• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2017

Алматыда ғалым Оразалы Сәбденұлының мерейтойына орай ғылыми конференция өтті

302 рет
көрсетілді

Алматыдағы ғылым ордасында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты ҰИА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, э.ғ.д. профессор Оразалы Сәбденұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Инновациялық экономика және қоғамды ізгілендіру: жаһандық әлем және Қазақстан» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алқалы жиынға еліміздің және шет елдердің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен академиктері, халықаралық дәрежедегі лауазымды тұлғалар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияда бүкіл ғылыми қауымдастықтарды толғандыратын экономиканың инновациялық дамуын болжау әдіснамасы, инновациялық экономиканың әлеуметтік қырлары; аймақтық даму және инновациялық экономиканың өсу нүктелерін қалыптастыру, жаһандық басқару және ұлттық экономикалар қауіпсіздігі проблемалары сынды өзекті мәселелер кең ауқымда талқыланды. Әсіресе, қалыптасқан жаһандық дүниетанымның негізгі проблемалары, философиялық планетарлық ойлау тұжырымдамасы, институционалдық реформалар мен азаматтық мәдениет, ұлттық бірегейлік пен рухани-мәдени құндылықтардың жандануы, қоғамды ізгілендірудің тарихи қырлары, қазіргі заманғы білім беру кеңістігін  ізгілендірудің жаңа тәсілдері, Жібек жолы гуманитарлық белбеуі сынды тақырыптарға ерекше басымдық берілді. «Қазіргі әлем дамуының озық тенденциясы жаңа қоғамдық даму дереккөздерін, яғни инновациялық даму процессіндегі адамдардың қазіргі экономикалық, әлеуметтік және мәдени қызметін ұғыну мәселесі басты назарда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі міндеттерін іске асыру гуманистік құндылық бағдарларға сүйенетін жаңа идеология қалыптастыруды талап етеді. Ол үшін ұлтжанды, құқықтық мәдениет деңгейі жоғары, өмірлік ұстанымы белсенді жас буын азаматтарды тәрбиелеу сияқты мақсатты іс-қимылдарды жүйелі түрде қолға алу керек,» дейді конференцияны ұйымдастырушылар.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы, Мәскеу ақпараттандыру академиясының академигі, еліміздің жоғары мектеп академиясы мен Жоғары ғылымдар академиясының академигі Әзімхан Сатыбалдин сөз алып, мерейтой иесін құттықтай келе, өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Ғылыми конференция аясында 20 дан астам ғылыми баяндама оқылып, «Инновациялық экономика және қоғамды ізгілендіру» мәселесі турасында ауқымды ойлар айтылды. Сондай-ақ, шара барысында ғалымның ғылым жолындағы табанды еңбегінің нәтижесін көрсететін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген 25 томдық кітабында қозғалған тақырыптар жайлы да айтылмай қалған жоқ.

«Мен Оразалыны балаң шағынан бастап білем. Бір мектепте білім алдық. Қазақ халқына сіңірген еңбегі аз емес. Ол жұртының сенім үдесінен шығып, бүгінгі таңда бүкіл әлемге әйгілі ғалым болды. Экономикадан бастау алған дара жол, руханиятпен сабақтасып жатыр. Томдық жинағының 25-томы Абайға арналуы да тегін емес. Бұл, ғалымның тектілік тамырының тым тереңде жатқанын аңғартса керек. Елдің өркениет пен мәдениетке кірігуі мен кемел болашағы үшін дәл осы Оразалы Сәбден сынды азаматтар керек», дейді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт.

Конференция соңы секциялық отырысқа ұласып, бүгінгі қозғалған тақырыптың жеке тармақтары бойынша ұсыныстар ортаға тасталды.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»