Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Склярдің мәліметтеріне сүйенсек, айтулы шараны тамашалауға еліміздің өңірлерінен 1,8 млн-нан астам адам келеді деп болжанған. Елордаға темір жол көлігімен 1,1 млн-ға жуық қазақстандық келеді. Шамамен 161 мың адам әуе көлігімен, тұрақты автобус рейстерімен 350 мыңнан астам қонақ келуі тиіс. Ал жеке автокөлікпен 200 мыңға жуық кісі келмек. Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта жолаушыларды қарсы алу үшін жаңа темір жол вокзалы, әуежайдың жаңа терминалы мен екі автовокзал ашылады. Көрме қонақтарының басым бөлігі темір жолмен келеді. Сол себепті маусым айына дейін маршруттар 44-тен 58-ге дейін ұлғаяды. Ол үшін қосымша 14 жолаушылар пойызы іске қосылады. Соның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған төрт пойыз бар. Бұдан бөлек, қазіргі пойыздарға қосымша 150 вагон тіркеледі. «Осылайша, екі темір жол вокзалы күн сайын 47 мың жолаушыны қабылдай алады», деп атап өтті Роман Скляр. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесі кезінде автобустардың саны да екі есеге артатынын жеткізді. «Жалпы, Астанаға тәулік сайын шамамен 20 мың адам келеді деп күтілуде. ЭКСПО-2017 кезінде жолаушыларды үздіксіз тасымалдау үшін Астанада екі жаңа автобекет ашылады, онда тәулік сайын еліміздің өңірлерінен 400-ге дейін автобус келеді», деді Р.Скляр. Алдын ала есептеу бойынша, ЭКСПО-2017 кезінде облыстардан Астанаға автобустармен 472 мыңнан астам адам немесе тәулігіне 5 мыңнан астам мейман келуі мүмкін. Айтқандай, «Сапаржай Астана» автовокзалы ағымдағы рейстерге қызмет көрсетеді, сондықтан елорданың тұрғындары мен қонақтары үшін дағдылы бағдарлар өзгеріссіз қалмақ. Ал қосымша ашылған рейстерге жаңа автобекеттерде қызмет көрсетіледі. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Алай» автобекеті жұмыс жасай бастайды, онда солтүстік және батыс өңірлерден – Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Өскеменнен келетін қосымша ашылған рейстерге қызмет көрсетіледі. Екінші автобекет «Кең март» – оңтүстік және орталық өңірлерден, яғни Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағандыдан күніне 34 рейс қабылдайды. Қазіргі таңда автотасымалдарды ұйымдастыру жұмысын жедел реттеу мақсатында Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті мемлекеттік нөмірлері, иелері, сыйымдылығы және шығарылған жылы көрсетілген автобустар тізімін жасап жатыр екен. Р.Скляр жалпы Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде көлік кептелегі болмауы тиістігін, алайда қандай да бір қолайсыз жағдайлар болып қалып жатса, астаналықтар шыдамдылық танытуы керектігін еске салды. «Естеріңізде болса, Тұран даңғылы болмағанда бәріміз әуежайға Қабанбай батыр даңғылымен барып жүрдік. Қазір Тұран да бар, Мәңгілік Елмен де әуежайға жетуге болады. Қабанбай батырдың қозғалысы біраз жеңілденіп қалды. Сондықтан Астананың көлік кешенін дамыту шаралары ойдағыдай атқарылып жатыр деуге болады. ЭКСПО-ға дейін қала көшелері тап-тұйнақтай болуы қажет. Әрине, қалада тұрып жатқан адамдар үшін біраз қолайсыздықтар болуы әбден мүмкін. Дегенмен, одан да төзу керек. Енді оған үйге қонақ келгендей қарау қажет деп ойлаймын. Үш бөлмелі үйдің екі бөлмесіне қонақтар жайғасқанда қалай жүреміз, тура солай уақытша шыдай тұруға тура келеді. Оған түсіністікпен қарайық», деді Скляр.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»