• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2017

Ордалы оңтүстіктің олжалы жұмыстары

161 рет
көрсетілді

Ел дамуына елеулі еңбек сіңіріп, үзбей үлесін қосып келе жатқан Оңтүстіктің орны қашанда бөлек. Қара шаңырақ Қазақстанның бір уығы болып қадалған бұл өңір экономиканың да, мәдениеттің де мәйегіне ерте ауыз салған, қашанда тіршілік қазаны қайнап жататын, табиғаты да тартымды, жер көлемі кең, ажарлы аймақ деп ауыз толтырып айтамыз. Өрісті өлкенің бүгінгі ахуалынан ақпар беру үшін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Астанаға арнайы келіп, тілшілермен тілдесті.

Сөз алған Ж.Түймебаев Пре­­зи­дент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты халыққа ар­наған Жолдауы ерекше мәнге ие болып, биік мақсаттарды белгілеп бергендігін тілге тиек етіп, айқын межені бағындырып, экономиканы өркендету жолында Оңтүстік Қазақстан облысының да қосар үлесі мол болатынын ерекше атап өтті. «2016 жылдың қорытын­ды­сына көз жүгіртер болсақ, облы­сы­мыз­дың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталды. Жалпы өңір­лік өнім көлемі 1,1 пайызға артып, 2 трлн 808,4 млрд теңгені құ­рады. Облыс бірқатар салаларда көшбасшылық орындарда келеді. Атап айтқанда, респуб­ликада облыстың ауыл шаруа­шылық өнімі көлемінің үлесі 12,3 пайызды құрады. Жекелей тоқталғанда, жылыжайлар − 1 123 га, республикадағы үлесі − 80 пайыз, мақта − 286,7 мың тонна, үлесі – 100 пайыз, бақша – 1 млн 264,5 мың тонна, үлесі – 61 пайыз, жүзім − 51,4 мың тонна, үлесі − 68,5 пайыз, жеміс − 90,7 мың тонна, үлесі − 37,8 пайыз, көкөніс − 944,2 мың тонна, үлесі – 25 пайыз.  Облыс республикада мақта өсіретін жалғыз өңір болып табылады. Осы саланы дамы­ту және өңдеу мақсатында республикада бірінші болып ашылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда 10 жоба іске асырылып, 1 056 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру бағытында нақты шаралар атқарылуда. Жолдауда айтылған негізгі бағыт − кооперативтер ұйымдастыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнде облыста 40 мыңға жуық үй және фермерлік қожалықтардан біріктірілген 363 бірлік ауылша­руа­шылық кооперативтері құрылды. Ағымдағы жылы егістік көлемі 792,3 мың га-ға, интенсивті бау аума­ғы 2 630 га жеткізіледі. Қазіргі таң­да ин­тен­сивті баулардың тиім­ділі­гіне шаруалардың көздері то­лығымен жетіп отыр. Дәстүрлі баулардан гектарына 40-50 ц. өнім алынса, интенсивті баулар 500 – 600 ц-ға дейін өнім алуға мүм­кін­дік береді. Бұдан бөлек, 493 га жерге жаңғақ және алғашқы рет 50 га бадам бауларын отырғызу жоспарлануда. Жылыжайлар алаңы − 1 323 га жеткізіледі», деді өңір басшысы. Сонымен қатар, ол, 2017 жылы шағын мал бордақылау алаңдары саны 3 013 бірлікке көбейіп, 12 163, отбасылық сүт фермалары 722 бірлікке ар­тып, 1 938, шағын құс ферма­лары саны 14 бірлікке артып, 42, балық шаруашылықтары 4 бірлікке көбейіп, 31 бірлікті құрайтынын атап өтті. Баяндама барысында Ж.Түй­мебаев инвесторлармен иық ті­ресіп, ірі жобаларды іске асы­ру қолға алынып отырғанын жеткізді. «Мысалы, Қазығұрт ауданында 603 млн теңгеге құр­ғақ сүт және сары май шыға­ру зауытын салып, іске қосу жұ­мыстары жүргізілуде, оның қуаттылығы жылына 17,5 мың тоннаны құрайды. Жә­не «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күркетауық етін өндіру өнді­рісі қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға ұлғайту көзделіп отыр. Облыста алғашқы рет жібек шаруашылығы қолға алынды. Бәйдібек ауданында Жібек және бау-бақша өнімдері бірлестігі құрылып, жібек құртының азығы болып табылатын тұт ағаштары 25 га алқапқа отырғызылды. 2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476 млрд теңгені құрап, өсім 3,7 пайыз деңгейінде болады деп жос­парлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылы 445,0 млрд теңгені құраған», деді. Сонымен қатар, аймақ бас­шы­сы суармалы егістік алқа­бын­дағы атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. «Біз биыл «Шардара» су қой­масы мен «Көксарай» су рет­те­гішін қыс бойы және көктемде суға толтырдық, енді оны бір­тіндеп жіберіп отырамыз. Бірақ олардың суын нақ­ты­лы пайдалану жеткіліксіз екен. Сондай-ақ, біздегі Арыс, Ке­лес, Ақсу өзендерінің сулары да қыс бойы және көктемде тасып, төмен қарай ағып кетіп жатты. Осы орайда «Қазсушаруашылық» ұйымымен бірлесіп жұмыс тобы құрылып, осы суларды бостан-босқа жібермей, қыс бойы және көктем бойы, белгілі бір су қоймаларына, су тоғандарына жинасақ, біріншіден, біз ауыз су мәселесіне көмекші боламыз, екіншіден, егін шаруашылығына да үлкен қолдау. Мұндай тәжірибе дүние жүзінде қалыптасқан. Ол суларды тоған-тоған есебінде жинап, платиналар құрып, жинақтаған жағдайда, біріншіден, сумен қам­тамасыз етуде пайдалы болса, екін­шіден, гидроэлектр стансалар салып, электр қуа­тымен де тұр­ғындарды қамта­масыз етуге үлкен мүмкіндік туады. Осы ретте биыл біз 15-тей су тоғандарын салуды жос­парлап отырмыз», деді әкім. Елбасы Жолдауында басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге қоныс аудару туралы айтып өткен болатын. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстанның қосар үлесі орасан зор деу­ге болады. Себебі, жұмыс күші мол өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек ресурстарын қоныс аударту мақсатында об­лыс­тағы халқы тығыз орна­ласқан Мақтаарал, Сарыағаш, Шымкентте «Еңбек рыногының ұтқырлығын дамыту бизнес-форумы» мен бос жұ­мыс орындары жәрмеңкелері ұйым­­дастырылған. Оған Қос­танай, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының 60-тан астам өкілдері қатысқан. Қазіргі уақытта 2019 мүшесі бар 672 отбасы қоныс аударуға ниет білдіруде. Оның ішінде ең­бек­ке қабілетті 1008 адамның 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен айна­лы­суға, 794-і мемлекеттік кәсіп­орын­дарға жұмысқа орналасуға даяр.  Облыс басшысы өңірдің экономикасынан бөлек, мә­дени-рухани саласындағы атқарылып жатқан ауқымды шаралардан аттап өтпеді.  «Оңтүстік Қазақстанда рес­публика бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайыздан астамы орналасқан. Түркістан қаласын тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде дамыту мақсатында «Көне Түркістан» жобасы әзірленіп, ЮНЕСКО-ның ке­лі­сімімен жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы Түркістан қаласына ке­лу­шілер санын 1,5 млн адам­ға жет­кізу жоспарланып отыр. Шар­дара ауданында жаға­жай туризмін дамыту мақса­тында 500 жұмыс орнын құру және жаз мезгілінде 150 мың адамға қызмет көр­се­ту жоспарланып отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі шең­берінде облыс әкім­ді­гі өңір­лік туристік ұйымдармен бір­лесіп, көрме қонақтарына ар­нал­ған туристік маршруттар әзір­леді», деді Ж.Түймебаев.