• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Мамыр, 2017

Болашаққа бастайтын тарихи құжат

213 рет
көрсетілді

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­­қа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты ма­­қаласы шыққалы бері қоғам өмірінің әр саласында қызу талқылау жүріп жатыр. Бұл мақалада заман мен уақыттың төтесінен қоятын талап­тары мен қиын сұ­рақ­тарына, бүгінгі күн мен келешегімізге ха­лық­тың тағдыры жайлы терең ой жүгірткен, негізгі бағдарымызды айқындау мәселесіндегі басым бағыттар көрсе­тілген. Осы мақа­ланың өзімізді толғандырған тұстарына ойымызды білдіруді жөн көрдік.

Елбасы мақаласында «Мақса­тымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол −  әлемдегі ең дамыған 30 ел­дің қа­тарына қосылу», дейді. Лайым, осы бағытымыздан ауыт­­қы­майық. Әлемдік алдыңғы қа­тар­лы қауымдастық жеткен биік ме­желерден көріну үшін тек бай мемлекет болу немесе жер қой­науындағы табиғат ана­­ның сыйы – байлықтарды қазып алып сатып баю арқылы қа­тар­дан көріну аздық етеді. Бұл бір сәттік, бүгінгі күнмен өмір сүру, ұрпақтың келешегіне назар аудармау. Ұрпақ алдындағы парыз, талай сын сағат­тар кү­тіп тұрған еліміздің бола­шағы үшін қоғамды, оның әрбір аза­матының санасына сілкініс жасау болашаққа салынатын үлкен капи­тал болмақ. Ол мақсатқа же­ту жо­лындағы басты қозғаушы күш – сананың сергектігі керек. Ұйық­тап жатқан сананы ояту қажет. Осы жолда Елбасы сананың жа­­сай­тын іс-әрекеттен, алдағы бола­тын түбегейлі өзгерістерден ылғи озып жүруі назарда болуы тиістігін баса айтады. Мақалада көтерілген маңызды мәселелер әр кез Елбасының тұрақты назарында болып келсе де, рухани әлемді жаңғыртуға арналған маңызды құжат. Бұған дейін саяси және экономикалық жаңғырулардың тасасында болып келген адам мен қоғамның рухани әлемінің хал-жайы мен болашағы мақалада кеңінен сөз болады. Бұл қазақ қоғамының барлық саласында тоқтаусыз жүріп жатқан жанданыстарды толықтырып қана қоймай, олардың терең өзегі мен алтын арқауына айналды.  Иә, кезінде рухани өміріміздің деңгейін көтеруге арналған жақсы жобалар жасалынды. Мә­дениетті қолдау жылы болып белгіленген 2000 жылы өтпелі кезеңнің дауылына шыдас берген, бірақ дең­гейі босап кеткен ұлттық мәде­ниет саласындағы нысандарды қалпына келтіруге, ұлттың өнері мен мәде­ние­тінің рухани келбетінің ашыла түсуіне сәтті қадамдар жасалды. Ал 2004 жылы бастау ал­ған «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­масы аясында Қазақстан аума­­ғындағы тарихи-мәдени ескерт­­­кіштер мен нысандар жаң­ғырып, жаңа заманауи мәдени нысандар дүниеге келді. Ерекше бір белес болған 2013 жылы «Ха­­лық − тарих толқынында» бағдарламасы арқасында алыс-жақын шет елдер мұрағаттары мен мұражайларында сақталған қазақ халқының тарихына ті­келей қатысы бар құжат­тарды жинап, зерттеуге қол жеткіз­дік. Қаншама баға жетпес құнды­лықтарымыз қолымызға тиіп, ғылыми ай­налымға енді. Бұл бұған дейін зерттеуші ғалымдар наза­рынан тасада қалған сан-алуан құн­дылықтармен қауы­шуымызға мүм­кіндік берді. Ел­басының осындай алдын ала дайындықтардан кейін «Енді осы­ның бәрінен де ауқым­ды және ір­гелі жұ­мыстарды бас­­та­ғалы отырмыз. Мен еліміз мықты, әрі жау­ап­кершілігі жо­­ға­ры Біртұтас Ұлт болу үшін бола­шаққа қалай қа­дам басатынымыз жә­не бұқаралық сананы қалай өзгер­тетініміз туралы көзқа­рас­та­рымды ортаға салуды жөн көр­дім», деген сөзінен бұл мақаланың салмағын және сол тәуелсіздікпен басталған үде­рістің тоқтаусыз, тұрақты даму үстінде болғандығын көреміз.  Мақалада Елбасы ширек ға­сырлық дамуымыздың нәти­жесінде жеткен белестерімізді қо­рыта отырып, әрі қарай дамудың, ру­хани дүниеден бастауынан бұл мәселеге түбегейлі көзқараспен келгендікті көреміз. Болашаққа деп құрылатын ұлттық бағыт-бағ­дарымызды жан-жақты, те­рең­нен қарастырады. Арнайы тоқ­талып кеткен сананы жаң­ғыртудың бағыттары біздің бұған дейінгі көзқарастарымызға, жұмыс стилімізге, орындау тетік­теріне елеулі түзетулер мен қосым­ша­лар енгізеді деп білемін. Се­бебі, бәсекеге қабілеттілік, праг­матизм, ұлттық бірегей­лікті сақтау, білім­нің салтанат құруы, Қазақ­станның ре­волюциялық емес, эволю­ция­лық дамуы, Сана­ның ашық­тығы секілді бағыттардан елі мен жерінің көркеюіне белсенді атса­лысатын азаматтар үшін мол мүм­кіндіктер бар. Бәрімізді ауқым­ды жұмыстар күтіп тұр. Тек көзін тауып тың­ғылықты да тия­нақтылықпен қойылған мін­деттерді жүзеге асыру қажет. Ол үшін мемле­кеттік деңгейде жүйелі де сауат­ты ойластырылған жұмыс жос­пары, сол жоспарды жүзеге асырудағы бақылап отыратын ар­найы мекеменің тұрақты жұ­мыс істеуі қажет деп білеміз.  Ұлттық рухани құндылықты жасайтын жазушылар, клас­си­ка­лық музыка майталмандары, суретшілер және кино сала­сы­ның қайраткерлері, жалпы өнер саласының шеберлері үшін мақалада назар аударатын тұс­тарын баса көрсетеміз. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сырт­қы саясаттағы ірі бастамалары­мызбен ғана емес, мәдени жетіс­тіктерімізбен де тануы керек», деген Елбасының ойы мен бел­гіленген тапсырмаларының ұлт­тық мәдениетті дамытудағы орны, оны ұлттық бренд ретінде әлемге насихаттау ісіне жаңа серпін алары анық.  Мақаладағы нақты тапсыр­маның бірі – ұлттық өнер мен мәдениет саласындағы үздіктерді әлемге таныту. Ол үшін, алдымен төл туындыларды қазақ тілінен жетекші әлем тілдеріне сапалы аудару керек. Өте жақсы бастама. М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутында осыдан екі жыл бұрын грузин елінен келген әріп­тесіміздің еліндегі аударма орта­лығының жетістіктері мен іс-тәжірибесінің тиімділігін біліп, бізге де арнайы аударма орталығы қажеттігін айтып жүре­тінбіз. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс топтары құрылып, жұ­мыстар басталып кет­ті деп естідік. Төрт не­гізгі сала бойынша, яғни әде­биет, клас­си­калық музыка, сурет және кино туындылары ішінен үздіктерін таңдап, шет тілдеріне аударылатын болады деп күтілуде. Тек, бұл науқандық жұмыс болып қалмай, тұрақты жұмыс комиссиясының ұзақ жыл­­дарға баратын жүйелі түрде іс­­керлікпен түзілген жұ­мысы болуы керек.  Шет тіліне аударылатын көр­­кем туындылар еліміздің да­му кезеңдерін, ұлттық болмы­сымызды ашатын сүйекті туын­дылар болуы заңдылық. Ши­­­рек ғасыр – тәуелсіздік ке­зеңі дүниеге алып келген шы­ғар­малар ішінен үздіктері таң­далынуы керек. Ал қай автор, қандай шығармалар деген мә­селеде бірінші кезекте шынайы көркемдік деңгейі мен сапасына мән беріледі. Бұған дейінгі қазақ драматургиясының шет тіліне ауда­рылу сапасы мен тәжірибесіне назар салсақ, бізде аударма жасау тәжірибесі «қалып­таспаған, жоқ» деген  пікір қалыптастыратын өте өзек­ті мәселеге кезігеміз. Ол тіпті орыс тіліне аударуда да драматур­гия тілін, сахнаға қажетті тілдің тамырын дөп басып таба алмай жатуымыз. Өзге тілден қа­зақшаға жақсы аударамыз. Оны кезінде М.Әуезовтің, тағы басқа қаламгерлеріміздің Шекспир, Островский, Чехов секілді әлем, орыс драматургтерінің пьесаларын қазақша сөйлетуінің тамаша үлгілерінен білеміз. Ал өзіміздікін шет тіліне аударуда күні бүгінге дейін орны толмас олқы­лық, «әттеген-айлар» болатын. Кәсіби аудармашы мамандарымыз бар, бірақ жанр ерекшелігін шеберлікпен ашатындай жоғары деңгейде емес. Поэзияның, прозаның өзіне тән көркем тілі, ырғағы болатыны секілді, күрделі жанр драматур­гияны орысша, ағылшынша жа­тық, заманауи үлгіде аударыпты деген жаңалықты армандаумен келе­міз. Саланың сапалы аударма­шыларын дайындау арқылы, көркемдік деңгейі жоғары қазақ автор­ларының шығармалары шет ­ел оқырмандары мен көрермендеріне жете алады. Ауда­рылған шығармалар өзінің түп­нұсқадағы әдеби көркемдік құн­дылығы мен құнарлы тілдік ерек­шелігін, ұлттық болмыс-біті­мін жоғалтпауы керек. Жұмыс тобы мен сарапшылар іріктеп алған үздік шығармалар осы жыл­дың екінші жартысында бүкілхалық­тық талқылауға ұсынылады деп күтілуде. Қазақ оқырмандары әлем­­­дік мәдениеттің мұхитына қосы­­луға лайық деген қазақ авторларының шығармаларына дауыс беру арқылы іріктеп, оны әрі қарай ұлттың болмысын ашатын көркем туынды етіп қалып­тастыруда өзде­рінің белсенділігін танытады деп білемін. Елбасы мақаласында еліміздің жаңа технологияларға, жаңа әлем­дік саяси-экономикалық ахуал­ға негізделген мүлдем жаңа та­­­ри­хи кезеңге аяқ басқанын ай­­­­­та келе, Біртұтас Ұлт болу үшін қандай қасиеттерге ие болып, қандай міндеттерді еңсеру қа­­жеттігі жөнінде кеңінен ой толғаған. Заман талабына сай ке­шегі мен бүгінгіні орнымен бай­­ланыстырып, ұлттың рухани кодына арқа сүйеу керектігі көр­сетіледі. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл ағамыздың жа­қын­да «Егемен Қазақстан» газе­тінде жарияланған «Ұлттық дәс­түр − тарих жазған Ата Заң» атты мақаласында «Ұлт­тық код деге­німіз не?» деген сұрақ қоя отырып, «ол – ең алдымен, ана тілі, содан кейін өнер мен мәдениет, салт-дәстүр, ата-баба ұстанған дін. Бұлар жинақтала келіп ұлт­тық мінез бен ұлттық қасиетті қалып­тастырады», дей­­ді. Рухани құндылықтарды қа­лыптастыруда баршамыз үшін қас­терлі салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз, дінімізді құрметтеп, заманға сай дамыту арқылы қазақтың қазақ екендігін әлемге танытуға болатынын Елбасы мақаласы орнымен, тиянақты етіп көрсетіп берген.   Ұлттық құндылықтарымызды сақтау арқылы  ана тілімізге құр­мет, ұлттың жаңғыруы, жас­тарымызды дұрыс тәрбиелеу, дінімізді қадірлей білу тәрізді мәселелермен қатар, қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің өзекті тұстарының бәрінде бүгінгі күннің маңызды проблемаларын сөз етеді. Бұл орайда мамандар көршілес елдердің тәжірибесін зерттеудің қажеттілігін алға тарта отырып жұмыс істеу орнымен болмақ. Түрік, әзербайжан, түрікмен, өзбек ағайындардың салған жолындағы жетістіктері мен кемшін тұстарын  ескере отырып шешу көп түйінді мәселені жеңілдетпек.  Сонымен қатар, жаңа әліпбиге көшпес бұрын қазақ тілінің заңдылықтарын ес­керу, нақты істерді қолға алу, тиімді әдістемелерге мән беру, түркі әлемімен тұтас болудың алғаш­қы қадамын жасау жайына назар аударды. Біртұтас Ұлт болу мәселесі де бізді көптен толғандырып келеді. Ұлттық бірлік пен бірегейлікті сақтауда қазақтың мүддесін бірінші шепке шығаруды тұрақты назарда ұстап, өзгелерге осы идеяны түсіндіріп беруде кемшін тұстарымыз бар.   Қазақ халқы негізгі мемлекет құратын халық бола тұрып, әліге дейін ұлт, диаспора, этнос деген әлемдік қауымдастық заң жүзінде мойындаған халық­аралық терминологияны орны­мен қолдана алмай келеміз. Осындай халықаралық кеңістікте қалып­тасқан құқықтық терминдер, заңдар, нормативті құжаттарды халықтың назарын аудара отырып, біз өзімізге тиесілі заңды атау­ларды сауатты түрде дәлелдей оты­­рып, өзгеге жалтақтамай ер­кін қолданысқа енгізуіміз керек. Біртұтас Ұлт болу мәселесі рес­публикада әркім өз орнын, мәртебесін анықтағаннан кейін толыққанды түрде жүзеге аспақ. Заман ұсынған озық ой-идеялармен, алдыңғы қатардағы технологиялармен қарулана отырып, ұлттық тамырдан бойға біт­кен өзіндік келбетімізді ұстап қалуымыз қажет. Бәрін тез қа­был­дауға қабілетті қазақ үшін ұлттық болмысты сақтау жолында адам санасын улайтын, теріс көзқарастағы  кейбір ағымдар мен идеологияның таралымын шектеу мәселесі өткір тұр. Осыған орай тарихшы ғалымның қазақ ұлтының хал-жайын вирусқа қарсы қояр қалқаны жоқ интернетке қосылған компьютермен теңегені маған бейнелі әрі нақтылы мысал болып көрінді. Бірақ, бізде бәрі жақ­сы, көршілерімізге қарағанда барлық салада анағұрлым алдамыз деп тоқмейілсу, қазіргі, ертеңгі күнгі қоғам өміріне төне­тін қауіпті сезінбеу, келер ұрпақ алдындағы жауапсыздық та жоқ емес. Оны біз қоғамға қауіп төн­діріп, тіпті ушығып кеткен діни ағымдардың белсенді әре­кетінен, әртүрлі жастағы қоғам мүшелерінің өз-өзіне қол салуынан, өзге елдің ұстанымдарының қазақстандықтардың санасында тұрақты пікір қалыптастыруынан, т.б. мысалдардан көреміз. Бұл келтірілген мысалдар жаһандану дәуірінің барлық қоғамға таңатын көрінісі десек те, Елбасы айтқан рухани құндылықтарымызды жаңғырту арқылы болашаққа бағдарды анықтап, сенімді нық қадам жасауға болады. Басталған екен ұлы көш, жүрісіне сәттілік тілеп, жүзеге асуына бәріміз бір кісідей атсалысайық.  Ойымызды қорыта келгенде, Елбасы кез келген жаңғыру­дың ең алдымен, ұлттық болмыс­қа, дәстүрдің замана сынынан сү­рінбей өткен озығына не­гіз­делуін қадап айтты. Бұл өзгерістерге үрке қарап, тек қана өткенді жырлай беруден, жаңаның бәрін қисық деп тауып, кертартпалықтан ада болуды талап етеді. Әлемнің алдың­ғы қатарлы дамыған 30 елінің тобында көрінуге бағыт ұстаған тәуелсіз Қазақ елінің алдына қойған мақсаты айқын. Олай болса, кеңестік дәуірдегі тоқырау кезеңінің үлгісімен сөз қуып, есеп беруге құмар науқаншылдықты емес, нақтылы істермен, қажымас қайрат-күш жігермен бастаған жұмысымыздың нәтижесі үшін жұмыс жасайық. Бәріне уақыт – сыншы, келешек көрсетер десек те, ұлттың рухани жаңғыруы жаңа серпілістің, биік белестерді бағындырудың, асқаралы шың­дарға көтерілудің іргетасы Елбасы Н.Назарбаевтың осы мақаласында көтерген ойларымен, қадап айтқан тапсырмаларымен берік қаланғаны анық. Бұл – Ұлы Дала төсінде сан түрлі қиындықтарды басынан өткізген тәуелсіз Қазақ елі мен халқының санасын оятатын  болашаққа бағытталған көш. Бүгінгі заман талап еткен биіктен көріне отырып, болашаққа бастайтын тарихи құжат.

Аманкелді МҰҚАН, өнертану кандидаты, театртанушы,  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі