірі немересі болып фильмде қатар ойнағаны, Қытайдың ұлы көсемі Мао Цзе Дунның оны осыдан елу бір жыл бұрын қолына алып, басынан асыра көтергені туралы әңгімелерді оқыған сәтте естелік соңынан еріксіз еріп отырасыз. Қазақстан халқы Ассамблеясындағы, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан бергі атқарған қыруар істері жеткілікті қамтылыпты. Өнер иесінің бүкіл өмір жолы осы кітапта бастан-аяқ мүлтіксіз баяндалып қойыпты. Қайталауға қарсымыз. Енді не жазбақпыз деген ой келді.
Кітаптан оқыған қызықты жәйттерді ысыра тұрып, оның өзімен әңгімелескенді жөн көрдік.
– Мұрат Абдуреимұлы, өмірдің де, өнердің де біраз белесінен өттіңіз. Ақсақалдық жасқа жеттіңіз. Осы жаста адамның қандай күй кешетінін өзіңізше қалай пайымдар едіңіз?
– Бұрын 60 жасқа келген адамды өзім кәдімгідей бүкіл ел ардақ тұтқан ақсақал бейнесінде қабылдайтынмын, ол өткен өмірдің көп бөлігіне ұқсайтын, оған дейін әлі бізге көп асудан өтуге тура келетіндей түйілетін. Сөйтсек, ол қол созым жерде ғана тұрған белес екен ғой. Бірақ мен өзімнің көңіл-күйімді оған қарағанда әлдеқайда сергек, сол баяғы “Яшлык” жырлаған жасыл қыраттарда күні бүгінге дейін жаным шалқып, ән бағын кешіп жүргендей сезінемін. Менің жаным мүлде қартаймаған сияқты. Әрине, толысу, өсу, кемелдену тұрғысынан келсек, бастан кешкен тағдырым жайында үзбей көп әңгіме айтып беруіме болады. Адамның ақыл-ойы, парасат-парқы туралы бір кездергі балаң байламдарым бүгінде бүтіндей басқа тұжырымдармен тұрақталып, адами құндылықтарға деген көзқарасым бастапқы кезде түйген кейбір ойларымнан терең арнаға бұрыла түскенін айқын сезінемін. Оқырманның қолындағы мына кітапта біраз мәселенің басын аздап шалып та өткен сияқтымын. Бірақ бұл менің тағдырыма ерекше әсер етіп, өнеріме даңғыл жол ашып берген, қазақтың небір майталман тұлғаларымен қоян-қолтық араласуыма себепші болған абзал ағаның аруағына тағзымым деңгейіндегі дүние болғандықтан, өмірдің өзге өрнектерін оған қосқан жоқпын. Жаныма маза бермей, санамды сабалаған сансыз ойлар лықсып күндердің бір күнінде өзі-ақ жарып шығарына кәміл сенемін. Ол дәл қазір отыра қалғанда әп-сәтте біте салатын оңай шаруа емес.
– Өнерлі отбасы туралы айтарда “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қанатты қағида жиі еске оралады. Сіздің өнеріңіздің тамыры да тереңде жатқанын, ата-анаңыздан бастау алатынын жұртшылық жақсы біледі. Және ол бақ біреуіңіздің ғана басыңызға қонып қоймай, отбасындағы төртеуіңізге түгел тиесілі болғаны үнемі қызықтырады.
– Иә, отбасындағы төртеуміз де өнер жолын таңдадық. Інім Полат, қарындастарым Арзыкүл мен Гүлбахар ел-жұрттың ықыласына бөленген әзіз жандар. “Неліктен бәріңіз бұл жолды таңдадыңыздар?” деп сұрақ қоюдың өзі маған бір түрлі қисынсыз естіледі. Көзімді тырнап ашқалы бері өмірде көріп келе жатқаным сахна болса, балаң сезім сол сиқырлы үнге құлағын тоспай, қиялын осы биіктің заңғарында қалықтатпай қалуы мүмкін бе? Үйімізге келіп-кетіп жүрген әртістердің бірінен ән, енді бірінен би үйреніп, кішкентай кезімізде біреу-міреу: “Келешекте кім боласың?” деп қапелімде сұрай қалса, әке-шешеміз алдын-ала әдейі ескертіп қойғандай бәріміз бірдей: “Есейгенде әртіс боламыз” деуші едік-ау. Расымен, біріміз актер, екіншіміз музыкант, әнші болып, өміріміз бүтіндей өнерге арналғанын бүгінде мақтаныш сезіммен айтамын. 2007 жылға дейін тапжылмай осы салаға қызмет еттім. Әнді он төрт жасымнан бастап айттым. Қазақстан телеарнасы сол жылдары өзінің алғашқы концерттік бағдарламасынан фильм дайындағаны есімде. Осы қор арқылы кейін менің үнім әлемнің бірталай елдеріне тарады. Жұрт мені “Қазақстандық Робертино Лоррети” деп атап кетті. Ләзиза Аймашева есімді диктор апамыз болды. Сол кісінің өзі бұл фильмді сонау Америка, Канада сияқты шалғайдағы мемлекеттердің жұртшылығы таңдана тамашалағанын қуана айтып келгенін ұмытпаймын. Содан кейін іле-шала мектепте оқып жүргенімде екі фильмге түстім. Оның бірі – В.Курочкиннің “О чем молчала Тайга” фильмінде хакас баласы Алешаның рөлін сомдасам, екіншісі Шәкен Аймановтың “Атамекен” фильмінде сахна өнерінің саңлағы Елубай Өмірзақов ойнаған шалдың немересі Баянның бейнесін бедерледім. Бұл менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас кезең болды. Осы фильм арқылы көп адаммен таныстым. Елубай Өмірзақовпен бір жыл бойы фильмге түсу бақытына ие болған адаммын. Қазақстанның халық әртісі Юрий Померанцевпен өнер соқпағында жолымыз тоғысты. Фильм авторы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовпен сонда танысқаным өз алдына бір хикая. Оның музыкасын жазған композитор, халық әртісі Еркеғали Рахмадиев ағамызбен таныстым. Қысқасы, бір туынды арқылы аттары аңыздай өнердің небір айтулы өкілдерімен қауышу қуанышын өмірдегі ешқандай қызыққа айырбастамаймын. Шәкен ағам мені ата-анамнан өзі сұрап алып кеткен болатын. Ол кісінің үйінде 3-4 жыл бірге тұрғаным бүгінде біреу сенсе, біреу нанбайтын қымбат сәттерім. Тіпті мен Шәкен ағаның баласы сияқты болып кеттім десем, артық айтпаймын.
– Есіміңізді мұқым жұртқа етене танытқан “Яшлык” ансамбліне дейін қайда болдыңыз, немен айналыстыңыз десек, ойыңызды бөліп жібермейміз бе?
– Мұнан кейін консерваторияда оқыдым. Отан алдындағы борышын өтеген сандаған сарбаздар санатында мына отырған пақырыңыз да болғаны рас. Ұйғыр театрына келдім. Оның алдында студенттердің “Арман” атты ансамблін құрған болатынбыз. Онда өнер көрсеткен жігіттердің бәрі бүгінде бір-бір кәсіптің білгір иелеріне айналған. Солардың арасында Қазақстанның халық әртісі, белгілі дирижер, марқұм Төлепберген Әбдірашев болған еді. Ол ансамбльде соқпалы музыкалық аспапта ойнады. Бір жыл осы ұжымда онымен бірге жүрген кездерімді кейде сағына еске аламын. “Яшлык” ансамблі осылайша біраз тәжірибе жинақталғаннан кейін құрылған ұжым. Оның көркемдік жетекшісі бола жүріп өзім жеке кәсіби шеберлігімді шыңдадым, әніме халқым ұйыды. Өз өнеріңмен жұрттың көңіліне шаттық сезімін ұялатқаннан артық тағы қандай бақыт болуы мүмкін? Сансыз тағдырлардың ішінен Жаратқанның таңдап тек бір адамның ғана маңдайына бұйыртқан бақ құсы болса, ол құс менің бағыма келіп қонғандай сыр түйемін. 25 жыл ұйғыр музыкалық драма театрын басқардым. Театр деген аты болмаса, бұл ұйғыр ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін сарқа қамтитын, ұлттық құндылықтарды тұтас құрайтын синтездік ұжым дер едім. Іші – қайнаған қазына. Ұйғыр мәдениетінің тұлғалық тұғыры деп атауға болады.
– Өнеріңізді жалғастырған жас әншілердің де ел арасындағы даңқы өзіңіздікінен бір де кем емес. Оларға бағыт-бағдар сілтеп отырасыз ба?
– Алғашқы жарымнан Дильназ бен Дильшат туылса, қазіргі әйелім Гүлбахрам маған тағы бір ұл, бір қыз сыйлады. Қазір Дильназдың өнердегі жетістіктері қуантады. Шет мемлекеттерде өнер көрсетіп жүр. Бірақ қай сахнада ән салса да туған жердің атынан, Қазақстан эстрадасының намыс туын жықпауға атсалысып жүрген жайы бар. Ал Дильшатқа келсем, сахна сахарасында үнемі жаймашуақ сәттер салтанат құрып тұрса, ауыр мен жеңілдің, асыл мен ажырықтың аражігін қалай ажыратып алар едік. Сондықтан бұл жақтың аспанында найзағай ойнайтын шақтар да, көктегі шоқ жұлдыздар орнына қою бұлт қаптайтын көлеңкелі кездер де аз кездеспейді. Дильшаттың қазір әншілік өнері дәл солай сәл саябырсып тұрған шағы. Бұрын менің бала-шағамды көргенде білетін жұрт: “Бұл Мұрат Ахмадиевтің қызы мен баласы ғой” деп менің даңқыммен олардың мәртебесі өсіп жатса, қазір керісінше, мені жұртшылық “Дильназ бен Дильшаттың әкесі” деп таниды. Әулетіңнің өнерін ұрпағың осылай жарасымды жалғап жатқаны қандай ғажап. Қазір олардың атымен менің төбем көкке тиіп жүр.
– Қазіргі жастардың өнеріне көңіліңіз тола ма?
– Заманмен бірге талғам мен талаптың қатар өсуі заңдылық қой. Өз басым жарқ еткен жаңа нәрсеге қатты қуанып отырамын. Өзгермейтін ештеңе жоқ. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ қашан да өнердегі бір нәрсе сол қалпында қалса екен деп тілеймін. Ол – өнердің шынайылығы. Бұл сала жасандылық пен жалған жалауды жек көреді. Неғұрлым шынайы бола түскен сайын халық та оны соғұрлым жанына жақын тұтады. Қазір кино болсын, ән болсын, өнердің қай саласы болсын осы жағынан әлі де көбірек ақсап жатқанына қынжыласың. Дәстүр, шынайы үн болмай өмір шындығы байыпты баяндалмайды. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев әндерін айтқан сайын айта түскің келіп тұрады. Қазіргі әндердің көбін біраз уақыт тыңдағаннан кейін қайта естуге зауқың соқпауы мүмкін. Мәселен, бұрын түсірілген фильмдерге де осылай үңілемін. Әрине, ол уақыттағы техникалық жабдықтар нашар болған шығар, кей тұстар сүреңсіз көрінуі мүмкін, ал бірақ олардың артықшылығы шынайылығында болып қала береді. Мысалы, “Алдаркөсе” фильмін көруден жалықпаймын. Неге? Актерлер ойыны нанымды, жалықтыратын жалғандық пен жасандылық жоқтық қасы. Қазіргі фильмдерде Еуропаға, Батысқа еліктеу басым. Ресей киносының өзі Американың ығына жығылып барады. Қай фильмін көрсең де атыс-шабыс, қанға боялып, бір-бірін жойып, жұтып жатқан бірдеңе. Өмірде жақсы атаулыдан түк із қалмаған екен деген ойға қаласың. Біз де сол бағытты бетке алып бара жатқан сияқтымыз. Ресей киносына еліктеудеміз.
Тағы бір маңызды мәселені айта кетпей болмайды. Кей ауылдардың мәдениет үйлері бар болғанмен, жұмыстары жөнді жүріп жатқан жоқ. Біразында ол мүлде жұмыс істемейді, кейбірі қираған, қисайған күйінде қалған. Штаты белгіленбеген, кадр жетіспей жатқан жерлерге де куә болдым. Рас, мұндай жәйт барлық ауылда жаппай орын алған демейміз. Түтіні түзу ұшып жатқандарын да көрдік. Оған бәрекелді, ал анау шаруасын дөгелентіп әкете алмай жатқандарына қандай қолдау көрсету керек? Оларды іске қосудың қандай тетіктері бар, міне, осы бүгінгі күннің өте бір ащы да болса ашық сынына өз жанайқайымды білдіргім келеді. Себебі, таланттың көзі ауылда жатыр. Ауылды тұншықтыру – шын талантты қолмен көмумен бара-бар әрекет. Көбіміз ауылдан келген жоқпыз ба? Және ауылдағылар жүз пайыз қазақша сөйлейді. Сондықтан ауылда көрсетілетін фильмдерді дубляж жасату жағын да қаперде ұстағанымыз абзал.
Өнерге еш қатысы жоқ адамды алып келіп облыстағы не аудандағы мәдениет саласының кілтін қолына ұстата салсақ, бұрауын білмей сындырып, опық жегізбей ме? Сол үшін кадр мәселесіндегі олқылықты жоюымыз керек. Мұндай керағар мысалдар жер-жерден табылып қалады. Өз кәсібін білмейтін адамды басшы етіп қоюға болмайтын маңызды үш сала бар. Ол – денсаулық, білім және мәдениет саласы. Осы үшеуі бөтен адамның қолына түспеуі керек, бұларға сыбайластықпен, тамыр-таныспен басшы келсе, күйретеді. Мәдениетте бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұрады емес пе? Шын талантты сахна танытады. Жұрттың көз алдында өтіп жатқан өмірге сен ештеңені ойдан қоса алмайсың, бояуын өзгерту қиын.
– Бұрыннан бұзылмай сақталынып келе жатқан отбасылық дәстүрлеріңіз бар ма?
– Бар, бұл дәстүр менің әке-шешемнің ошағынан үзілмеген үрдіс деуіме болады. Қазақ халқында қонақжайлық деген тамаша дәстүр бар ғой. Сол сияқты біздің отбасылық дәстүріміз сол меймандостыққа тым жақын. Үйге келген адамды риза көңілмен шығарып салу, төрден орын сайлап, барлық сый-сыяпатымызды аямай жасап, келген қонақты есіктен кіргізгеннен сыртқа ұзатып салғанға дейінгі атқарылар шараларды мінсіз тындыру міндетіміз еді. Өзіміз жемесек жемейік, бірақ үйдегі барды әке-шешем қонағына тосып бағатын. Сол дәстүрді өзім де берік сақтаймын. Қонағыма көл-көсірмін. Төртеуміздің отбасымыз да осы дәстүрге адал қалпымыздан айнымай келеміз.
– Отбасында қазір нешеусіздер?
– Жеті жыл бұрын жаңа отбасын құрған болатынмын. Содан дүниеге келген баламның алды жетіде, ал кейінгісі бес жаста. Ұлымды әкемнің рухы мәңгі демеп жүргей деген ырыммен Абдуреим десем, қызыма Дильназға ұқсатып Диас деп ат қойдым. Ұлым қазақ мектебінде оқиды, қызым да қазақ балабақшасында. Олар да біздің әлгі ата-анамыздан қалған дәстүрді жалғастырарына иманым кәміл. Үйге қонақ келсе, кәдімгі ұлан-асыр мерекеге айналып кетеді. Адам келе берсе екен деп тілейді. Пейілдеріне қуанамын.
– Парламент Мәжілісінің депутаты болу әрине, оңай қызмет емес екенін білеміз. Бірақ өнер адамы үшін кәсібі мәңгілік нәсібі ғой. Анда-санда ән салып та тұратын шығарсыз?
– Театрдың директоры болып жүргенде көп ән сала қоймағаным рас. Бірақ “Яшлык” ансамблінің алғашқы құрамының мерекелік, мерейтойлық концерттерінде ән салып жүрдім. Осыған байланысты бір қызық жәйт есіме түсті. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бір күні телефон соқты: “Театр директоры болып қызмет істейтініңіз өз алдына, бірақ халық сізді ең алдымен әнші ретінде жақсы біледі. Жақында бір топ өнер шеберлері Катарға сапар шеккелі жатыр. Жолға дайындалыңыз. Ән айтасыз”, деп күтпеген жерден ұсыныс айтты. Не істеймін? Ән жазбай, театр ісімен бас қатып кеткелі едәуір уақыт өткен, жүрегім дауаламай, бірақ ақыры сол жолы “Райхон” деген жаңа әнім дүниеге келді. Әнді араб ырғағына жақындатып жазған едім. Бұл ән сол сапардан зор табыспен оралды. Катар халқы разы болды. Бүгінде мұндағы ұйғырлардың ең таңдаулы әніне айналған. Өнер адамын ұдайы қамшылап отырмаса, біртіндеп кәсібінен алшақтап қалуы да қиын емес екенін сол уақытта көрдім. Сол үшін өнер адамына мұндай қолқа салулар керек-ақ екен. Осыдан кейін Алматы мен Астанада, кейбір облыс орталықтарында жеке есеп беру концерттерім өтті.
– “Яшлык” ансамблінің бастапқы құрамында өнер көрсеткен әріптестеріңіз қайда жүр?
– Ахмет Шамиев деген атақты әртістің баласы Ялхунжан Шамиев бүгінде ұйғыр драма театрының бас режиссері. Махмут Бараев есімді азамат театрдың белді әртістерінің бірі, жақында екінші дәрежелі “Достық” орденімен марапатталды. Марат Маметбакиев ол да қазір театрдың белгілі әншісі. Қаһарман Иминов – композитор. Былтыр ансамбль құрылғанына 35 жыл толған мерейтойын атап өтті. Осы шараға мен де қатыстым. Бізден кейін “Яшлык” ансамблі төрт ұрпақты өсірді. Төртінші буынның ішінде ұлым Дильшат болды. Қазір олар жастарды жинап, бесінші буынды тәрбиелеп жатыр. Бірақ біз ұжымның кез келген шарасына шақырса дайынбыз.
– Театр директоры болып қызмет істеген кезіңізде қандай қиындықты бастан кештіңіз?
– Бірінші қиындық 1934 жылы қамыстан салынған ғимаратын бұзып, орнына заманауи театр үйін салу болды. Бір қараған адам мынау өзі немене деп шошып кетуі де мүмкін, театрға мүлде ұқсамайтын жай еді. Алдыма мақсат қойдым. Қалайда театрдың жайын жаңғырту керек. Соның соңында жеті жыл жүгіріппін. Отанымызда ақша жоқ, құрылыс тоқтап қалған нағыз қиын-қыстау жылдар еді. Соны білсем де отырып алып Президентке хат жазамын ғой. Біреулер маған “Үкімет зейнеткерлерге ақша таба алмай жатқан кезде мұның не сенің?” деп сыртымнан сөгіп те сөз сөйледі. Бірақ алған бетімнен мен қайтар емеспін. Сөйтіп жүргенде қуанышты хабар келді. Президент ұсынысымызды қолдап, қол қойыпты. Жүрегім жарылып кете жаздаған. Алғаш рет әжептәуір қаржыға қол жеткенде үйімізге кете алмай қалдық. Әлгі ескі үйді өз қолымызбен бұзғанымыз ойыма оралса әліге дейін шеке тамырым солқылдайды. Жан жақтан демеушілер табылды. Парламенттен қолдау көрдік. Үкімет көмектесті. Сөйтіп, “Көп түкірсе – көл” демекші, жәмиғатпен жабыла 2002 жылы 1-ші қазанда жаңа театр ғимаратының ашылу рәсіміне Елбасын шақырдық. Президент келіп, театр ұжымының өнерін тамашалады, қазақ пен ұйғыр арасында талайдан орныққан татулық пен достықтың тамаша үлгілері туралы әңгімеледі. Мен өзі туған күнімді жылда 1 қазанда атап өтемін.
– Неге? Туған күніңіз 12 қаңтар емес пе?
– Бір жасқа толар-толмас шағымда әке-шешем мені өздерімен бірге үлкен бір шараға апарады. Ата-анам бұрын Қытайда тұрған. Екеуі әртіс ретінде әлгі мерекелік шараға қатысады. Үстел жаюлы. Демін іштеріне жұтып жұрт Мао Цзе Дунды күтіп тұр. Қытай басшысы кіреді. Қолына рюмкасын ұстап, жұртқа сөзін енді айтайын дегенде мен шыңғырып қоя берген көрінемін. Ол менің дауысым шыққан жаққа қарай аяңдапты. Әке-шешем не істерін білмей, шарасыз хал кешеді. Содан Мао Цзе Дун бір қолына рюмкасын ұстап, екінші қолымен мені басынан асыра жоғары көтеріп тамаша тост айтыпты. Әке-шешем үшін менің туған күнім содан былай бірінші қазан болып қалыпты. Күні кешеге дейін туған күнімді 1 қазанда атап өтіп келдім. Парламент партасына отырғалы бері туған күнім өзімнің бұрынғы құжатымдағы шын туған күнім бойынша аталып өтуде.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Ән альбомымды шығарғым келеді. Автобиографиялық естеліктер жазып жатырмын. Оның қай уақытта бітері белгісіз. Қызым Дильназ көп альбом шығарған, енді осы жылы қазақ ән альбомын шығармақ, соған қолұшымды беремін. Ол біткен соң, ағылшынша альбомын бастырмақ. Осыларды бір жақты етіп реттеген соң ұйғырша әндерден бірге альбом шығару ойымызда бар. Біз бұрын айта алмаған әндерді жинап, теріп, халық әндеріне біраз бет бұрса деген жоба ғой. Қазір оның жеке продюсерлік орталығы бар. Америкада екі жыл стажировкадан өтіп келді.
– Қазіргі кішкентай ұлыңыз бен қызыңыздың өнер жолын таңдағанын қалар ма едіңіз?
– Жоқ, мен олар басқа саланы таңдаса, келешекте білікті, білімді азамат болып өссе екен деймін. Олар осында мәңгі астаналық болып қалса деп армандаймын.
– Достарыңыз көп пе?
– Бұл жаста адамның жанында тек адал достар ғана қалады екен. Мен кезінде жанымдағы қимас достар деп жүрген кей пақырлар кейін сыртымнан тас атқанын да көрдім. Олардың біразының баспаналы болуына көмектесіп едім, кейбіріне жер алып беруге қолұшымды бердім. Ешбірінен жәрдемімді аяп қалған жоқпын. Бірақ сол дос деп жүргендерімнің кейін сыртымнан қалай сыбап жүргендерін көргенде жүрегім қарс айрылды. Адамдар неге бір-бірін мұншалық ренжітеді деп көп қиналдым. Атам марқұм айтып еді: “Достарды жас кезіңде дұрыстап таңда. Адамды қартайған кезде достың сатып кеткені қиын болады” деп. Бірақ 35 жыл арамыз ажырамаған бір адал досым бар. Қазір Астанада тұрады. Бір қызығы, екеуміз де осы орынға кандидат болғанбыз. Одан “Сіз кімді Парламент Мәжілісіне депутат болуға лайық деп ойлайсыз? ” деп сұрамай ма, сөйтсе ол мені айтады, маған да сол сұрақ қойылады. Мен оның атын атаппын. Аты – Исрапул Саттаров. Ол да көп қызметтер атқарған. Бір-бірімізді біраз уақыт көрмей жүруіміз мүмкін, бірақ арамыз ешқашан суып көрмепті.
– Әр адамның өзінің бір қолы қалт еткенде айналысатын ісі болады. Сіз немен айналысқанды ұнатасыз?
– Менің уақытым болса отбасымда өткіземін. Тамақты өте жақсы жасаймын. Қолмен лагман созамын. Тоқимын. Қарындасыма, әйеліме, қызыма көйлек тоқып берген кезім болған. Бірақ қазір тоқымаймын, оған уақыт жоқ.
– Өзіңізді дәулетті адамдар қатарына жатқызасыз ба?
– Кедей де, орташа да, бай да емеспін, бірақ осы қазіргі өміріме Құдайға шүкір деймін. Қонағымды ойдағыдай күтіп алып, шығарып салуға жағдайым жетеді. Бала-шағаммен бір жаққа демалып қайтуға мүмкіндігім бар. Жақында мәшине сатып алдым. Несием наурызда бітеді. Енді ол біткен соң, балаларым елордада тұруы үшін пәтерге несие алсам ба деймін. Артық дүние жиған адам емеспін.
– Миллионер болсаңыз не істер едіңіз?
– Егер қалтамда ондай ақша болса қаңғып жүрген баспанасыз, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, ішкіліктің соңына түсіп кеткен мүсәпір жандарға арнайы емдеу орталығын салуға қолғабысымды тигізер едім. Тастанды балалар проблемасын шешуге көмектесемін.
– Зейнет демалысына шыққанда немен шұғылданамын деп ойлайсыз?
– Өзімнің азғантай бір жерім болса, сол жерге қарасам, түрлі бақша ексем, одан алынған өнімді бала-шағама таттырсам деп армандаймын. “Армансыз адам – қанатсыз құс” деген ғой.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.