• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2017

Құрғақ саумал өнімі нарыққа шықты

1135 рет
көрсетілді

Қарағанды облысы Осакаров ауданы Жансары ауылында неміс технологиясымен салынған жаңа зауыт ашылды. Онда Қазақстанда алғаш рет бие сүтінен жасалған құрғақ өнім саумал дайындалады.

Қазақтың ұлттық сусыны қымыздың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Мұны білген шетелдіктер бұл істі әлдеқашан қолға алған. Рудольф Шторх Кеңес дәуірінде түрмеде жатқанда туберкулезбен ауырып, оның қазақ досы саумалмен емдеп жазған екен. Ауруынан құлан таза айыққан ол еліне оралған соң қымыз өндірумен айналысады, кейіннен ұрпақтары Ганс Цольман жалғастырады. Осылайша қымыздың технологиясын жетік меңгерген германдықтар елімізге арнайы келіп, қымыз технологиясының қыр-сырымен жан-жақты таныстырады, оқу жаттығуларын өткізеді.

− Біз бұл құрылғыларды Германиядан алдырттық. Мұнда 1500 бие үздіксіз, әрқайсысы 2 минуттан сауылып тұрады. Тәулігіне 2,5 тонна сүт береді, жылдық мөлшері 20 мың тоннаға дейін жетіп отыр. Оған арнайы сублимациялау (құрғату) әдісін жүргіземіз. Сублимациялау кезінде бие сүті мұздатылады да белгілі бір уақыттан соң бу күйіне айналып, осыдан құрғақ өнім алынады. Бір кг құрғақ сүттен 10 литр сүт шығады, − дейді технолог Бауыржан Қайназаров.

− Мұнда барлығы 100 ден аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларға айына 70 мың жалақы төлейміз, жатар орны мен тамағы тегін. Сондай-ақ өзіміздің жайылымдық жерлерімізге егін егіп, жылқыларға таза табиғи өнімнен жем шөбін дайындаймыз. Қазақстанда жасалған өнімді жақын арада Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз, − дейді «Евразия инвест ltd» директордың орынбасары Ғалымжан Мейрамбеков.

− Биенің саумалы адамның асқазан ішек жолдары, гастрит сынды аурулармен қатар туберкулезге таптырмайтын ем. Саумал тез сіңіріліп тез қорытылады. Тіпті ана сүтінің орнына да осы саумалды пайдалануға болады. Мен өз басымнан осындай жағдайды өткіздім. Анасы жұмысқа шығуына байланысты төрт айлық нәрестеге күніне 200 грамнан осы құрғақ өнімді суға езіп, беріп отырдым. Бала тоқ, іш қату, аллергия сияқты аурулардан ада болды. Бұл саумалдың құнарлығын көрсетеді деп ойлаймын, − дейді бірінші қалалық аурухананың педиатрі Элмира Оразалиева.

Мемлекеттің қаржылық қолдауының арқасында 2 млрд теңгеге салынған зауыт бүгінде нарыққа өз өнімдерін шығарып сата бастады. Дегенмен сапалы өнімнің бағасы да жоғары − 1 кг − 60 мың , 500 грамы − 30 мың теңге. Халықтың әл қуатын арттыратын, табиғи таза өнімге деген сұраныс жылдан жылға арта түседі деген сенімдеміз.

Айман МҰҚЫШЕВА

«Егемен Қазақстан»