Кездесуде отандық мәдениеттің, әдебиеттің, өнердің өзекті мәселелері, сондай-ақ, еліміздегі рухани-мәдени саланың қазіргі жай-күйі мен келешегі талқыланды.
«Сіздер жастардың ішінде белгілі болып, өздеріңізді көрсетіп, елге қызмет істеп жүрсіздер. Әрқайсыңыздың мемлекетіміздің рухани мәдени өмірінде алатын орындарыңыз бар. Сондықтан, сіздермен кездесіп, пікір алмасқымыз келіп отыр. Бүгінде жастарды қолдау бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастар мәселесіне айрықша назар аударды. Одан кейін «Интеллектуалды ұлт-2020» деген бағдарлама қабылданды. Қазіргі кезде «Жастар саясаты туралы» ауқымды тұжырымдама бар. Осының барлығы жастарға жол ашады, бағдар береді деп ойлаймын», – деді Г.Әбдіқалықова. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа бірге қадам басып, бұқаралық сананы өзгерту міндеті қойылғанын атап өтті. Оның ең басты талабы – мәдениетімізді, ұлттық кодты сақтау. Сонымен қатар, Гүлшара Наушақызы шығармашыл жастар өкілдері Елбасы айқындап берген міндеттерді іске асыруға белсене атсалысатынына сенім білдірді. Өз кезегінде кездесуге қатысушылар ұлттың жан-жақты жаңғыру үдерісінде Қазақстандағы жас ұрпақтың маңызды рөл атқаратынына тоқтала келе, қоғамның рухани дамуы мәселесі бойынша өздерінің идеяларымен, ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, жазушы Бейбіт Сарыбай латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Ол: «Дәл қазіргі уақытта біздің қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі жас баладан ақыл тоқтатқан ағаға дейінгі аралықта қызу талқыланып жатыр. Барлығы өздерінің ой-пікірлерін білдіруде. Көпшілік қауым латын әліпбиіне көшу жағында. Неге? Өйткені, бұл – уақыт талабы. Елбасымыз рухани тұрғыда жаңғыру керек деп жатыр. Ендеше, біз рухани жаңғыруды әліпбиді жаңарту мен жаңғыртудан бастауымыз керек», – деді. Б.Сарыбай, сондай-ақ, қоғамды алаңдатып отырған мәселелердің де жоқ емес екенін жеткізді. «Әсіресе, жазушы қауымды толғандыратындай бір мәселе бар. Ол – «біздің осыған дейінгі жарық көрген кітаптарымыз оқылмай қалады» деген алаңдаушылық. Жоқ. Олай деуге болмайды. Шындығында, латын әліпбиіне көшу аясында үлкен сүзгі болады. Біздің тұңғыш романымыз «Бақытсыз Жамал» болса, күні кешегі, қазірше соңғы деп айтатын болсақ, ол Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романы. Осы екі романның аралығындағы барлық жауһарларымыз латын әліпбиіне ауыстырылып, көшіріледі. Ал енді кеңестік кезеңнің сойылын соғып, саясатын жырлап, көркемдік биікке көтеріле алмаған шығармалар болса, олар сол кириллицада қалып кетеді деп ойлаймын. Сондықтан, егер терең мән бере қарайтын болсаңыз, бұл – үлкен сүзгі. Бұл үрдіске толық көшкеннен кейін арада 25-30 жыл өткен кезде біздің әдебиетімізде тек жауһар дүниелер ғана болады», – деді жас жазушы.
Т.Жүргенов атындағы қазақ-ұлттық өнер академиясының студенті, суретші Кристина Бекмұрзаева елімізде қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы төңірегінде сөз қозғады. «Туған жер» бағдарламасы бізге, яғни жастарға өз мемлекетімізге тәжірибелік тұрғыда пайда, табыс әкелетіндей мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әрине, біздің әрқайсымыз өзіміздің туып-өскен өңірімізді, аймағымызды қастер тұтамыз. Бірақ, ол жеткілікті емес. Ол үшін шынайы түрде нәтиже беретіндей жұмыстар атқарып, үлес қосу керек. Елбасы бізді, міне, осыған үндеп отыр. Сондықтан, ел жастары бір мүдде жолында шоғырланып, мемлекеттің өркендеуі үшін еңбек етуі керек. Демек, әрқайсымыз өз ісіміздің шебері, өз саламыздың майталманы болғанымыз жөн. Сол арқылы ғана біз еліміздің дамуына үлес қоса аламыз», – деді К.Бимурзаева. Бұл ретте, ол «Болашақ» бағдарламасының маңыздылығына да тоқталды. «Алайда, біз шет жерде жүріп, білім алған кезде өзіміздің қайдан шыққанымызды ұмытпай, өз елімізге келіп, пайдамызды тигізуіміз қажет», – деді суретші.
Театр және кино актері Әділ Ахметов жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның қалыптасуына өнердің де қосар үлесі зор екенін атап өтті. «Таяуда ғана жарыққа шыққан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мені ерекше толғандырған мәселелер бар. Солардың бірі – XXI ғасырдағы ұлттық сананың қалыптасуы. Демек, біз өзіміздің бойымыздағы ұлтымызға тән жақсы қасиеттерді сақтай отырып, керісінше, кейбір кереғар, кертартпа дүниелерден арылуымыз керек. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар». Сондықтан, трайбализмнен арылуға мен барша қазақстандықты шақырамын. Себебі, «жүзге бөлінгеннің жүзі қара, руға бөлінгеннің өзі қара» деген де сөз бар. Ал мүддесі бір, бірлігі жарасқан елде мұндай дерттер болмауы керек», – деді актер. «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші балет солисі Бақтияр Адамжан да Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына қатысты өз ойын айтты. «Бұл – өте құнды мақала. Себебі, онда болашаққа жол көрсету бар. Келешекте мемлекетіміздің дамыған елдердің қатарында тұруы үшін қандай қадамдарға бару қажеттігі айқын көрініс тапқан. Жастар үшін мұндай бағдарлар тек қана талпыныс, ізденіс пен шабыт береді. Мен «Астана Опера» театрының әртісі болғандықтан, қазір өз еңбегімнің нәтижесі мен жемісін көріп келемін. Қазақ өнерін, оның ішінде, балет өнерін тек қана Қазақстанда ғана емес, шет елде де танытуға, дәлелдеуге үлес қосуымыз керек», – деді Б.Адамжан.
Композитор және пианист Ринат-би Әбдісағин Президенттің мақаласы дер кезінде жарық көргенін тілге тиек етті. «Бұл біз үшін, әсіресе, жастар үшін шынымен де, маңызды да қажетті бағдар. Онда көтерілген дүниелердің ішінде менің жаныма, әсіресе, мәдениеттердің өзара, бір-бірімен бәсекеге қабілетті болуы мәселесі жақын. Біздің өз өмір сүру салтымыз, ойлау жүйеміз, Батыс әлеміне көрсетерліктей өз құндылығымыз бар. Рухани-мәдени кеңістікте де жаңа заманға сай өнерлі жастар көбейіп келеді. Біз бәсекеге қабілеттілігімізді, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігімізді заманауи озық дүниелерді бойымызға тереңнен сіңіру, сол арқылы өз этностық кодымызды жаңғырту арқылы да жандандыра, дамыта аламыз. Осының негізінде өз салт-дәстүрлерімізді рухани тұрғыда байытуға мүмкіндік аламыз», – деді Р. Әбдісағин. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы мәдениет және өнер қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, береке-бірлік пен шығармашылық табыс тіледі.