• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 22 Мамыр, 2017

Тарихи саммиттен алар тағылым мол

464 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында өткен «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты. Қазақстан Президенті саммит аясында бірқатар мемлекеттердің басшыларымен және делегация жетекшілерімен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Екіжақты кездесулердегі еркін әңгіме

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында АҚШ Пре­зи­денті Дональд Трамппен әңгімелесті. Әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету перспективасы талқыланды. Екі ел президенттері күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті мемлекетаралық ынтымақ­тас­тықтың түрлі мәселелері жөнінде Кувейт мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, Йеменнің Президенті мен Мавритания Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзизбен, Пәкістанның Премьер-министрі Н.Шарифпен пікірлесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Ын­ты­мақ­тастығы Ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен өзара іс-қи­мылдың кейбір аспектілерін тал­қылады.  

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті барысында Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен де кездесті. Кездесуде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы екі­жақ­ты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін дамытудың перспективаларын талқы­лады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мен Р.Тиллерсон мейлінше өзекті ха­лықаралық мәселелер жөнінде пікір ал­масты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл көптеген бағыттар бойынша дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілетініне сенім білдірді.

Өткізуші тараптың ұстанымы айқын

Ал Эр-Риядтағы тарихи мәнге ие ал­қа­лы жиынға қатысу үшін әлемнің әр түк­пірінен келген мемлекеттер лидер­лерін Қос киенің сақшысы Король Сал­ман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд қарсы алған болатын. Жаһандық қауіпсіздікті қол­дау және саммитке қатысушы мем­ле­кет­тердің арасында мәдени, саяси ынты­мақ­тас­тықты одан әрі нығайтуды мұрат тұтқан жиынға әлемнің 50-ден астам елінің лидерлері жиналды. 

Саммитті өткізуші тараптың ұста­ны­мы агрессивті экстремистік идеологияға қарсы тұру, сонымен қатар, Сауд Ара­бия­сының АҚШ-пен, Ислам елдері ішіндегі одақтастарымен әріптестік қа­тынастарды нығайту, сол арқылы ұжымдық экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. 

Барыс-келіс бәсеңдеген емес

Жалпы, араб мемлекеттерінің арасында Қазақстанның Тәуелсіздігін алғашқы болып таныған елдердің бірі Сауд Арабиясы Корольдігі екенін ерекше атап өткен ләзім. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1994 жылдан бері жолға қойылған. Екі ел арасындағы байланыс туралы айтқанда, сонау ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Сауд Арабиясында дипломатиялық миссиямен қызмет атқарған қазақтың көрнекті тұлғасы, есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталатын Нәзір Төреқұлов тіл ұшына оралатыны түсінікті. Ал еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, екі елдің қарым-қатынасы жолға қойылғаннан кейін, яғни 1995 жылы Жидда қаласында еліміздің Консулдығы ашылды. 2007 жылдан бері біздің елімізде Корольдіктің Консулдығы жұмыс істейді. 

Содан бері екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени қатынастар жыл санап дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы жоғары деңгейдегі байланыс­тар Елбасы Н.Назарбаевтың Саудияға 1994 жылғы ресми сапарынан басталды. 2000 жылы Сауд Арабиясы Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары, Қорғаныс және авиация министрі, Бас инспектор Сұлтан бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд ханзада біздің елімізге арнайы сапар жасап, достық байланыстардың одан әрі өрістеуіне ықпалын тигізді. 2004 жылы Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған екінші ресми сапары аясында тақ мұрагері Абдалла бен Әбдел-Әзиз Әл Саудты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған болатын. Өз кезегінде тақ мұрагері Қазақстан басшысын Корольдіктің ең жоғары марапаты – «Ұлы Бадр» орденімен марапаттады. 

Өткен жылдың соңында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Сауд Ара­бия­сына үшінші ресми сапарын жасады. Осы сапар барысында Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдарға арналған Жол картасы ынтымақтастығы туралы келісімге қол жеткізілген-ді. Сапар аясында жалпы көлемі 190 миллион долларды қамтитын инвестициялық келісімдерге қол қойылғанын айта кету керек. 

Өткен жылы сәуір айында Ыстанбұл шаһарында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммиті өткен болатын. Саммит аясында екі мемлекеттің басшылары кезекті мәрте кездесіп, өзара келіссөздер жүргізді. Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммиті алаңында Елбасы Сауд Арабиясы Корольдігінің мұрагер ханзадасының ізбасары Мұхаммад бен Салманмен кездесті. 

Биылғы жылы да екі ел арасында жоғары деңгейдегі сапарлар жиіледі. Мәселен, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Эр-Риядқа сапарлап, Король Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Саудқа Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым мен технология­лар жөніндегі алғашқы саммитіне шақыртуды табыстаған-ды. Осы жылдың сәуір айының соңында Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл-Фалих Астанаға келді. 

Ресми Эр-Рияд Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасын да қызу қолдап келеді. Саудия мен Дүниежүзілік ислам лигасының өкілдері елорда төріндегі бес мәрте өткен съездің барлығына қатысқаны да бұл ауқымды шараның маңыздылығын бағалағаны деп түсінген жөн. Сауд Арабиясы маусым айында бас қалада бастау алатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де атсалысуға ниет білдірген елдердің қатарында. 

Сауд Арабиясы мен Қазақстан сауда-экономикалық қатынастар саласында да сенімді серіктестер болып саналады. Тиісті көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, екіжақты сауда көлемі жыл санап артып келе жатқанын аңғарарымыз хақ. Өткен жылы бұл көрсеткіш 44,3 миллион долларды құрапты, бұл соманың басым бөлігі біздің елдің экспортына тиесілі екенін айта кетейік және бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда сау­да қатынастары бірнеше есе артқанын көрсетеді. Қазақстан араб еліне негізінен, астық, қара металл экспорттайды. Сауд Арабиясынан елімізге мотор майлары, өндірістік мақсаттағы майлар, бояулар жеткізіледі. 

Жалпы, Сауд Арабиясының біз­дің еліміздегі инфрақұрылымдық жоба­ларға қаржылық демеушілік көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәсе­лен, елордадағы Сенат ғимараты, Респуб­ликалық кардиологиялық орталық Сауд Арабиясының демеушілігімен бой көтерген. Басқа да бірқатар медициналық нысанды, облыс орталықтарындағы ірі мешіттерді, көлік жолдарын салу­ға қаражат бөлген болатын. Сауд Ара­бия­сының 2005-2015 жылдар аралығындағы Қазақстан экономикасына құйған инвес­тициясының көлемі 85 миллион доллардан асып түседі. 

Төреқұловтың табаны тиген ел

Бүгінде Қазақстан мен Сауд Ара­бия­сының арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына ширек ғасырға жуық уақыт өткен. Дегенмен, екі елді сабақтастырған тұлғалардың ерен еңбегін одан әлдеқайда ерте уақыттан тарқатсақ қателеспейміз. Бұл орайда, есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталатын заңғар тұлға – қазақтан шыққан тұңғыш дипло­мат, Кеңес Одағының атынан Сауд Ара­биясында елшілік миссия ат­қарған Нәзір Төреқұловқа тоқталмай кете алмай­мыз. Табиғаты қатал, сол тұс­тағы саяси өмірі күрделі арабтармен ара­да дип­ломатиялық қатынастарды жол­ға қоя біл­ген заңғар тұлға  1927 жылы КСРО атынан Хиджаз, Неджд және бірік­­т­і­­ріл­ген аймақтарға, яғни қа­зіргі Сауд Ара­­бия­сына елші ретінде ат­тан­ған.  

«Аузыңнан шыққан сөз аудармада өз мәнін жоғалтады» деген өзінің қағидасын берік ұстанған, орыс, өзбек, татар, түрік, неміс, француз тілдерін жетік меңгерген дипломат аз уақыттың ішінде араб тілін де меңгеріп, діни тақырыптарда пікір таластыра алатын болыпты. Терең білімді, кәсіби міндетіне адал, адами болмысы тартымды азаматқа Король мен оның отбасы ерекше құрметпен қараған. Король Әбдел-Әзиз Әл Сауд «бауырым» деп атаған екен.  Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтардың Сауд Арабиясы аталып, өзге елдермен арада алыс-беріс, барыс-келісті жолға қойғанда да Н.Төреқұлов Саудияға көп көмегін тигізген. 

Сауд Арабиясының ханзадасы Фейсал ибн Абдул Әзиздің Кеңес Одағына сапарлауы, КСРО-ның араб еліне жанар-жағармай экспорттауына жол ашқан  «Жанармай келісімшарты» жасалғаны Нәзір Төреқұлов елші болған тұста қол жеткізілген аса ірі жұмыстар саналады. «Жанармай келісімшарты» кезінде КСРО тарапы ағылшындық «Shell», америкалық «Standard Oil of California» сынды мүйізі қарағайдай компанияларды жолда қалдырған. Тарихта тұңғыш рет екі ел арасында мәдени, ғылыми байланыс орнаған. Өкінішке қарай, заңғар тұлға жазықсыз жаланың құрбаны болды. Нәзір Төре­құ­ловтың өлімінен кейін Сауд Арабиясы КСРО-мен арадағы байланысын 1990 жылға дейін үзгені мәлім. 2006 жы­лы қазақстандық дипломат Тайыр Ман­сұ­ровтың Нәзір Төреқұлов туралы зерттеу еңбегі Сауд Арабиясында араб тілінде 10 мың данамен басылып шыққан. 

Елбасы Н.Назарбаевтың ресми сапары аясында дін Исламның кіндігі саналатын елге келгеннен кейін, әрине, Мекке мен Мединеге қажылық сапар мәселесі туралы айта кеткен жөн болар. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени, рухани, гуманитарлық байланыста осы қасиетті жерге қажылық сапар жасау мәселесінің маңызы ерекше. Жыл са­йын қажылық сапарға баратын бірнеше миллион адамның ішінде 10 мыңға тарта жерлесіміз Байтоллаға бас иіп қайтатынын айта кетейік. 

Екі жыл бұрын Сауд Арабиясы Қажылық министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары өкілдерінің арасындағы келісімнің арқасында Қазақстанның бірнеше қаласынан Жиддаға тікелей әуе рейстері ашылған-ды. Бұрын Түркияның, Сауд Арабиясының әуежайларына аялдап, талай сағат сарсылып отыратын сапаршылардың қажылық парызын өтеуі осылайша әжептәуір жеңілдеді.

Бүгінгі таңда Сауд Арабиясы Король­дігінде жүздеген қазақстандық білім алуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті мен Сауд Арабиясының Коро­лі Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд атын­дағы университет арасында, Қазақ­­стан Республикасының Орталық кітап­­ха­насы мен Ислам зерттеу инсти­туты ара­сында, екі елдің басқа да меке­ме­лері­нің арасында тікелей байланыс орнаған. 

Елуден астам мемлекет лидерлерінің басын қосқан саммит барысында Сауд Арабиясы тарапы осындай тарихи мәнге ие жиынды ұйымдастыру мүмкіндігі берілгенін мәртебе санайтынын жеткізді. Эр-Рияд осы жиын арқылы Корольдіктің аймақтағы және әлемдегі ізгілікті жақтаушы ірі күшке ие екендігін паш етуге ұмтылды деу­ге болады. Осы арқылы Корольдік халықаралық әріптестерімен арадағы үнқатысуды одан әрі дамытып, тиімді байланыстардың ұзақ жылдарға созылуына үміт артып отыр. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды