• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 20 Мамыр, 2017

Алматыда «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтіп жатыр

526 рет
көрсетілді

«Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан республикалық бұл фестивальге Қазақстанның әр аймағынан спортшылар қатысып, өнерлерін ортаға салуда.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында мәдениет пен жеке ұлттық кодты сақтауға үлкен назар аударғанын айта келіп, тек соңғы екі жыл ішінде ғана Алматыда 5 айтыс, сонымен қатар ақындардың «Алтын домбыра» фестивалі өтіп, дәстүрлі музыканың «Алатау» мультимедиялық және қолөнершілердің жаңа орталығы, Алматы қаласының мыңжылдық тарихи мұражайы ашылғанын да тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда қала тұрғындары мен қонақтары Алматыда жайласқан осынау мәдениет пен өнер отаулары арқылы  қазақ халқының ежелгі дәстүр-салттарымен бұрынғыдан да кеңінен таныса алады.

«Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап берді. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайта қауышты, –деген қала әкімі сөзін былай жалғады. – Мемлекет тарапынан ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды айшықты іс-шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Осы жылдың аяғына дейін Алматы ипподромында жүлделік қоры 80 млн теңгені құрайтын 89 бәйге өтеді. Алматыда «Алматы Барысы» мен «Әлем Барысы» сайыстарының өтуі де спорт  әуесқойлары және жалпы халқымыз үшін ерекше сый болмақ.

Өз кезегінде ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан  Алматының еліміздің ұлттық спорт түрлері бойынша  сайыстар жиі өтетін еліміздің спорттық және рухани орталығына айналғанына тоқталды.

«Ұлттық спорт – ата-бабаларымыздан қалған әрі барша әлемге мақтанышпен көрсете алатын біздің асыл мұрамыз. Соңғы жылдары қазақтың ұлттық спорт түрлері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де қарқынды дамып, еліміздің абырой-беделін арттыра түсуде. Оның жарқын мысалы, «ЭКСПО-2017» аясында  көкпардан өтетін  әлем чемпионаты дер едім», деді Бекболат Тілеухан.

Алматыда өтіп жатқан «Ұлы дала ойындары» республикалық фестиваліне қатысушылар спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түседі, олардың ішінде, 4 шақырымдық тай жарыс, 7 шақырымдық құнан бәйге, 13 шақырымдық топ бәйге, жайдақ бәйгелер, 21 шақырымдық аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлері бар. Биылғы жүлделік қор 24 млн теңгені құрайды.

Негізгі ойындармен қатар, фестиваль қонақтары аңшылық-саятшылық өнерге қатысты бүркіттің, тазы иттің он сан түрімен танысады. Қолөнер шеберлері дайындаған тұрмыстық бұйымдардың көрмесін тамашалайды.    Еске салар тағы бір жайт – өткен ғасырдың 1930 жылы негізі қаланған Алматы ипподромында «Ұлы дала ойындары» фестиваль  осымен қатарынан екінші мәрте өтуде.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»