Дәстүрлі өнер сайысы биыл 10 рет өткізілді. 2 апта бойы 11 номинация бойынша 1000-нан астам өнерпаз бақ сынаған сайыстың қорытындысы Мәдениет қызметкерлері күні гала-концертпен қорытындыланып, жеңімпаздар есімі жария болды.
Гала концертте фестиваль жеңімпаздарымен бірге, өңірдің мәдениетіне үлес қосып жүрген өнерпаздар мен мәдениет асалысының еңбек ардагерлері марапатталды. Мәдениет қызметкрелерін аймақ басшысы Е.Тоғжанов құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі, Маңғыстау өнерін, сол арқылы қазақ өнерін дамыта беруге тілектестік білдірді.
Марапат алғандардың арасында 30 жыл осы салада еңбек еткен дирижер, сазгер Р.Мәдіреев, дәулескер күйші, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері С.Шәкірат, күйші, ұстаз, ҚР еңбек сіңірген қайраткері О.Құлсариев, тағы басқалар бар. Олар талантты жастар барда Маңғыстау өнерінің әлі де қанатын кеңге жая түсетіндігіне сенім білдірді.
«Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің қорытындысында сайысқа 1 ай бойы үзбей дайындалған Жаңаөзен қаласының мәдениет қызметкерлері Бас жүлдені иеленді. 1-орынды Маңғыстау және Қарақия аудандары, 2-орынды Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданы иеленді. Ал 3-орын Мұнайлы мен Түпқараған аудандарына бұйырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ