Жиында алғашқы сөзді белгілі журналист, ғалым Жарылғап Бейсенбайұлы алды. Ол ұлтымыздың ұлы тұлғасының өмірбаянына қысқаша тоқталып, қырғыздың атақты «Манас» жырын қалай жазып алғанын баяндап берді.
– Бұл концертті осыдан бір жыл бұрын жоспарлаған едік, өйткені қазақтың біртуар ұлының мол мұрасының бір бөлігі – музыка бағытындағы жазбалары. Шоқанның музыкалық сауаты болғанын растайтын деректер де жоқ емес. Сол кезеңде Ресейде білім алған азаматтар міндетті түрде музыкамен айналысқан. Кадет корпусына түскен кезде бұл оқу орнының бағдарламасы тек әскери пәндермен ғана шектелмей, жан-жақты білім беруге көшкен болатын. Міне, Шоқан сол кезге тап болады. Осының бәрін ойластыра келе оның музыкамен байланысы қандай болғанын халыққа жеткізейік деп концерт бердік, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана филармониясына қарасты қазақ оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Айтқали Жайымов өз сөзінде.
Шоқан Уәлиханов өз заманында шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, әдебиет зерттеушісі, публицист, саяхатшы ретінде танымал болғаны белгілі.
Әйгілі ғалымның Қорқытты зерттегені белгілі. Оны мадақтап «ағаштан қобыз жасап, ең алғаш күй тартқан бақсы» деп атаған. Осы жазбаларының ізімен әдеби-музыкалық кеште Қазақ оркестрі және халық әні бөлімінің өнерпаздары Қорқыттың «Сарын», «Қоңыр», «Елім-ай, халқым-ай» күйлерін орындады. Шоқанның атасы – Абылай ханның «Қайран, елім», «Шаңды жорық», «Қара жорық», Тәттімбеттің «Бестөре», «Саржайлау» күйлері де кеш төрінен орын алды. Сонымен қатар, Жақсыгелді Маясаровтың орындауында Жаяу Мұсаның «Ақсисасы», Тельман Нұртайдың шырқаған Ақан Серінің «Жамал қызы», Данияр Мұқан салған Біржанның «Адасқағы» көрермен көңілін көншітті.
Кеш барысында жүргізушілер Шоқан Уәлихановтың тұлғалық келбетін айшықтай түсетін деректерге әр қырынан тоқталды. Солардың бірі – ол туралы айтылған пікірлер мен жазысқан хаттары. Ғалымның замандасы әрі серіктесі Григорий Потанин: «Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді. Біздер оған қарағанда бала тәрізді едік... Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз, Еуропаға ашқан терезе сықылды болды, – деп оның дарындылығын еріксіз мойындайтынын білдірсе, сонымен қатар қарапайымдылығынан да хабар береді. Ал орыстың әйгілі жазушысы Федор Достоевский өз хатында Шоқанмен қоштасқан сәттегі көңіл күйін былай жеткізеді: «...сізбен қош айтысқан кезде біздің бәрімізді күні бойы көңілсіздік биледі. Біз бүкіл жол бойы сізді еске алып, кілең мақтаумен болдық. Бізбен бірге жол жүргеніңізде қандай ғажап болар еді». Мұнда Шоқанға деген жоғары құрмет көрініп тұр. Ұлы тұлғаларды баурап алған оның терең білімділігі мен бойындағы тамаша адами қасиет болса керек. Кеш барысында хаттар әуезді үнмен оқылғанда Шоқан тұлғасы асқақтай түсті.
Шараға жиналған қонақтар рухани сусындап қайтты. Кеш қонақтарының басым бөлігі – Ұлан ұлттық гвардиясының сарбаздары. Шоқанмен арадағы тарихи сабақтастық секілді көрінді. Әр сарбаз Шоқандай болуға ұмтылса жаман ба?! Кеш соңы оркестрдің орындауындағы Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арнап жазылған Кенжебек Күмісбековтің «Кербезім» шығармасымен қорытындыланды.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»